Home Жаңалықтар ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰЛҒА-ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ

ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰЛҒА-ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 130 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл тарихи тұлғаның туғанына 130 жыл толып отыр. Тұрарды дәріптейтін жыл. Олай болса, қайраткерді жан-жақты зерттеп, жастарға таныту бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру бәріміздің міндетімізге айналуға тиіс.

«Ел үшін туар ер озар» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал етуде. Бар өмірін ашық аспан астында ұрпақтарының еркін өмір сүруі жолына арнаған ұлы тұлғалардың есімдері мәңгілік сақталары хақ. Қазақ халқының осындай елін сүйген ер ұлдарының бірі де бірегейі – Тұрар Рысқұлов.

Ол алғашқылардың бірі болып біртұтас түркі республикасын құру идеясын алға тартты.  XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресейдің отаршылдық саясатына қарулы қақтығыстар азайып, ұлт зиялылары ағартушылыққа зейін қойған уақыт еді. Қазақ зиялы қауымы мерзімді баспасөз бен әдебиетті тарату арқылы халықты білімге шақырды. Көбі Ресей мен Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарында оқыды. Дәл осы әрекеттер мемлекеттің тәуелсіз ұлт болуып қалыптасуына жасалған алғашқы қадамдар еді.  Қазақ ұлттық интеллигенциясы ұлттың мәдени ғана емес, саяси атрибуты ретінде ана тілінің тағдырына әрқашан қамқорлық көрсетті. 

Қайраткердің ұлттық экономиканың, өнеркәсіптің, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың, т.б. әлеуметтік-саяси маңызы бар өндірістік салалардың дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Тұрар Рысқұлов 1894 жылғы 26 желтоқсанда Жетісу облысы Верный уезінің Шығыс-Талғар (қазіргі Алматы облысының Талғар ауданы) болысында малшы отбасында дүниеге келген.

1907-1910 жылдары Тұрар Меркедегі орыс-қазақ бастауыш мектебінде, 1910 жылы Тұрар Рысқұлов Пішпек қаласындағы І-дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Ал 1914 жылғы қазан айында аталмыш оқу орнын бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдайды. Тұрар Рысқұлов өзіңіз білімпаздығының арқасында көзге түсіп, Самара қаласындағы орта дәрежелі ауыл шаруашылығы училищесіне түсу үшін арнайы жолдама алады. Дегенмен, аталмыш оқу орнының директоры өзіндік бір себептермен оқуға қабылдамай қояды.
1914-1916 жылдары Тұрар Меркеде және Ташкент түбіндегі далада жұмыс жасайды.

1915 жылы Тұрар Рысқұлов Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясына құжаттарын тапсырса да, қабылданбайды. Қайсар бала осындай әділетсіздікке көз жұма қарай алмайды да, сол кездегі Оқу министрлігіне арыз жазады. Тек осындай бірбеткейлігінің арқасында арнайы рұқсатпен емтихан тапсырып, оқуға қабылданады.

Тұрар Рысқұловтың еңбек жолы студенттің шағынан бастау алады. Ешкімі жоқ жас бала оқуымен қатар, Ташкент қаласының жанында орналасқан Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып жұмыс атқарады.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жас интеллигенттердің саяси сауаттануының мектебі болды және олардың алдағы тағдырын көп жағынан айқындап берді. Аталған жылдың күзінде Тұрар Рысқұлов Ташкенттегі мұғалімдер институтына түседі.
1916 жылдың жазында ол Әулиеата оязында отаршылдыққа қарсы қарулы көтерілісті ұйымдастырады. Қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталады. Сол кезде Тұрар Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезінде орналасқан Меркі ауылына жол жүреді. Ащы ызаға толы халық пен әскердің қарулы қақтығыстары шарықтай түскен шағына тап болады.
Орталық Азия халықтарының ұлт-азаттық көтерілісінің қатысушысы ретінде тұтқындалды. 1917 жылы Меркеде «Бұхара» қоғамын (қазақ жастарының революциялық одағы) ұйымдастырды.

1917 жылғы революция кезінде патшаның тақтан құлағаны жөнінде хабар алған сәттен бастап, Т.Рысқұлов Ташкенттегі оқуды тастайды, сөйтіп, Әулиеата оязындағы Мерке ауданына келеді, онда ол жергілікті кулактардың «1916 жылғы көтеріліс кезінде орыс тұрғындарына зиян келтірді» деген желеумен, соның орнын толтыру мақсатында, жергілікті халықтан аса мол контрибуция төлету жөніндегі жоспарын бұзады. Тұрар Рысқұловтың өзі 1917 жылдың қазан айы қарсаңында қазақ зиялыларын сипаттай отырып, былай деп жазды: «Революцияға дейін қазақ зиялылары арасында екі ағым қалыптасты. Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауымның бір бөлігі кадет партиясымен бірге болды. Ал екінші бөлігі-мұсылмандардың панисламдық ағымдарына».Ол өзін социалистік революция идеяларын қабылдаған және оларды шығыста белсенді жүзеге асырған мұсылман зиялыларының өкілдеріне жатқызды. Еркіндік пен тәуелсіздік үшін жан-жақты күрес жүргізу мақсатында 1917 жылдың басында Әулиеатада Тұрар «Қазақ жастарының революциялық одағын» ұйымдастырды.
 
 Тұрар Рысқұлов 1918 жылдары өзінің жақтастарымен бірге «Түрік Социалистик Республикасын» құру бойынша жоспар әзірледі. 
Ол Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Өзінің қоғамдық қызметінің әу басынан көшпелі ауылдың жағдайын жақсартумен айналысты.
Осы жылы 21 сәуірде Әулиеата қаласында Тұрар Рысқұловтың ұйымдастыруымен қазақтардың жиыны өткізіледі. Аталмыш жиынның басты мақсаты – уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау болып табылады. Аталмыш жиынның шешімімен Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і осы өңірдегі халықтық өкілдерден сайланды. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласы жанында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды.

Тұрар Рысқұлов 1918 жылғы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланады. Қызмет барысында Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисі ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн. сом салық төлейді. Ал қыркүйек айында Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Аталмыш комиссариаттың мақсаты – өңірдегі денсаулық жүйесін қамтамасыз етумен қатар, аштықпен күресу болып табылды. Дегенмен, аталмыш комисариаттың әл-аухаты мен бар күш-қуаты сол кезде орын алған аштықпен күресуге мүлдем қауқарсыз болды. Осы себепті, Тұрар Рысқұлов елді жайлаған аштықпен жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында тұрлі комиссариаттардың өкілдерінен тұратын арнайы ұйым құру қажеттігі туралы бастама көтереді.
Қазанда Кеңестердің VI съезінде Т.Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің құрамына кіреді, онан кейін ол Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады. Кейінірек Түркістан Республикасы ОАК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады.
Қараша айының 28-жұлдызында Тұрар Рысқұлов талап еткен ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Ол аталмыш комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Ерекше комиссия өзінің жұмыс барысында Түркістан автономиялық республикасының 19 уездері мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты.

1919 жылғы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің VІІ-съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланды.
Осы жылы наурыз айының 14-31 жұлдыздарында Ташкент қаласында Түркістан КП-ның ІІ конференциясы өтеді. Аталмыш конференцияда ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданады. Осыған орай Тұрар Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыру мақсатымен ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрады.

Шілде айында Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездерінде орын алған саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайында ақпарат алу мақсатында арнайы комиссия тағайындайды да, жібереді. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен аталмыш комиссия Әулиеата атқару комитетінің мүшелерінің жұмыс сапасына көңілдері толмай, қатаң сынмен қатар, комитеттің таратылғаны туралы хабарлайды. Осыдан кейін аталмыш комитеттің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылады. Ол Түркістанды мекен еткен түркі тілдес халықтың бірегей басшысы болады. 1920 жылы Түркістан Компартиясы ОК-нің мүшесі және Түркістан АКСР ОАК Төрағасы болып сайланады.

1920 жылғы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен жылдары Орталық атқару комитеті Түркістанның тарихи жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналады. Сондай-ақ, сол өңірдегі халықтың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне ие болады. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов Түркістан Республиканың Конституциясына сай әрекет ету арқылы орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізеді.

Тұрар Рысқұловтың Түркістан Республикасының егемендігі жолындағы қажырлы күресі – тарих беттерінде мәңгі сақталатын ерлік бейнесі. Ол Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыру, саяси-экономикалық, әскери және мәдени мәселелерге қатысты еркіндікке, егемендікке қолжеткізу, халықтың құқығы мен мүддесінің қорғалуы жолында бар күш-жігерін жұмсады.

Тұрар Рысқұлов Түркістан коммунистік партиясының мұсылман бюросының төрағасы (1919), Денсаулық сақтау халық комиссары және  ТАССР ОСК төрағасы (1919-1920), Бакуде шығыс халықтары съезінің делегаты (1920), Төралқа мүшесі және «шығыстағы іс-қимыл Кеңесі» съезінде сайлаған органның мүшесі болды. Содан кейін Әзірбайжан Республикасындағы РСФСР Ұлттар істері жөніндегі Халық Комиссариатының өкілі (1921), РСФСР Халық комиссарының орынбасары (1921-1922), Түркістан АССР Халық Комиссарларының төрағасы (1922-1924), Моңғол Халық Республикасындағы Коминтерннің уәкілетті өкілі (1924-1925), РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының орынбасары (1926-1937). РКП ОК мүшелігіне Кандидат (1923-1924).

1923 жылғы маусымда Сталин ұлттық республикалар мен облыстардың басшы кадрларының IV жиналысында «пантюркизм» саясатын жүргізуде және Татарстаннан келген көрнекті революционер-қайраткер Сұлтанғалиевті қолдағаны үшін де Сталиннің ұлттық мәселе бойынша саясатына ашық қарсы болды деген айыптар тағылды. Рысқұлов керісінше Сталиннің өзі Сұлтанғалиевті мадақтап, оны революцияға берілген коммунист деп атады, енді саяси конъюнктураға басқаша пікір білдірді деп сынға алды.

1924 жылғы 4 ақпан айында РКП(б) ОК шешіміне сәйкес Тұрар Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке алынып, Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті уәкіл болады. Өкілетті уәкіл лауазымында Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіреді. Мәселен, Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты, сондай-ақ, Моңғолия астанасының атын Уланбатор деп қоюды ұсынды.

1926 жылғы наурызда Тұрар Рысқұлов Қазақстанға оралады да, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің Баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ал 19 сәуірде Қазақ өлкелік БКП (б) комитеті қаулысына сай «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы лауазымында жұмыс істейді. 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш лауазыммен қатар, Тұрар Рысқұлов Түрксіб темір жолын салу жөніндегі үкімет комиссиясының төрағасы болады. Осы қызметте жүріп, 6 жылда аяқталуы тиіс Түрксіб темір жолының 3 жылда толығымен пайдалануға тапсырылуын қамтамасыз етеді.

Түрлі лауазым атқарған Тұрар Рысқұлов кәсіби қазақ жұмысшылардың санын арттыруға, қазақ жастарының Ресейлік және шетелдік оқу орындарында тәлім алуға баса көңіл бөледі.

Тұрар Рысқұлов Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шыққан болатын. Сондай-ақ, ол кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.Сталинге нақты ұсыныстар жасады.

Тұрар Рысқұлов — Қазақ өлкелік комитеті БКП(б) баспасөз бөлімінің меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы, 1926-1937 жылдары мақта жөніндегі тұрақты мәжіліс төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде Сталиндік жаппай қуғын-сүргін кезеңінде Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп айыпталып, 1938 жылы 10 ақпанда атылды. «Мемориал» қорына берілген Ресей ФСБ мәліметтері бойынша, «Коммунарка» деп аталатын НКВД арнайы объектісінде жерленгендер тізімінде Рысқұловты жерлеу туралы мәліметтер бар. 

Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Жалғыз ұлы Ескендір де түрмеде қайтыс болған. Тұрар Рысқұловтың бірінші әйелі Татьяна Колосовскаядан Александр (Ескендір), екінші әйелі Надежда Пушкаревадан София есімді қызы бар. Үшінші әйелі Әзиза Түбекқызынан Майя деген қызы дүниеге келген. Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.

Қазіргі кезде Жамбыл облысының бір ауданына Рысқұлов есімі берілген. Тараз қаласында Рысқұлов есімімен аталатын демалыс паркі бар, онда Рысқұловқа ескерткіш қойылған Алматы қаласындағы Басқару академиясына Рысқұлов есімі берілген.

Көрнекті қазақ жазушысы, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» (1-2-кітабы), «Жұлдызды көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» атты роман хамсасында Рысқұлов келбеті сомдалған.

Тұрар Рысқұлов Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Моңғолия республикаларының экономикалық қайта құрылуына үлкен үлес қосты: оның бастамасы бойынша Қазақстанда Түркістан-Сібір темір жолы салынды, қуатты индустриялық орталықтар – Қарағанды көмір өндіру және металлургия кешендері, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі пайда болды. Қазақстан мен Орталық Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар құрылды. Сонымен қатар Моңғолия астанасының атауын да ұсынған Рысқұлов болатын. Оны америкалық тарихшы «Моңғолия астанасы» атты жинағында растайды. 

Қоғамдық-саяси жұмыстармен қатар теориялық зерттеулермен де айналысты. Ол Қазақстанның советтік кезеңінің тарихшыларының бірі, талантты журналист ретінде танымал болды.

2011 жылдың 11 тамызында Мәскеуде Рысқұловқа (Покровский б-р, 14) тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылды.
Әдебиетте Рысқұловтың көркем бейнесін Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» атты романдар сериясында сомдады. 

Тұрар Рысқұлов ол ұлт қайраткері, 3 млн қазақ халқын ашаршылықтан құтқарып қалған бірден бір саяси тұлға. Азық-түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы белсенділігі оның қайраткерлігін айқындай түседі. Ол Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде еңбегі еленген тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, келешек ұрпаққа Тұрар Рысқұловтай қайраткердің өмірі мен еңбек жолын насихаттау біздің парызымыз.

You may also like

Leave a Comment