Home Жаңалықтар КҮЙ АТАСЫ- ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 170 ЖЫЛ

КҮЙ АТАСЫ- ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 170 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Қазанғап Тілепбергенұлы (1854 – 1921) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Шежіресі Шежіре дерегі бойынша, Ұлы жүз Ақарыстан тараған ұрпақтың бірі — Кейкі би, одан Төбей туған. Төбейден Майқы, Қоғам, Мекіре, Құйылдар деген төрт ұл туады. Осылардың Қоғамынан Қаңлы мен Шанышқылы туған. Шанышқылыдан Қорбақа, Дарқан, Қырықсадақ, Бектау деген төрт ұл туады. Осылардың ішіндегі Қырықсадақтан Қазанғаптың аталары өрбіген. Өмірбаяны, туып-өскен жері — Арал көлінің жағасы, Құланды түбегінің Ақбауыр деген жері. Топырақ бұйырған жері — сол Ақбауыр маңы, Айшуақ ауылының іргесі. Шыққан тегі — Ұлы жүз құрамындағы байырғы тайпалардың бірі — Шанышқылы.

Кіші жүздің Ресейге бодан болуы, ел ішіндегі әлеуметтік-саяси құрылымға ертерек өзгеріс енгізіп, бұрынғы ру аралық пәтуә-бірлік шырқының ертерек бұзылуына себепші болды. Әрідегі Сырым батыр, онан соң Исатай мен Махамбет бастаған жойқын көтерілістер, берідегі Бекет батыр бастаған көтеріліс Қазанғаптың жөргектен құлағына сіңісті болған, қала берді, көзі көрген заманалық тауқымет айғағы болатын.

Бойы өсіп, бұғанасы қатып үлгермей-ақ Қазанғаптың маңдайына қойшылық өмір бұйырған. Қой соңында өткізген он жылда ол домбыраны жан серігі етіп, өзінің сезім-түйсігін күй тілінде сыртқа шығаруды машық етеді. Содан, оң-солын тани бастағанда күйге біржола өмірін арнамақ болып, әке- шешесінен рұқсат алады. Доңызтау-Аққолқада — Төреш, Бесқалада — Орынбай, Құрманияз, Орынборда — Үсен төре сияқты әйгілі домбырашылармен кездеседі. Арал алабын, Үстірт, Маңғыстау аймағын, Ақтөбе, Ырғыз, Қостанай, Троицк, Орынбор төңірегін шарлап, ел ішіндегі күй сарындарын көкірегіне армансыз сіңіреді. Небір додалы күй сайыстарына түсіп, өнерін шыңдайды. Мұның бәрі Қазанғап бойындағы тегеурінді дарынның жарқырай көрінуіне, шабыт тұғыры болуына себепші болады.

Қазанғап қарақалпақтар ортасында болған кезінде Балжан деген қызбен көңіл жарастырып, бас құрауға уәде байласады. Алайда жоқ-жітік тірлік кешкен қарт әке-шешенің жағдайымен Қазанғап уәделі уақытта Балжанға келе алмайды. Кейін тағдыр айдап, тұрмысқа шыққан Балжанға ұшырасады. Сонда Балжан: «Қазанғап аға, тағдырдың бұйрығы осылай болды. Менде жазық жоқ, сағынышты серік етіп, уәделі мерзімді екі еселеп күтіп-ақ едім. Кінә өзіңізден, енді арамызда өкпе мен өкініш қалмасын. Уәдеде тұра алмаған айып-шамыңызға өмір бойы маған күй арнап өтіңіз!» — деп, ашық мінезбен ағынан жарылады. Қазанғап адалдық пен сұлулық айғағындай болған Балжан аруды өмір бойы күй арқауы, шабыт түғыры етіп өткен. Қазанғап шығарған күйлердің ішінде Балжанға арналған күйлер циклы қазақ күй өнерінің ең бір шуақты шоғырына жатады.

Қазанғап — эпикалық күйші. Оның күйлері қазақтың өткеніне де, бүгініне де, болашағына да терең бойлайды. Қазанғап күйлері халық тарихының артта қалған алмағайып кезеңі туралы «Ноғайлы босқыны» деп, он алтыншы жылғы патша жарлығын жарадай сезіне отырып, «Жұртта қалған», «Окоп» деп күңіренеді. Қазан төңкерісінен кейінгі ел өмірінің түбірлі өзгерістерін ұлы көшке теңеп, «Қызыл керуен» деп күй төгеді. Ал «Майда қоңыр», «Учитель», «Өтті-ау дүние», «Көкіл» сияқты күйлері өмірдің мәні мен сөні туралы, бүгін мен болашақтың қамы туралы таусыла толғанады.

Ұлы күйші көп жылдарға дейін зерттелмей келді. Шындығын айтқанда, кешегі кеңес дәуірінде зерттетпеді. Қазанғаптың күйлерінен астар іздестірілді. Қазақ музыкасын профессионалдық тұрғыдан зерттеп, бір ізге түсірген, ұлттық өнерімізге еңбек сіңірген академик Ахмет Жұбанов 1940-жылдары Қазанғапты жарыққа шығармақ болған. Кітап та жазады. Алайда, Ахаңның үстінен “шаш ал десе, бас алатын” біреулер арыз жазып, кедергі келтірген көрінеді.

Қазанғаптың атын ататпай, күйлерін жарыққа шығармайтындай басты себептердің бірі – күйшінің отарлық езгіге қарсы болып, халықтың мұңын мұңдауы, жоғын жоқтауы. Патша өкіметі қазақ даласында отарлау саясатын жүргізбек болғанда, Жем-Сағыз өзені, Мұғалжар тауы, Ұлы Борсық құмы бойынан көтерілгендердің арасында Ерназар мен Бекет батырлар бар еді. Қос батыр түрмеге қамалғанда, күйші жүрегі қан жылайды. Көкіректе жиналған запыранды домбыра арқылы шығарады. “Қос қыран”, “Бекеттің жыр күйі” атты күйлерді батырлардың ерліктеріне арнайды. Елдегі аласапыран жағдайға, қос ұлдың қамауға алынғанына ағайын мұңайып, зар илегенде, “Шырылдатпа”, “Жіберсейші”, “Ерназар, Бекеттің зары” күйлерін шығарады.

Дегенмен, қайраткер Ахмет Жұбанов қайтпас қажырлылық танытып, қазақ музыкасының антологиясына ұлы күйшінің есімін енгізді. Күйшінің есімі онсыз да белгілі-тін. Елдегілер жасыруға келмейтін Қазанғаптың күйлерін орындап жүрді. Ал, А.Жұбанов ұлы күйшінің күйлерін жинастырып, нотаға түсіргеннен кейін ашық насихатталып, халық арасына тарай бастады. Сондай-ақ күйші туралы мәлімет 1975 жылы жарық көрген «Қазақ Совет энциклопедиясына» жазылды. Сол энциклопедияның 6-томында: “Қазанқап (Қазанғап) Тілепбергенұлы 1854 жылы қазіргі Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған, 1921 жылы сонда жерленген. Қазақтың халық күйшісі, композитор. Жасынан ән-күйге құмар болған. Тұңғыш күйі – “Торы ат” деп жазылған. Энциклопедияда атап көрсетілген күйшінің тырнақалды “Торы ат” күйі “Торы аттың кекіл қапайы” деп те аталады. Бұл туындыны өзінің алғашқы ұстазы Шүйт Орынбайға тартып беріп сынатып, батасын алған екен. Кейінірек ұстазына арнап “Орынбай Ақжелең” күйін шығарады.

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл” деген, Қазанғаптың шәкірті аз болмаған. Олар – Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Кәдіралы Ержанов, Нұрқат Қосуақұлы, Медеубай Бақтыбергенұлы және басқа көптеген домбырашылар. Сондай шәкірттерінің бірі – Жәлекеш Айпақов. А.Жұбанов Қазанғаптың күйлерін зерттеп жүріп, 1965 жылдары Шалқарда Жәлекешті кездестіреді. Оның шеберлігіне тәнті болған Жұбанов Алматыға алдырып, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестріне домбырашы етіп қабылдайды. Барлық жағдайын жасайды. Оның себебі бар. 1904 жылы туған Жәлекеш Қазанғаптың көзін көрген, әкесі қоңсылас қонған. Ж.Айпақовтың орындауындағы Қазанғаптың 13 күйі Қазақ радиосында 1975 жылға дейін беріліп келді. Қазанғап күйлерін алғашқы насихаттаушылар ретінде Жәлекеш Айпақовқа «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі» атағы берілген.

Ахмет Жұбанов Кәдіралы Ержанов орындаған Қазанғаптың күйлерін магнитофон таспасына жазып алған. Мол мұраны сол күйінде жеткізген еңбегін бағалаған академик Кәдіралыға консерватория есебінен өмірлік стипендия тағайындаған. К.Ержанов 1885 жылы туған, яғни Қазанғапты көзімен көріп, күйшінің өзі орындаған күйлерді құлағымен тыңдап, жүрегімен қабылдаған шебер домбырашы болды. Ахаң бастап берген соқпақ жалғасын тапты.

1978 жылдың маусымында Қазақ Ұлттық ғылым академиясының экспедициясы Шалқар ауданында болды. Экспедицияның басында академияның корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Бек Сүлейменов және ұлттық фольклордың, жалпы мәдениетіміз бен өнеріміздің нағыз жанашыры Мардан Байділдаев болды. Ел аралап, күйші туралы деректер жинады. Осы сапарда күйшінің қызы Ақілгекті жолықтырып, бірқатар мәліметтерге қанығады. Қазанғаптың 75 жастағы шәкірті Шүрен Сартовпен кездесіп, бірнеше күйді таспаға жазып алады. Экспедицияның жемісті еңбегінің нәтижесінде Қазанғаптың бейіті анықталды. 1921 жылы Қазанғап қайтыс болғанда ағайын-туыспен бірге Кәдіралы, Балмағанбет және басқа шәкірттері басын қарайтып, бейітін тұрғызады. Бірақ, қиын уақытта тұрғызылғандықтан болар, кейініректе жермен-жексен болады. Дегенмен, 1994 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогика институтының ректоры Мұхтар Арынның басшылық етуімен Қазанғаптың 140 жылдығы атап өтілді. Ақтөбе қаласында екі күн бойы ғылыми конференция, күй сайысы өткізілді. Той Шалқар ауданында жалғасып, күйші жерленген Ақбауыр құмындағы бейіті жаңартылды.

Қазанғаптың күйшілік болмысына ден қойғанда, оны да XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының рухани әлемінде көрініс тапқан антиутопиялық ағымның, кертолғау сарынының, зар заман тақырыбының аса дарынды өкілі деп таныған жөн.

You may also like

Leave a Comment