Дарынды майталман әнші Қазақ КСР-ң халық әртісі, халқымыздың дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебековтың шығармашылығы көп қырлы.
Жүсіпбек Елебеков өзінің көпқырлы сан-салалы әншілік таланты арқылы отандық музыкалық мәдениетіміздің тарихына өлшеусіз үлес қосты. Ол халқымыздың ән өнерінің жарқын беттерінде сөнбейтін жарық жұлдызына айналып оның атақ-даңқын биікке көтерген, бүкіл қазақ даласын оның әр тасы мен жылғасы, әр ауылына дейін әнге көмген, халқы мен жерін әнге бөлеген өнер тарланы.
Атақты Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Манарбек Ержановтар мәңгі өшпейтін даңқын шығарған екі ғасырлық тарихы бар халқымыздың ән мектебі қазақ еліне түгелдей тараған. Бұл арқа немесе сары-арқа дәстүрі делінеді. Арқа – Сары Арқа жері республикамыздың орталық, солтүстік және шығыс облыстары.
Арқаның әндері мен әншілік дәстүрі ең бір көп тараған мол жайылған беделді де белді дәстүр. Бұл өзі әндерінің саны мен көптігі, керемет сұлу әндер шығарған авторларының баршылығы жағынан 20-ғасырдағы Қазақстан композиторларының шығармашылығында кең көрініс тапқан танымал дәстүр. Осы арқа дәстүрі әншілерінің көрнекті өкілі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен Бүкіләлемдік музыкалық көрмеде Қазақстан музыка мәдениеті тарихында бірінші рет күллі Европа халқын сүйсінте таң қалдырып өзінің ерекше биік, асқақ та күшті әдемі сұлу даусымен, ерен әншілік шеберлігімен тәнті етті. Жүсіпбек осы арқа дәстүріндегі аты аңызға айналған Әміренің әншілік жолын ұстап жөнін қуған тікелей өзінен үйреніп дәстүрін жалғастырған әнші. Қазақ музыканттарының шығармашылығын көп зерттеген журналшы Мақсұтбек Майшекиннің айтуы бойынша Әміренің өзі — “Арқа дәстүрін ұстап менің өнерімді жалғастырған Жүсіпбектен асқан әншіні әлі естіген емеспін” — деп сенім артып батасын беріп домбырасын ұстатып кеткен дейді.
Елебеков Жүсіпбек — Әнші, Қазақстанның халық әртісі. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының музыкалық құрылысы мен тілі күрделі, сыршыл әндерінен («Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей», т.б.) тұрады. Ол орындайтын әндерінен аса ұқыптылық, суреткерлік талғаммен қарайтын лирик әнші. Ән әуенінің терең сырын ашып, бояуын құлпырта түседі, домбра сүймелімен образ жасайды.
Әйгілі музыка шебері 73 жасында 1977 жылы 12-тамызда Алматыда дүниеден озған болатын. Ол өзінің өнер жолын 1920-22 жылдары Семейдегі «Ес-аймақ» драма труппасының спектакльдері мен концерттерінен бастайды. Одан кейін 1931-35 жылдары Қазақ драма театрында, 1935-60 жылдары Қазақ филармониясында, 1960-77 жылдары «Қазақконцерт» бірлестігінде актерлік-әншілік қызметтерді атқарған. Абай, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Балуан Шолақтың шығармаларын насихаттаушы болды. Оның репертуарында халық әндері мен халық композиторларының әндерінен бөлек Қазақстан сазгерлерінің шығармалары да бар. Әншінің орындауындағы жүздеген ән үлгілері этнографиялық музыкалық жинақтарға еніп, ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау болды. 1936, 1958 жылдары Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, гастрольдік сапармен Қытай (1950, 1955), Моңғолия (1960), Үндістан (1967) сияқты шет елдерді аралаған Ж.Елебеков өмірінің соңына дейін Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясында ұстаздық қызмет жасады. Ерен еңбегі елеусіз қалмай 1942 жыл Қазақстанның халық әртісі атағын алып, кейін «Ленин», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. 1965 жылы «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан құрылған Алматы эстрада-цирк өнері студиясы 1995 жылдан бері Жүсіпбек Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері коледжі деп аталады.
Жүсіпбек 1904 жылы 28 тамызда Семей облысының Қарқаралы уезінің Сарытау болысының № 8 ауылында ақын Лебек пен оның жары Қымбаттың отбасында өмірге келген. Одан басқа отбасында тағы да бес бала – ағалары Сейітбек пен Жүнісбек және Бәдібай, Мәлике және Рымкеш деген әпкелері болған. Лебектің туған ағасы Берсімбек өлгеннен кейін отағасы оның жесірін алып, одан Айтбану деген қыз өмірге келеді. Лебектің отбасы кедей тұрған, өзі ауыр жұмыста істегендіктен, шығармашылықты тастауына тура келген. Жүсіпбектің арғы атасының ағасы Қарабатыр кезінде ақын болған, әкесінің ағасы Балабек пен оның ұлы Исламбек те күйші болған екен. Жүсіпбек бес жасынан бастап ән айтуды үйренеді. Ән айтуды оған ағасы Жақыпбек Балғабайұлы үйреткен. Замандастары да, Жүсіпбектің өзі де Жақыпбекпен салыстырғанда кез-келген басқа ақын дарынсыз боп көрінетін. Ол өзі де өз дарынын жәрмеңкелер мен Қоянды, Семей мен Қарқаралы базарында көрсетіп тұрған. Ол бауырының жіңішке, әдемі дауысын жақсы көрген, «Келіншек» пен «Ғалия» әндерін жиі айтқызып, әннен рахат алады екен.
1914 жылы маусымда баланың ауылы сол кездің ең белгілі ақындары жиналған атақты Қоянды жәрмеңкесіне барады. Сол жерде Жақыпбек бауырын қазақ ақыны Мәди Бәпиұлымен таныстырады, ол баланың әнін тыңдап, оған батасын береді. Сол кезден бастап Жақыпбек Жүсіпбекті жанына ертіп жүретін болған. Олар ауылдарды аралап, өнер көрсетіп, танымал болады, уайымсыз жаңа өмірді армандайды. Алайда, тағдырдың өз жазуы бар. 1916 жылдың маусымында патшаның бұратана халықтардан тыл жұмыстарына адам алу туралы «Маусым жарлығы» шығады. Көп өтпей Жақыпбек тыл жұмысына шақыртылып, Бесоба деген жерде қорғасын өндіруге жіберіледі. Сейітбек деген ағасы да тыл жұмыстарына шақыртылады, ол Құмдыкөлде көмір өндіреді. Ауыр жұмыс сүзектің таралуына себепші болады. Сүзекпен Жақыпбек ауырып, кейін әкесінің ағасы Өмірбек пен шешесі Қымбат та ауырады. Лебек пен Сейітбекті де сүзек айналып өтпейді, сол себепті Жүсіпбек әншілігін тастауға мәжбүр болады. 14 жасқа қарай Жүсіпбек оқу мен жазуды үйренеді, большевиктердің келуімен ол отбасын кедейліктен алып шығам деп үміттенеді. Өзінің естеліктері бойынша, ол байларды биліктен тайдыруға аянбай көмек көрсеткен, социализм туы мен «Билік кедейлерге!» ұранын көтеріп жүрген.
1920 жылдың мамырында Жүсіпбек Семейге келіп, алғашқы уақытта алыс туысы Бекіштің үйінде тұрады. Жүсіпбек бастапқы кезде халық назарын өзіне аудара алмайды. Бірде Жүсіпбек Бекіштің көршісінің үйіндегі шілдеханада өлеңді тамаша айтқаны сонша, Бекіштің үйіне марқұм Жақыпбектің бауырының әнін есту үшін қаланың түкпір-түкпірінен халық ағылып келе бастайды. Жүсіпбектің таланты туралы жергілікті драма үйірмелері де естіп-біліп, Кенжебек Құлғарин мен Ахмет Әуезов басқарған «Ес-аймақ» труппасы да оны байқайды. Жүсіпбектің ақын ретінде қалыптасуына театр труппасы үлкен әсер етеді.
Осы труппаның қатарында жүріп аңызға айналған тұлғалар Әміре Қашаубаев пен Иса Байзақовпен танысып, солардан өнер үйренеді.
1920-1922 жылдары Семейдегі “Ес-Аймақ” атты драма үйірмесіне тартады, онда ол алғаш рет концерттерге шығып сахналық қойылымдарға қатынасады.
1923 жылы Әміре мен Иса Семейден кетеді, ал Жүсіпбек кештер мен концерттерде өлең айтуын жалғастыра береді. Семей труппасының қазақтың интеллектуалды зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі, большевиктердің қандай позицияны иеленгендерін көргендіктен, олар жабылуға мәжбүр болады. Алаш басшыларының бастарына қара бұл үйіріле бастағанда, Жүсіпбек те мансабын тоқтата тұруға мәжбүр болады. 1923-1931 жылдар аралығында Жүсіпбектің немен айналысқаны нақты белгілі емес. Сондықтан да Ж.Елебековтың өзі жазған өмірбаянына сүйенуге тура келеді. Елебековтар отбасының жеке мұрағатында 1936 жылдың 22 қарашасы мен 1939 жылдың 20 наурызында жазылған осындай екі жазба сақталған. Екеуінде де Ж.Елебеков 1923 жылы үйірме жабылғаннан кейін бір жыл ет комбинатында істегенін, кейін 1928 жылға дейін Түрксіб құрылысында қара жұмыста істегенін жазған.
Патша үкіметі ХІХ ғасырда пароход құрылысына көп көңіл бөлгені белгілі, сол себепті де Өскемен – Семей – Павлодар – Омбы су жолы салынған, Елебековтың Семейде жұмыс істеген жылдарында бұл жол өзінің шырқау шыңында болған еді. 1926 жылы сол кездегі басқа да мыңдаған жастар сияқты Түркістан – Сібір теміржолын салуға қатысты. Оның жұбайы Хабиба Елебекова өз естеліктерінде Жүсіпбектің Аягөз стансасының құрылысына қатысқанын жазады, ол жерде де ол қолы қалт етіп босай қалса, домбырада ойнайды екен.
1928 жылдан 1930 жылға дейін Жүсіпбек ауылда болады. 1931 жылы Ж.Елебеков Қояндыдан Қызылжарға мал айдаушы болып жалданады, сол жылдың ақпанында ол Қызылжарда Қазақ драма театрының директоры Орынбек Бековпен кездеседі. Ол Ж.Елебековты Алматы қаласының Драма театрына жұмысқа шақырады.
Жүсіпбек театрдың барлық концерттеріне қатысады, жеке өзі де, әнші Рабиға Есімжановамен бірге дуэт болып та ән айтып жүреді. 1932 жылы Жүсіпбектің әкесі қайтыс болады. Хабибаның айту бойынша, аштық басталысымен Жүсіпбек қайта-қайта ауылға барып, әр барған сайын туыстарын алып келіп жүрген. Бірінші болып әкесін әкеледі. Бірақ келгеннен кейін әкесі қатты ауырып, қайтыс болады. Хабибаның айтуынша, жүрек ауруынан қайтыс болған. Ағаларын да әкеліп жұмысқа орналастырған, Сейітбекті өз театрына күзетші қылып, ал Жүнісбекті Байланыс басқармасына күзетші қылып орналастырады.
1931-1935 жылдары Жүсіпбек Елебеков Қазақ драма театрында әртіс болып істейді, онда ол тек әншілік қырынан көрініп қана қоймай көптеген есте қаларлық драмалық және опералық кейіпкерлер бейнесін жасайды. “Айман-Шолпан” музыкалық комедиясында Әлібек, “Еңлік-Кебекте” Жапал, алғашқы қазақ операсы “Қыз-Жібекте” Төлеген болып ойнады. Бір жылдан кейін халық ағарту комиссариаты жанынан музыкалық студия ашылып, музыкалық дарынды әртістер шақырылады, Жүсіпбек пен Әміре Қашаубаев сол жерде қауышады. Бірақ, олар бірге ұзақ жұмыс істей алмады, сол кезде Әміре қатты ауырып жүрген еді. 1935 жыл Жүсіпбекке көп жақсылық әкелді. Дәл осы жылы Жүсіпбек Елебековтың әндері бірінші рет радиомен бірге патефон пластинкасына жазылды. Осы жылы, 1935 жылдың 3 тамызында, Жүсіпбек шаңырақ көтереді.
1935 жылы ол қазақ филармониясының әншісі болып, сол жерде жиырма бес жыл қызмет етеді, 1936 жылы Мәскеуде өткен алғашқы қазақ декадасына қатысады.
1937 жылғы сталиндік репрессиялар Жүсіпбекті де айналып өтпейді. Сол қанқұйлы жылдары 125 мың адам халық жауы аталып, оның 25 мыңы сот-тергеусіз атылып кетеді.
Ақыр соңында оған қарсы іс қозғалмайды. 1942 жылы Жүсіпбек Елебеков Қазақ ССР Халық әртісі атағын алады. Сол жылы концерттік бригада құрамында Калинин майданы солдаттарының алдында өнер көрсетеді. Соғыс жылдары И.В.Панфиловтың Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлерімен де кездеседі, сол жерде Рамазан Елебаевпен танысады. Р.Елебаев өзінің жаңа «Жас қазақ» әнін орындап береді, осы өлеңді Жүсіпбек соғыс жылдарының әндерінің ішіндегі танымал әндердің бірі етеді.
Біртіндеп көпқырлы әнші талантының сыры ашыла бастайды. Келе-келе ол ертеден бастау алған халқымыздың ұлттық әншілік дәстүрін кең өрістетіп дамытуға — қазақтың классикалық әндерін домбырамен сүйемелдеп айтуға біржола бет бұрады. Оның 1935 жылы филармонияға ауысып 1960 жылға дейін сонда істеуі заңды да табиғи нәрсе болатын, 1960 жылдан 1977 жылға дейін Қазақконцертте істейді. Бұл кезде ол әншілік өнердің нағыз хас шебері, майталманы, асқан орындаушы дәрежесіне көтеріледі. Бұл оның атақты әнші ретінде халқының махаббатымен зор құрметіне бөленген тұсы еді.
Жүсекең қазақтың классикалық ән өнерін насихаттаушы әрі оны асқан шеберлікпен орындаудың ерен үлгісін көрсетіп республикадан басқа шет жұрттарға шығып таныта білді. Әнші 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері Декадаларында, 1950, 1955 жылдары Қытайда, 1960 жылы Монғолияда, 1967 жылы Индияда болып ән салды, оның дауысын Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ елі де сүйсіне тыңдады. Ол қазақ радиосында әнші болып жұмыс істеді, әндері радиодан шырқалып жатты, өзінің қатысуымен телефильм түсірілді.
Жүсіпбек Елебековтың өмірі мен шығармашылығындағы ең бір елеулі кезеңі – оның Эстрада-цирк студиясында ұлттық ән салу дәстүрінен дәріс беріп ұстаздық еткен 1967-1977 жылдары еді. Арқаның домбырамен ән салу дәстүрі үзілмей жалғасып қаймағы бұзылмай сақталып бізге жетіп отыр. Бүгінгі Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сынды өнер саңлақтары осы ұлы Жүсекеңнің шәкірттері.
Жүсіпбек Елебековтың репертуарында Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Ыбырай, Естай, Майра, Жарылғапберлі сияқты қазақтың халықтық кәсіби композиторларының ел арасына кең жайылған жарқын да тамаша әндері болды. Әнші бұларды нақышына келтіріп әрлеп, өңдеп өз мәнерімен ширата, шарықтата классикалық дәрежеде биікке көтеріп мінсіз етіп орындай білді.
Үлкен өнерпаз, тарлан талант иесі Жүсіпбек өнері көзі тірісінде лайықты дәрежеде өз бағасын алды . Ол отанымыздың сол кездегі ең жоғарғы дәрежелі Ленин және “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды, Қазақ КСР-ң халық әртісі, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік силығының лауреаты құрметті атақтарын иеленді.
1977 жылы бүйрегі ауырып Жүсіпбек ауруханаға түседі. Ота жасалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң ауруханадан шығарылады. Сол жылы ол туған Қарқаралысына барады. Бар өмірін музыкаға арнаған Жүсіпбек Елебеков 1977 жылдың 12 тамызында өмірден озды. Жүсіпбек Елебеков жайлы Әміре Қашаубаевтан асып ешкім айта алмас: «Қазіргі әншілердің ішінде халық туындыларын Жүсіпбектей керемет орындайтын әншіні білмеймін». Шынында да, Жүсіпбек Елебеков әнді керемет орындайтын…
Жүсіпбектің асқан әншілік өнерінің ықпалы бүгінгі күнде – қайта жаңғырып, қайта түлеп жатқан дәстүрлі музыка орындаушыларымыз арасында өркендеп, оның жолын қуған жас буын әншілеріміз ұлы әнші, хас шебердің ән мұрасын өздерінің шығармашылық үрдісіне нысана етіп жалғастырып сақтап келеді. ….