Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР 200-ГЕ ЖУЫҚ БАЛАҒА ҚУАНЫШ ҚОРЖЫНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР 200-ГЕ ЖУЫҚ БАЛАҒА ҚУАНЫШ ҚОРЖЫНДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Daismedia.kz

Бүгін 1 мамыр Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар 200-ге жуық балаға арнайы қоржындар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.
Қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында өткен жиынға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенова және балалар мен ата-аналары қатысты.
Игі шарада қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы құттықтау тілегін арнап, жылы лебізін білдірді.
—Бала жүрегі ана деп, ана жүрегі бала деп соғады. Қазақ қашанда баланы болашағым деп біліп, тәрбиесіне аса мән берген. Ұлтымыздың мәңгі өмір сүруі де балаларымызға байланысты. Бүгінгі балаларды қорғау күнінің де еліміздегі бала құқығының әрқашан бірінші орында қорғалатынын көрсетеді, — деген қала әкімінің орынбасары бүлдіршіндерге қала басшысының мерекелік қоржынын табыстап, құттықтауын жеткізді.
Мерекелік жиын барысында бүлдіршіндерге арнайы дайындалған сахналық қойылым қойып, театр өнерпаздары ертегі ұсынды.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Элмира Бейсенованың сөзінше, шаһарда жалпы 1600 ерекше қажеттілігі бар бала тұрады.
— Балаларға әлеуметтік көмектің барлық түрі көрсетіледі. Одан бөлек, ай сайын “Мейірімді жүрек” акциясы ұйымдастырылып, балалардың қоғаммен байланысуын қамтамасыз ету шаралары жүйелі өткізіледі, — дейді бөлім басшысы.
Бүгін халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні барлық ата-ана кішкентай балақайларға ерекше көңіл бөледі. Ауыл-аймақ, қалаларда осы күнге арналған түрлі концерттер ұйымдастырылып, тіпті кейбір компаниялар немесе орталықтар аталған күні балаларға арнап арнайы сый дайындайды. Балалар күнін өткізу жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданады. Ал Халықаралық балаларды қорғау күні алғаш рет 1950 жылы атап өткізілді. Шын мәнінде балалардың әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуы, соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру барлығы кез келген адамның міндетіне кіру керек. Бұдан бөлек, әлем халықтары 20 қарашада Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусымда Африкада балаларды қорғау күнін мерекелейді. Ал біздің елімізде балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Ендеше барлық балаларды төл мерекелерімен құттықтаймыз. Болашақ ұрпақ әрқашан бейбітшілікте өмір сүруіне және елін, жерін қорғайтын азаматтар болып өсуіне тілектеспіз!

You may also like

Leave a Comment