Тарихта халқымыздың біртұтас ел болып, мемлекеттігін сақтап қалуы үшін күрескен тұлғалардың бірі — Әйтеке би Бәйбекұлы.
Кеңес заманында қазақтың мемлекеттігі туралы да, тарихымыздағы көрнекті тұлғалардың бірі Әйтеке би туралы да айтылмады. Сөйтіп, оның аты ұмытыла да жаздады.
Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана халық жадындағы Әйтеке би есімі жаңғырып, қызметі, тарихтағы орны туралы айтылып, бүгінгі ұрпақ тарапынан оған лайықты құрмет көрсетіле бастады. 1993 жылдың 24-25 маусым күндері ҚР Үкіметінің шешімімен Ақтөбе қаласында, сондай-ақ Қарабұтақ ауданында Әйтеке биді еске алу күндері өтті.
1997 жылдың маусымында бұрынғы Комсомол, Қарабұтақ аудандары біріктіріліп, пайда болған жаңа ауданға Әйтеке бидің есімі берілді. Астанада, Алматыда, еліміздің көптеген өңірлеріндегі басқа да елді мекендерде Әйтеке би атын иемденген көшелер бар. 2008 жылы Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратының алдына Әйтеке би ескерткіші қойылды.
Мемлекет қайраткері, кемеңгер ойшыл, «үш жүздің еш баласын жат көрмейтін» (Қожаберген жырау) даңқты би Әйтеке Бәйбекұлының есімі осылайша ортамызға оралып, біржола орныққан еді.
Әйтеке бидің туған, қайтқан жылдарына келетін болсақ, өмірінің 30 жылын ұлы бидің деректерін зерттеуге арнаған, ол жайлы жазған дилогиялық романында марқұм Мұхадес Есламғалиұлы: «Өткен ғасырдың 80 жылдары Нұратаға барғанымда жергілікті ақсақалдар 1950 жылдарға дейін сақталған құлпытаста 1644 жылы 23 наурызда дүниеге келген деген жазуды көретін едік деп айтатын» дейді. Ал өлген жылы туралы да Әбіш ағаның пікіріне тағы да келісуге тиіспіз. Қожаберген жыраудың бізге жеткен «Елім-ай» дастанында:
– Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажалы жетті.
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой» деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті, – дейді.
Бұл өлеңде Әйтеке бидің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» бұрын қайтыс болғаны аңғарылады. Бұдан байқайтынымыз, Әйтеке би 1644 жылы туып, Қожаберген жырау айтқандай 56 жасында өмірден өтсе, қайтыс болған жылы 1700 жылға сәйкес келеді. Бұған тағы бір дәлел, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың зиялы қауымының бастамасымен және қолдауымен Әйтеке бидің қабірі қазылып алынып, оның бас сүйегі Ресейдегі Герасимов атындағы лабораторияға жіберіледі. Соның қорытындысымен Әйтеке бидің 1644 жылы туып, 1700 жылы, шынында да «Алқакөл сұламадан» бұрын 56 жасында дүние салғаны анықталды.
Зерттеуші-ғалым Мұхадес Есламғалиұлының Әйтеке би жөніндегі екі романнан тұратын дилогиясында да мынандай тұжырым келтіріледі: «Әйтеке бидің арғы атасы – Сейітқұл, оның баласы – Жалаңтөс баһадүр, олардың арғы жағында Ораз – бұлардың бәрі текті адамдар. Хан тұқымымен терезесі тең, өз ұсыныстарын өткір өткізе білетін кезеңде өмір сүрген. Хан әулеті Әйтеке бидің ұлы бабаларымен де үзеңгілес болған. Тағы бір себеп Тәуке хан болған кезді, қазақ елінің «Алтын ғасыры» деп айтып жүрген заманында Әйтеке бимен Тәуке замандас, құрдас болған. Тәуке Есімханның немересі болса, оның азан шақырып қойған аты – Таутеке. Ал Жалаңтөстің де өзінің немере інісіне Таутекеге ұйқастырып Айтеке деп ат қойған» деп тұжырым жасайды. Шынында да солай болуы керек. Өйткені Айтеке, Таутеке аттары да сәйкес, жастары да қатар болған. Сол Айтеке 25 жасында 25 рулы елдің бас биі болса, Тәукені хан сайлаған кезде, Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың, бүкіл Алшындардың бас биі болып, 25 руға төрт Шөмекейді қосып 29 рудың атынан тас тастап үлкен үлес қосқаны тарихи құжат-деректермен дәлелденіп отыр.
Тәукені хан сайлағаннан кейін Әйтекенің ұсынысымен хан тағының жанында «Билер кеңесі» құрылған. Хан кез келген шешімін «Билер кеңесі» мақұлдағаннан кейін ғана халыққа жариялауды ұсынған да Әйтеке бабамыз болған.
Ж.Мұратбаев пен Ө.Қойшиев сынды зерттеушілердің пікірі бойынша Әйтеке би 1700 жылы қазан айында қайтыс болған. Осыдан келіп 1644 жыл оның туған жылы болып көрсетіледі. «Әйтеке би» деген кітабында осы пікірді жазушы Н.Әбуталиев те келтіреді. Осыған сүйенсек, биыл Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толғалы отыр.
Әйтеке би Самарқан мен Бұқардың аралығында Қызбибі тауының етегінде, көктем кезінде дүниеге келген деседі.Ал бейіті — қазіргі Өзбекстанның Науай облысы Нұрата ауданындағы Сейітқұл қорымында.Осы қорымда Әйтеке бидің аталары — Ораз, Тоғжан,Ақша мен әкесі Байбектің бейіттері де бар.
Әйтеке би Бәйбекұлы 1644 жылы (қазіргі Өзбекстан аумағына қарасты) Қызылша деген жерде текті әулетте дүниеге келді. Ол Кіші Жүздің тайпалар одағынан Әлім, оның ішінде Төртқара руынан шыққан. Оның ру шежіресінде қазақ тарихындағы атақты тимуридттер мемлекетінің негізін қалап, Самарқанды өзінің астанасы еткен Әмір Темірдің ең жақын кеңесшілерінің бірі Ораз би (1299–1385 жж.), Қоқан ханы Ақша (1622-1635 жж.), Самарқанды басқарған Жалаңтөс (1576-1656 жж.) қатарлы адамдар болды.
Әйтеке би жастайынан Жалаңтөс баһадүр басқарған Самарқанның бұқар хандары сарайларында тәрбиеленді. Ол Ұлықбек медресесінен, одан кейін Самарқандағы «Шер-дор» (кейбір дерекөздерде Бұқарада) білім алды. Осылайша ол тарихи тағдыр тәлейіне орай талғампаз аристократтық ортада ержетіп қана қойған жоқ, тимуридттер сарайының маңызды шешімдеріне куә бола жүріп, сол кездегі медреселерде білім берудегі міндетті пәндер болып саналатын мұсылмандық құқық, логика, тарих, астрономия, математика мен риторика салаларынан жоғарғы білім де алды. Ол араб, парсы және шағатай тілдерін жетік түрде игерді. Осылардың барлығынан бұрын ол өз бойына көшпелі қазақ қоғамының құндылықтары мен мәдени дәстүрлерін сіңіре білді. Әйтеке бидің өмірлік ұстанымы – отаншылдық, өзіндік еркін ой мен өз халқына жанкешті қызмет ету болды.
Ол 25 жасында-ақ өзбектер мен қарақалпақтардың бір бөлігі мен Кіші жүздің бас биі болып сайланды.
Қазақтар тайпалардың ортақ істері жөніндегі маңызды мәселелерді талқылау және қазақ мемлекеттілігін орнықтыру үшін Ордабасы, Күлтөбе мен Ұлытауда жүйелі түрде жиналыстар өткізіп тұрған. Бұл жиындарға барлық рулардың сұлтандары, беделді билер, жыраулар мен батырлар шақырылды. Олар сол кездегі қазақ қоғамының өмірі жайлы шешімдер қабылдады.
Тәуке хан тұсында халық арасында: «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөз айтылған. Әйтеке би Тәуке ханның Хандық Кеңесіне Кіші Жүздің бас биі ретінде тартылды. Тәуке хан сол кездегі Төле би, Қаздауысты Қазбек би, Әйтке билер қатарлы жеті ірі биге орталықтандырылған қазақ хандығының құқықтық негізі – «Жеті Жарғыны» дайындауды тапсырды. Ол Тәуке ханның Хан Кеңесінде кеңесшілік қызметпен ғана шектелген жоқ, жоңғарларға қарсы жорықтарға тікелей қатысты. Оның жоңғарлардың Сайрам қаласына шабуылын тойтаруға қатысқаны белгілі.
1683 жылы ол өзі Кіші Жүздің әскери жасағын басқара отырып, бес мың әскерімен жоңғар әскербасы Ғалдан-Бошақтыға қарсы соғыста жеңіске жетті. Әйтеке би өзінің Хан Кеңесінде сөйлеген әйгілі сөздерінде қылыштың жүзіндей өткірлік қағидатын ұстанды. Көптеген айғақтарға қарағанда оның сөздері «қара қылды қақ жарып», руластары арасындағы небір даулы мәселелерді шешуге көмектесіп, дұрыс мемлекеттік шешімдерді болжай білді. Алайда билікке құмартқан сұлтандар арасындағы тартыстар, руластар арасындағы ұдайы егестер мен жоңғар шапқыншылығының қайғылы салдарлары дарынды саяси қайраткер Әйтеке би тағдырында да өшпес із қалдырды. Өз халқының құлдыққа түскенін көргісі келмеген Әйтеке би Құдайдан жедел өлімді тілейді. Ол Хан Кеңесін тастап, Нұрата маңындағы өзінің туған жеріне жетеді. 1700 жылы үш бидің ішіндегі ең кішісі 56 жасында қайтыс болды.
Қазақтың аса көрнекті биі Әйтеке «Жеті жарғы» (Тәуке ханның «Жеті жарғысы») авторларының бірі. Көшпелі қазақтың құқықтық дәстүрінде өзекті қоғамдық сұраныстарға орай, құқықтық қатынастарды реттеудің бірнеше түрі болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан іргесін аулақ салғаннан кейін, қазақ хандығын жариялауы, Жошы мен Шағатай мемлекеттерінің ыдырауы нәтижесінде өзін-өзі құқықтық қамтамасыз етуді талап етуші жаңа саяси-құқықтық кеңістік пайда болған еді. Шыңғыс ханның бұрынғы «Ясасы» («Жасау ізі») жаңа мемлекеттіліктің пайда болуына сәйкес қайта жасалуы қажет болды. Сонымен бұл міндетті қазақтың аса көрнекті ханы Әз-Жәнібек ханның ұлы Қасым хан жүзеге асырды. Нақ Қасым хан ғана рулық байланыстарға қарағанда бірлікті нығайтудың жоғары деңгейін қалыптастыруға ықпал жасайтын, қоғамның моральдық-этикалық және әлеуметтік-құқықтық ережелерін өмірге бейімдеп жасады. Ол өзінің алдына нақты реттелген тәртібі және тұрмыс салтымен ерекшеленетін, сыртқы шекаралары мен көшу бағыттары қатаң анықталған, мемлекеттік қазына мен сот билігіне міндетті салықтар, табиғи апаттар мен соғыс бола қалған жағдайдағы халықты жұмылдыру тетіктері қалыптасқан көшпелі өркениетті мемлекетті құруды мақсат етіп, жүзеге асырды да.
Қасым хан жасаған заңдар жинағын халық «Қасым салған қасқа жол» деген атаумен нақты да дәл атаған. Бұл заңдар жинағы негізгі бес бөлімнен тұрады:
1. Мүлік заңы. Оған жер, мал және мүлік жайлы дауларды шешу жөніндегі ережелер кірді.
2. Қылмыстық заң. Мұнда әртүрлі қылмыстар және оның жазалаулары қарастырылды.
3. Соғыс заңы. Онда ел-жұрттың соғыс кездеріндегі әскер жасақтаудағы міндеттері, әскери борыш, бөлімшелерді құру қағидаттары, соғыс олжаларын бөлу туралы айтылады.
4. Елшілік ғұрып. Бұл бөлімде халықаралық құқық мәселесі, елшілік әдебі кіреді.
5. Жұртшылық заңы. Бұл бөлім қауымдық және қауымаралық өзара көмек міндеттеріне, сонымен қатар салтанатты мерекелер өткізу мен сарай этикеті ережелеріне арналған. Сипатталған саяси жүйе түрақты болмай шықты және жоғарғы билеушінің жеке беделімен сақталып тұрды. Бұл XVI ғасырдағы оқиғалардың үштен екісінде, әрбір ұлыстың сұлтаны өзін хан етіп жариялағысы келген кездері ашық көрініс берді. Бұл қазақ тарихында халықтық дәстүр мен халық даналығы негізінде жасалған алғашқы заң еді. Артынша Есім хан, ханның атымен аталған «Есім ханның ескі жолы» атты жаңа құқықтың кодексті жетілдіруді ұсынды. Нәтижесінде Қазақ мемлекетінің саяси жүйесі түбегейлі түрде қайта құрылды. Оның мәні, жабық элита – төре шыңғыс тұқымдарының басымдығы, ашық элита – көшпелі-қазақ үшін билер мен старшындар басымдылығымен алмасуында болды. Бұл жүйе Шыңғысханның ұрпақтар билігінің саяси құқығын шектеп, қауым мен оның басшыларының құқығын кеңейткен өзінше «билер төңкерісі» болды. Жаңа жүйе мал шаруашылығымен айналысуына орай, шариғат заңдарына қарағанда әдет ережелері өте қолайлы болғандықтан халық арасында зор қолдауға ие болды. Бұл жүйе хандық билікті әжептеуір тежеді және мемлекетті басқаруға халық бұқарасының басым бөлігін тартты.
Есім ханның құқықтық актісінде ханның, бидің және батырлардың өкілеттілігі, сондай-ақ олардың өзара міндеттері мен құқықтары анықталды, негізінде хан ақсүйектерді шектеп, билерге (дала соттарына) сүйенгендіктен анығында бұл «Билер төңкерісі» болатын. Бұрынғысынша жоғарғы заң билігі Мәслихатта қалды. Оның құрамына қазақ қауымының барлық өкілдері және кейбір ықпалды сұлтандар кірді. Мәслихат жылына бір рет Ордабасы, Күлтөбе мен Ұлытауда жиналды.
Саяси жүйеде хан рөлінің әлсіреуі хан сайлау қағидасының өзгеруіне әкелді. Меритократия ұстанымы ресми түрде күшін жоймағанмен, іс жүзінде қазақтар XVIII ғасырдың басына дейін хандық дәрежесін мұрагерлікпен иеленуге көшті.
XVII ғасырдың басында барлық қазақ жерлері үш шаруашылық-аумақтық бірлестіктер – жүздер арасында бөлінгендіктен, ұлыстар жүйесінің орнына жүздік одақтар енгізілді. Жүздердің басында қауымдастықтың анағұрлым күшті және үлкен топтарының жетекшілері, билер тұрды. Шын мәнінде бүкіл билік Жүз билерінің қолында болды. Солар хан билігін шектеуші Билер Кеңесін құрған болатын. Билердің билігі тек қана жеке басының абыройымен сақталды және оларға бағынышты хан қайсы бір биді ұсынуға ешбір ықпал ете алмады.
Осындай Билер Кеңесінің аса беделді мүшелерінің бірі Кіші Жүздің билеушісі Әйтеке би болды. Көшпелі қазақтың әдет-ғұрып заңдарының ережелерін жақсы білумен қатар, көшпелі қазах хандығымен көршілес отырықшы мемлекеттердің құқықтық жүйесінен хабардар және мұсылмандық құқықтың білгірі ол жаңа заңдар жинағы «Жеті жарғыны» жасауға қатысып оған бірқатар құнды құқықтық жаңартулар енгізді.
Жаңа заңдар жинағын қабылдау:
1. Қазақтардың ішкі саяси бірлігін нығайту мақсатында, қазақтың орталықтандырылған мемлекетін құру (жоңғарлар қаупінің күшеюі жағдайында бірліктің қажеттілігі түсінікті еді).
2. Заман талабына жауап беретін қазақ қоғамының бірыңғай заңдық негізін жасау міндеті. Өзінің құрылымы жағынан «Жеті жарғы» әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқықтар, жанұя-неке қатынастары ережелерінен; салық, дін және т.б. туралы бөлімдерден тұрады. Қазақтарды біріктіруде Тәуке ханның негізгі сүйенген ұстанымдары: жастардың үлкендерге сөзсіз бағыну қағидаты (балалары – ата-анасына, әйелі – еріне; қол астындағылар – билеушіге); ұжымдық жауапкершілік қағидаты (адамның руы алдындағы, рудың өзінің әрбір мүшесі алдындағы) болды. Қылмыстық айыптаулар «қанға қан, жанға жан» қағидатына негізделді, алайда қанды кек әрқашан басқа айыптаулармен алмастырылды. Олардың ішінде айыптау түрлері жер аудару, айып, құн, дүре (қамшымен сабау) және өлім жазасы болды. Шындығында өлім жазасы өте сирек қолданылды. Түрмелер мен бас бостандығынан айыру орындары мүлде болған жоқ. Қауым қолдауынан айрылған жазаланушы өзін нағыз өлімге душар етеді, тайпа-ру арасынан қуу кең қолданылды. Баптарда қарапайым адамдар мен билеушілердің әртүрлі дәрежедегі жауапкершілігі туралы айтылғандай, «Жеті жарғыда» қоғамның жіктелуі мен әлеуметтік иерархия көрініс тапты. Негізгі бұқара халық құқықтың еркін субъектілері болды. Тек құлдар ғана өз қожайындарына тәуелді болды және олардың қалауымен өмірлерінен айрылуы мүмкін еді.
Жеті Жарғы келесідей негізгі бөлімдерден тұрады: Жер Заңы (Жер дауы) жайылымдар мен құдық дауларының шешімдері жөнінде айтылады. Неке қию және ажырастыру тәртібі, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтары бекітілген Жанұя-неке Заңы.
Соғыс кезінде бөлімдерді жасақтап, әскери қолбасшыларды таңдап, әскери жұмылдыруды реттейтін Соғыс заңы. Соттың істі қарау тәртібі жайлы келісілген сот үдерісі туралы ереже.
Кісі өлтіруден басқа әр түрлі қылмыс үшін жаза белгілеуші Қылмыс Заңы. Кісі өлтіру мен денеге қатты зақым келтіргені үшін жаза белгілейтін Құн Заңы. Жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке басы құқығын, сондай-ақ өлген адамның туыстары мен қауымның оларға қатысты міндеттерін реттейтін Жесірлер туралы Заң (Жесір Дауы). Бір қызығы «Жеті Жарғыда» мұсылмандық қағидалар да көрініс тапқан. Мысалы, құдайдан бас тартқаны үшін өлгенше таспен атқан. Бірақ, қан араласқаны үшін өлім жазасы кесілетін ежелгі көшпелілер тыйымдары да болды. Қазақтың әдет-ғұрып заңдарында жеті атадан бері қарай некеге тұруға үзілді-кесілді тыйым салынды… Мұсылмандық құқықтың білгірі ретінде Әйтеке би көшпелі қазақ дәстүріне әртүрлі қағидаларды аса шеберлікпен бейімдеді.
Асан Қайғының «Жерұйық» концептісінде айтылған көшпелілердың мінсіз мемлекеттілігін жобалау, «Жеті Жарғы» қазақ даласының талантты билері – Төле би, Қаздауысты Қазбек би, Әйтеке бидің даналығы арқасында көшпелі өмірді құқықтық реттеудің санғасырлық тәжірибесінің синтезі болып табылады. Әйтеке бидің қайраткерлігі «Жеті Жарғыда» көшпелі-қазақтардың әділетті қоғамдық құрылымын, халық бірлігін, кең-байтақ даланың гүлденуі мен қауіпсіздігі жайлы ғасырлар бойғы арманын нақтылы түрде көрсетуге бағытталды.
Әйтеке би халық арманын жеткізуші нағыз патриот төніп келе жатқан отаршылдықтың қаупін сезе білді және оған дұрыс шешімдерін ұсынған көреген данышпан болды. Халық арасында бидің Отанына деген нағыз сүйіспеншілігін бейнелейтін қанатты сөздері: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін. Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін. Егер бай болып, елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөлек үйің күйсін». Осы даналық өсиеттің арқасында «Мың өліп, мың тірілген» қазақтарға ғасырлар бойы өзінің мемлекеттілігін сақтап қалу сәті түскен еді. Өз өмірін Әйтеке би: «Өмірім өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» – деп қорытындылайды.
Әйтеке би кейбір деректерде Ташкент маңында (Өзбекстан Республикасы) өзінің ата-бабалары Ораз, Тоқпан, Сейтқұл және әкесі Бәйбек жатқан Қауыншы және Шыназ ауылдарынының жанында жерленген. Басқа бір мәлімет бойынша Әйтеке бидің мәйіті Өзбекстанның Науаи облысы Нұрат қаласындағы Әйтеке би Кесенесінде жерленген. Жергілікті тұрғындар бұл жерді қасиетті деп санайды.
Әйтеке би ұрпақтарына келсек, оның Өтебас, Қараменде, Байтемір, Қосыбай, Жалтыр деген ұлдары және үш қызы болған. Ал қазіргі кезеңде бидің ұрпақтары Ақтөбе қаласында, Ырғыз, Қарабұтақ, Алға, Әйтеке би аудандарында, сондай-ақ Қызылордада, Қазалы мен Аралда және Өзбекстанда тұрады.
Әйтеке бидің үлкен баласы Өтебас би де — хан сайлауы, т.б. саяси-қоғамдық ірі оқиғаларға атсалысқан тарихи тұлға. Оның бейіті — Қызылорда облысының Әйтеке би кентінен 60 шақырым жердегі Қосым Қожа қорымында. 2022 жылдың мамыр айында ұрпақтары Өтебас биге арнап жаңа кесене тұрғызып, ас берді.
Әйтеке би есімі қазақ тарихы мен құқығы анналына еңбегіне лайық енгізілді. Қазақстанда әр аймақта және қалаларда оның атымен көшелер аталып, ескерткіштер қойылған. Университеттердің заң факультеттерінде «Жеті Жарғыны» және қазақтың заң шығарушы-билері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке билердің қайраткерлігін оқып-үйренуге зор көңіл аударылған. Оның есімі ар, намыс пен әділеттіліктің бейнесіне айналды.
2003 жылы Әйтеке биге арналған Қазақстанның пошта маркасы шығарылды.
XVII –XVIII ғасырларда өмір сүрген әйгілі үш би жөнінде, аттары Далалық өлкедегі әділ соттың «Алтын ғасыры» елесімен байланысқан Төле би, Қазбек би мен Әйтеке би туралы елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Олар қазақ үшін мызғымас бірліктің символына айналды, олардың жалынды сөздері қасиетті кітаптың нақыл сөздеріндей ұрпақтар санасына орнады… Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес», – деп айтқан болатын.
Өз заманында Әйтеке би бабамыз «Бақ дегеніміз – ұшқан құстай, таң дегеніміз – көрген түстей, байлық дегеніміз – қолдағы мұздай, ал мәңгілікке қалатын адал іс» деген екен.
Әйтеке бидің 380 жылдығы аталып өтіп жатқан осы тұста қазақтың ар-абыройындай алтын діңгектері болған үш биіміздің бірі – Әйтеке бидің Өзбекстан жерінде, Нұрата тауының етегінде жатқан мәңгілік мекені табылды.
Тұран жұртының, оның ішінде қазақтың іргесі бекіп, егемен ел болу жолындағы күресінде Тәуке хан бастаған алты бидің бірі – Әйтеке бидің ел бірлігі жолындағы ұстанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бергей.