Home Мәдениет ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ АҢЫЗ ӘНШІСІ ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВҚА 125 ЖЫЛ

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ АҢЫЗ ӘНШІСІ ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВҚА 125 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық артисі, композитор, жоғары тынысты тенор әнші, педагог Ғарифолла Құрманғалиевтың ту­ға­нына – биыл 125 жыл.

Қазақ даласына есімі ерте белгілі болған әнші Ғ.Құрманғалиев – Мұхит әндерін жеткізуші және бірден-бір орындаушысы ретінде өз сүрлеуін салып, сол жіңішке соқпақты даңғыл жолға айналдыра алған дәстүрлі өнердегі сойы бөлек саңлақ. Ғарифолла Құрманғалиев – қазақ ән өнерінің ірі тұлғасы, тамаша домбырашы, жарқылдаған терме мен желдірменің қайталанбас орындаушысы. Батыс Қазақстанның вокалдық-аспаптық дәстүрлерінің бірден-бір сақтаушысы мен ізін жалғаушы.

Ғарифолла Құрманғалиев халықтың өз арасынан шыққан, дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлдерінен сабақ алған, өзі де аса айырықша дауысының арқасында даңққа бөленген ғажайып әнші. Халық өнерін батыстың классикалық шығармаларымен де байланыстыра алған дарын иесі.
1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды.

1967 жылдан бастап Республикалық өнер және цирк студиясында сабақ берді. Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады.

Сондай-ақ, кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты кыз» т. б. халық әндері жұртшылық көңілінен берік орын алды. Ол орындаушылық өнерімен катар, өзі де көптеген әндер («Ақ Жайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем», «Аққу», «Сүйемін туған өлкемді») шығарды.

ХХ ғасырдағы қазақ операсының көрнекті әртісі түрлі бейнелердің бірқатар галереясын жасаған. Оның ішінде «Қыз Жібектегі» Шеге, «Ер Тарғындағы» Сақан батыр мен жырау, «Жалбырдағы» Елемес, «Дударайдағы» молда мен Долды, «Біржан – Сарадағы» Естай, «Абайдағы» Нарымбет, «Даисидағы» Тито, «Нарғыздағы» Латиф және тағы басқа рөлдері Ғарифолланың шарықтаған дауыс диапазонын көрсететін кең тынысты драмалық бейнелер. Ол 1966 жылға дейін Опера және балет театрының әншісі болды. Шетелдік сапарларға жиі шықты. Шетелдік тыңдармандар Ғарифолланың дауысының бірегейлігіне және қайталанбас орындаушылық мақамына тамсанып, оның дауысын үнтаспаға жазып алған екен. Бірде бірегей құбылысқа сүйсінген италиялықтар Ғарифолла Құрманғалиевтің көмейінің көшірме бейнесін жасауды ұйғарады. Бұл көшірме қазір Генуя мұражайында сақтаулы. Ол ұшы-қиырсыз даланың кеңдігімен ғана өлшенетін аңызға айналған дауысымен Ресей, Қытай, Пәкістан, Иран, Германия жұртын да бір тыңдағаннан баурап алған.

Қазақтың қара өлеңі мен жыр-термесінің бү­гінгі күнге жетуіне өзіндік ұшан-теңіз үлесін қос­қан, ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп сақ­­­талып келе жатқан рухани қазынамыз дәс­түр­лі әншілік-жыршылық үрдісті жалғастырған алтын көпір – Ғарифолла Құрманғалиевтың му­зыкалық фольклор шежіресінде атқарған қа­жырлы еңбегі осы уақытқа дейін арнайы зерттеу ны­санасына ілікпей қағыс қалды. Көбіне-көп ән­ші ретінде ғана таниды. Фольклор тари­хын­да­ғы орны ғылымда әлі ескерусіз, осы қыры те­рең зерделенуі керек-ақ.
Өнертанушы Владимир Мессман «Га­ри­фулла – сал» деген зерттеу еңбегінде: «Га­ри­фулла сал известен и как этнограф», – деп жа­зады (Қараңыз: Мессман В. Гарифулла-сал. // Вечерняя Алма-Ата. 27.07.1970 г.).
Ғарифолла Құрманғалиев этнография сала­сы­ның арнайы маманы болмаса да оның жұр­тымыздың тұрмыс-ғұрпы, шежіресі, фи­ло­со­фия­лық ойлары, тұжырымдары т.б. бейнеленген ән-жырымызды ел ішінен жинап, олардың кем-кетігін түзеп, толықтырып, жүйелеп, фо­но­те­калық қорға тапсыруы, ноталарға түсіртуі, сон­дай-ақ сахнада насихаттауы, білім саласында шә­кірттеріне үйретуі – этнографқа тән іс-әре­кеттермен ұштасқан еді. Олай болса, В. Мес­сман­ның: «Гарифулла сал известен и как этнограф», – дегені әділ сөз.

70-жылдары Қазақ радиосының «Балалық шақ­қа саяхат» атты тұрақты жүргізіліп тұрған бағ­дарламасына қатысқан бір сәтінде Ғарифолла ата Құрманғалиев: «Репертуарымдағы жетік мең­герген әндерім 300-400, ал шала білетінім 500-дей (қайталап пысықтауды қажет ететін) деген екен.

«Бабалар сөзі» сериясымен жарыққа шыққан жи­нақтардың бірінде түзілген мына сөздер де – Ғарифолла Құрманғалиевтың этнограф яғни, фо­льклор жинаушысы екенін дәлелдейтін нақты айғақ, онда былай делінген: «Батыс Қазақстан об­­­лысының қырық халық әні. Орталық мұра­ғат­тың жеке қорында көк түсті 20 беттік оқушы дәп­теріне әнші Ғ.Құрманғалиевтің айтуынан жа­зылған (ҚР ОМА, Ғарифолла Құрманғалиевтің же­ке қоры: №1700, №1 тізбе, №6 іс, 10 парақ. Сбор­ник 40 народных песен Западно-Казах­стан­ской области / Сборник нот казахских народных песен. Рукопись на казахском языке. Сообщил: Заслуженный артист Казахской ССР Гарифулла Кур­мангалиев. г.Алма-Ата. 3 октября 1947 г.) қол­жазба жинағы сақталған. Онда әншінің жеке орын­дауындағы, әсіресе Батыс Қазақстан айма­ғына тән «Өзен бойы», «Сағындым, … жер», «Ал, Айнам», «Үміт сазы», «Білек», «Жұбай», «Шынар», «Қарға», «Бала жұбату», «Салауат», «Қайран да, хал­қым, жерім-ай», «Қайлаулай», «Әдемі-ай», «Ром­тай», «Угай», «Қоныспай», «Әлібек», «Арал­бай», «Көкжар», «Қожай», «Қоштасу», «Алпамыс», «Қа­лилау» сынды қырық жыр-термелердің, ха­лық әндерінің нотасы мен мәтіндері жазылған (ас­тын сыздық.-Б.К.). Мәтіндер қазіргі қазақ әр­пінде көк қалам сиямен жазылып, бәріне та­қырып қойылып, жеке-жеке нөмірленген…»

Ғарифолла Құрманғалиев: «Мен бала кезден құмарландым әнге. Ағаларым – Ха­мидолла, Ғұбайдолла мені сандықтың үстіне шығарып мақтап-мақтап ән салғызады. Кейде өздері әдепсіздеу өлеңдерді де үйретіп қояды, оны да айтқызып қыран-топан күлкіге бататын… Қа­ратөбе жақта Әбуғалидың Құмары, Сағым­қожа, Сартай, Жарылқаған, Нұрмақан деген жыр­шылар болды. Халық соларды тамаша­лай­тын той-топырда, олардың жырын, әуен-саз­да­рын босағада тыңдап отырып-ақ қағып ала­тын­мын», – деп еске түсіретін-ді өнердегі алғашқы қа­дамы турасында. Осы дерегінен әнге ғана емес, жыр айтуға жастайынан талаптанғанын аңдауға бо­лады.
Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архи­ві­нен Ақпан ақын туындысының, «Құламерген» қис­сасының, Бала Ораз (ХІХ ғ. екінші жартысы) ай­тыстарының табылуы, сондай-ақ репер­туа­ры­на Махамбеттің (1804-1846), Аралбайдың (1854-1914), Сартайдың (1862-1922), Өмірдің (1887-1924), Құмардың, Сағымқожаның тағы басқа да эпик ақындардың терме-толғауларының мо­лы­нан енуі – әншінің жыршылық қырын танытады.
Есімдері аталған осы жыршы-ақындардың түр­лі нұсқадағы әуездерінің бүгінгі күнге жо­ғал­май жетіп, сақталып қалуында да Ғарифолла ата Құрманғалиевтың атқарған еңбегі – орасан. Ұл­­­тымыздың мәдени генеофондына ол табыс­та­ған сол жыр саздарының үлгілері – батыс өл­кедегі жыршылық мектепті қайта түлетіп, жан­дандыруға нұсқа-жол, берік ұстын бола ала­тыны еш күмәнсіз ақиқат.

«Театрдағы алғашқы ар­тистер ішіндегі жастауы едім. Сәкен Сей­фул­лин, Мұхтар Әуезов, Темірбек Жүргенов сияқты үл­кен кісілер бос уақыттарында бір жерге қы­дырса мені де ерте жүретін. Барған үйлерінде кар­та ойнайды, онан қалды әңгіме-дүкен құра­тын. Маған ән салғызады арасында. Сондайда Тем-ағаң: «Әй, Ғарифолла, «Қыз Жібекті айт-
шы», – дейтін. Бастай жөнелем. «Жо-о-оқ, анау­сын айт, анаусын», – дейді. «Анаусын айт» деп отыр­ғаны «Қыз Жібектің» бұрмаланған анайы­лау шағын варианты бар-ды. Бұрынғы жыршы­лар сөздерін әдейі өзгерткен білем, күлкі туды­рып, көңіл көтеру үшін. Енді соған көшем. Жа­рық­тық, Темірбектер әйда кеп күледі. Төрден есік­ке шейін домалап қалатын ішектері қатып», – дейтін.
Әншінің осы дерегі жыршылық дәстүрді ұстанғанын куәландырып тұр. Әрі ака­демик Ахмет Жұбановтың: «Репертуарының не­гізі Мұхит әндерімен қатар «Қыз Жібек», Бала Ораз ақынның айтыстарын айтып жүрді», – де­ген мәліметі де ойымыздың негізін айғақтайды.

Жыршылығы кезінде Ғарифолланың сөздік қорының молаюына, халық поэзиясындағы көркемдік соқпақтарды игеріп, бейнелеу өрнектерін ұғынуына, көне мұралардағы айшықтардың әсерін сезініп, бойына дарытып фольклорымыздың нәзік тұс­тарын, ұңғыл-шұңғылын біліп өсуіне, атақ-абы­рой дәрежесінің көтерілуіне көп жағдай жаса­ғаны даусыз еді.
Оның жанынан шығарған «Сағыну», «Сүйген жар», «Өнерпаз», «Ақ Жайық» т.б. ән-термелерінің ел арасына кеңінен тарағаны мәлім. Ол ірі ақын бол­маса да өзі жете меңгерген поэзиялық фольк­лорымыздың бай, құнарлы тілінің өрнектерімен ішкі күйініш-сүйініш сырларын шебер ай­шықтай білген. Әншінің қай шығармасында да ауыз әдебиеті үлгісінің көзге ұрып тұруы содан.

Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан-сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш етті. Оның Отандық мәдениетке сіңірген орасан зор еңбегі әлденеше мәрте мемлекеттік марапаттармен бағаланды.

Шоқтығы биік дарынның артына қалдырған мол мұрасы, басқа да қырлары байсалдылықпен, терең зердемен, жан-жақты дайындықпен, ізденіспен байыптауды қажет етеді.

You may also like

Leave a Comment