Home Мәдениет СЫРЛЫ ӘЛЕМ САҢЛАҒЫ ОРАЛ ТАҢСЫҚБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

СЫРЛЫ ӘЛЕМ САҢЛАҒЫ ОРАЛ ТАҢСЫҚБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Әйгілі суретші Орал Таңсықбаев құрдасы, қадірлесі Ә. Қастеев екеуінің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Бір заманда өмір сүріп, бір салада тер төккен қос тума талант әр кездері араласып-құраласып жатқан туысқан екі республиканың Суретшілер одағы басқармаларын басқарды, тыңнан жол іздеп, талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың атында музей, оқу орындары, көшелер бар. Ал соңында қалған мұрасы еліміздің және өзге елдердің музейлерінде, жеке коллекцияларында сақтаулы. Шын мәнінде, Орталық Азияның атын әлемге танытқан қос график суретшінің, ұлт бейнелеу өнерінің басында тұрған кескіндемешілердің сіңірген тарихи еңбегі ұшан-теңіз. Тіріні, соның ішінде адам баласын бейнелеуге қатысты діни наным мен қасаң пікірдің өзін өзгерту үшін қаншалықты қайрат-жігер жұмсауы керек болды. Олар осы жолда бойындағы таланты мен жиған-терген білімін аямай, жаңашыл бейнелеу өнері мектебінің негізін қалады.
Өзбек Гогені атанған қазақ суретшісі. Орал Таңсықбаев Өзбекстанның бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі. Ол өзінің сүйікті қаласы Ташкентте дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін сол жерде өткізген. Суретші классика, халық өнері, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеген. Қылқалам шеберінің еңбектері көптеген халықаралық көрмелерде орын тапқан. Сондай-ақ Орал Таңсықбаев «Қалқаман-Мамыр» атты қазақтың алғашқы балетіне арнап, костюм үлгілерін салғанын да ерекше атап кету керек.

Орал Таңсықбаев 1904 жылы дүниеге келген. Ол әкесі істеген зауыт жұмысшыларының тынымсыз ауыр тіршілігін көзбен көріп өсті. Кейін ер жеткен соң өзі де қара жұмысқа жегіліп, өмір мектебінен өтті. Алғашқы этюдтерін, суреттерін осы шақта сала бастайды. Ол басында Ташкент музейі жанындағы көркемсурет студиясына (1924-1928), 1929 жылы Пенза көркемсурет училищесін бітірді. Ұстазы — суретші Н. Розанов. Ол атақты И.Репин мен Н.Петровтың шәкірті еді. Бұл болашақ суретшінің кәсіби шеберлікті мықтап меңгеруіне жол ашты.

О.Таңсықбаевтың алғашқы творчестволық кезеңіндегі еңбектеріне («Көш», 1931, Мәскеудегі Шығыс халықтары өнерінің мұражайы) композиция құрылымының монументтілігі тән. 1940 жылдары О.Таңсықбаев шығармаларының көркемдік шешімінде реалистік нақтылық басты орын ала бастады. «Туған өлке» (1951, Ташкент, Өзбек КСР өнерінің мұражайы), «Қарақұм ГРЭС-індегі таң» (1957, Мәскеудегі Шығыс халықтары өнерінің мұражайы), «Шарбақ құрылысында» (Мәскеудегі КСРО Суретшілер одағының қорында) атты пейзаждық картиналарында кеңестік Өзбекстанның әсем табиғаты мен өлке тынысын шынайылықпен бейнеледі. О.Таңсықбаев театр декорация эскиздерінің (В.В.Великановтың «Қалқаман-Мамыры», 1938, Алматыдағы Қазақтың опера және балет театры), монументті кескіндемелердің (Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі Өзбек КСР павильонының панносы, 1952-54) және көптеген портреттердің авторы.

О. Таңсықбаев реалистік кескіндеменің негізін қалаған тұңғыш кәсіби суретші. Оның шығармаларының өзектілігі шыншылдығында жатыр. Пейзаждық жанрдағы шығармалары лирикалық сезімге толы, табиғат оның түсінігінде өте ауқымды және шексіз ұғым. .

Оралдың тұңғыш елеулі жұмысы — “Өзбек портреті». Мұны өнертанушылар жас суретшінің шығармашылық кредосы деп есептейді. Суретте досы А.Тәшкенбаев бейнеленген. Басына қара жиекті қызыл тақия, үстіне сары жолақты алқызыл шапан киіп, белбау таққан оның қоңырқай жүзі, кең маңдайы, шырақтай жанған жанары бірден есте қалады. Сол қолындағы шәйнек пен оң қолымен ұсынған пияладағы көк шәйі Ташкенттің дәстүрлі қонақжайлығын, досқа сый-құрметті аңғартқандай. Ал тандыр нан мен жүзім бояу түсімен астасып, сезімді, көңіл-күйді жеткізіп тұрғандай әсер береді. Иә, бұл — Орал Таңсықбаев қылқаламынан туған әлемдік деңгейдегі қайталанбас өнер туындысы.

Совет кезеңінде шынайы шығармашыл адамға өз орнын табу қалай қиын болса, О.Таңсықбаевқа сурет әлемінде топ жару оңайға түспеді. Талап пен өнер мүддесі көкейкесті тақырыпқа маңайлата бермеді. Кейде шартты декоративизмге бой алдыруға тура келсе де, кескіндеме саласындағы идеялық-бейнелік мазмұннан алыстамады. Тар заманның сыны мен сынағына төтеп бере білген Орал Таңсықбаев 30-жылдардың ортасында пейзажға көңіл бөле бастайды. 50-жылдардың ортасында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріндегі тылсым табиғат көріністерін, жер-жерде қайталанбас ортаның ерекшеліктерін кескіндеме тілімен баяндалады.
Суретші қоғамнан тыс өмір сүре алмайтыны белгілі. Соғыс тақырыбына арнаған жұмыстарында да шындық менмұндалап тұрды.

Орал Таңсықбаевтың негізгі еңбектері пейзаж жанрында жазылған. Өзбек жерінде туған қазақ баласы көк жайлауды, әсем табиғатты суреттеген. Ол классика, халықтық өнер, батыс еуропалық авангард үлгілерімен жұмыс істеген. Қылқалам шебері тарихи отаны Қазақстанға да бірнеше рет келіп еңбек еткен. Мәселен, 1938 жылы Алматыдағы опера және балет театрында қойылған «Қалқаман-Мамыр» атты алғашқы қазақ балетіне арнап костюмдердің үлгілерін салған.
Ол Алматыға арнайы шақырылды. Оған Абай атындағы опера және балет театры ұлтымыздың тұңғыш балеті — “Қалқаман-Мамырды” көркемдік жағынан безендіру сеніп тапсырылды. Халық эпосының мазмұнына сай жасаған костюмдері мен декорация эскиздерінде ғасырлар бойы сақталған қазақтың асыл мұрасы заманға лайықталып шығармашылықпен игерілді. Бұл — алғашқы тәжірибе еді. Сахна шымылдығындағы ұлттың жаужүрек жігіттері мен ару қыздарының бейнесі көрерменге ерекше әсер етті. Ол жаңа өнердің ежелгі халық дәстүрінен бастау алатынын ұқтырды.

Орал Таңсықбаев көне шығыс халқында кең тараған ғашықтық дастан желісімен “Ләйлі мен Мәжнүн” триптихын салды. Қос ғашықтың ортасына батыр әрі сенімді жауынгер Науфалдың суретін бейнелеп, сенімді, бекзаттықты, достықты асқақтата алды.
Оралдың маңызды туындыларының бірі — “Сырдария” картинасы. Орталық Азияның күре тамырындай өзеннің понорамасы, оның жағалауындағы егіс алқабы, қалың орман-тоғай, бұралаңды кеңістік назарды алыстағы тау баурайына аударып, ақыр соңында көкпен ұласып кетеді. Пейзажда адамдар көрінбесе де тіршілік тынысы көзге ұрып тұр. Ал кісілер сұлбасын қиялыңмен қалай елестеткеніңді өзің де білмей қаласың.
1956 жылы ол Орталық Азияны жедел индустрияландырудағы гигант жоба — Қайраққұм ГЭС-і құрылысына барады. Сырдарияны бөгеген соң, көп шақырымға созылатын үлкен Қайраққұм теңізі пайда болды. Осы пейзажды салуда ол суретшілік қабілетін сарқа жұмсады. Судың көк түсіне кереғар қоңыр белдеулер, қоңырқошқыл құм мен қайрақ іспетті сұрқай тастар — бәрі қаз қалпында көз алдыңа келеді. Мөлтілдеген су беті күн нұрымен шағылысып, кеңістікті ұлғайтып жатқандай. Қырда жұмыс істеп жатқан эксковатор, тосқынға жақындаған кран арқылы құрылыстың жүріп жатқанын сездіреді. Рауандаған таңдағы таза ауаны нағыз суретші ғана бейнелей алатынына көзіңіз жетеді.
Осы картина 1957 жылы Бүкілодақтық көркемөнер көрмесінде ең үздік пейэаж деп танылады. Қазан төңкерісінің 40 жылдығына арналған бүкілодақтық көрмеде және Брюссельдегі Дүниежүзілік көрмеде күміс медальге ие болды.

Ол — Өзбек ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1954 жылы СССР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1958 жылы толық мүшесі болды. 1957 жылы Бүкілодақ Суретшілері бірінші сьезінде СССР Суретшілер Одағы басқармасы мен секретариаты құрамына сайланған. Бұл бұрын-соңғы тарихымызда болмаған жағдай еді. Талантына еңбексүйгіштігі мен кішіпейілдігі жарасқан Орал Таңсықбаевты қазақ ұлтынан басқа өзбек, кавказ халықтарының өкілдері де мақтан тұтқан. Совет елінің түкпір түкпірінен іздеп келген замандас әріптестері оны қазақ-өзбек достығының дәнекеріндей көрді, жаңа еңбектеріне куә болды.

Орал Таңсықбаев пен Елизавета Яковлевна 42 жасында отау құрған. Балалары жоқ екен. Даңқты суретші 1974 жылы Нүкіс қаласында өзінің көрмесін ашуға барғанда денсаулығы сыр беріп, қайтыс болған. Өзбекстанның бейнелеу өнері мектебін қайта құрған тұлғалардың бірі Орал Тасқынбаев тұрған үйдің музейге айналуына әйелі Елизавета Яковлевна бастамашы болыпты.
Қазақтан шыққан қылқалам шеберінің бүгінде көршілес бауырлас, Өзбестан елінде мұражайы бар. Бұл жер, оның туып өскен туған үйі. Орал Таңсықбаевтың жұбайы Елизавета есімді орыс азаматшасы болған. Мұражайда олардың жұбайы екеуінің портреті қалған.
Совет өнері тарихында Орал Таңсықбаев монументальдық, реалистік, лиро-эпостық образдардың авторы, тақырыптық пейзаждық картиналар салған суретші ретінде қалды.

Ташкентке табаны тиген қазақтың тәу етіп, тағзым жасар қасиетті екі орны бар. Бірі – төбе биіміз Төле бидің кесенесі, екіншісі – әлемге әйгілі суретшіміз Орал Таңсықбаевтың музей-үйі.

Суретшінің 120 жылдық мерейтойы лайықты өтуі үшін кезінде қолдан қолға өтіп кеткен мұрасын түгендеп, көрмелерін ұйымдастыру, елге таныстыру орынды деп ойлаймыз. Өйткені, қалың көпшілік Орал Таңсықбаевтың, оның өмірі мен шығармашылығынан хабарсыз екені жасырын емес. Сондықтан, өнертанушылар бірегей тұлғаны тыңғылықты зерттеуді қолға алса әлі де кеш емес.

Өкініштісі, даңқты қылқалам шеберін қазіргі жастардың дені біле бермейді. Сондықтан насихат жұмыстарын барынша жандандырған жөн. Қазақта Орал Таңсықбаевтай атағы алты құрлыққа жайылған саңлақ суретші саусақпен саналарлық. Ұлы өнер иесін ұлықтау алдымен ұлтымызға, ұрпағымызға керек.

You may also like

Leave a Comment