1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Сарыағаш қаласының орталық саябағында «Бақытты балалық үшін » мерекелік іс-шарасы өтті.
Мерекелік іс-шараға аудан басшысы Арман Абдуллаев арнайы қатысып,балаларды мерекесімен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде,»Жаздың бірінші күніне дәл келетін балаларды қорғау күні – халықаралық мерекелердің бірі, оны бүкіл әлемде атап өтеді. Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке.
Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор.
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Иә, қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.
Біздің болашағымыз – сендерсіңдер! Сондықтан да, Сендер, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, еліміздің одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңді қосуларың керек.
Сендердің оқуда озат болуларыңа, жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың ашық болсын! Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар! Әрқашан жүздеріңнен күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпесін»- деп атап өтті.
Кең көлемді іс-шарада бүлдіршіндер ән айтып, би билеп, түрлі байқаулар мен ойындарға қатысты. Балалар үшін түрлі-түсті мереке болды,мереке соңында көңілді балалар музыкасына түрлі-түсті борлармен асфальтқа сурет салды. Жеткіншектердің жайдары көңіл -күйлері мен әдемі қойылымдары мерекенің ажарын кіргізіп, көрермендер мен бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.