Өткен ғасыр белесінде қазақтың рухани өмірінде қаншама ұлан-асыр жағдайлар болды. Елдің иығын тіктеген, рухына дем берген оқиғалар көп болды. Солардың бірі де бірегейі – сол 30-шы жылдардың, анықтап айтқанда, 1934 жылы өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағы.
Жазушылар одағы – 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан, еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым. Жазушылардың бүгінгі буыны – Қазақстан әдебиетінің кешегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлары.
Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды.
Жазушы, ақын, қаламгер… Бұл ұғымдар халқымыз үшін қашанда қасиетті. «Өнер алды — қызыл тіл» деп тілді, оның құдіретін ерекше бағалайтын халқымыз ақындары мен шешендерін, дуалы ауызымен ұлттық, елдік мәселелерді шешкен көсемдерін қашанда ардақ тұтқаны тарихтан белгілі жайт. Жазушылар бас қосқан кезде де елдің болашағы, халқымыздың ынтымағы мен берекесі, рухани құндылықтар, тәуелсіз еліміздің баянды жетістіктері, мемлекетіміздің бүгінгі келбеті мен ертеңгі асулары әңгіме арқауына айналары сөзсіз.
Ұлы Жаратушыдан жеткен төрт кітаптың бірі Інжілде «Әуелі сөз болған» деп жазады. Демек, сөз ұстаған адам, қалам ұстаған адамның қай қоғамда, қай елде болмасын атқаратын жүгі де, жауапкершілігі де зор болған. Бұл — адамзат дамуының әр кезеңіндегі ұлы қоғамдарда, ұлы мемлекеттердің бәрінде бірдей орын алған құбылыс. Жазушы бір ұрпақты ғана емес, тұтас ұлтты тәрбиелейді. Ұлы Абайдың дүниеден өткеніне жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бір ғасырдан астам уақыттың ішінде қазақ халқының талай буыны ақын шығармаларымен тәрбиеленді. Тіпті Абайдың ұлылығы жиырма бірінші ғасырдың биігінен де асып, біз ұлы деп келген, ұлық деп келген халықтың, ХХI ғасырдағы өзге де халықтардың ұрпағын тәрбиелеуге көшті. Міне, сөз өнерінің құдіреті, қалам өнерінің құдіреті деген осы болса керек.
Қазақтың ұлы жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» деген керемет сөзі бар. Шындығында, ұлттың ұлылығы оның рухани қазығының мықтылығында. Ал сол рухани қазық пен діңгекті орнықтырушы бұл — жазушылар қауымы. ХХ ғасырдың ортасында қазақ әдебиетінің дүниедегі атағы алысқа кеткен талай ұлттардың әдебиетімен терезесі тең, ал көп жағдайда озық екендігін дәлелдеп кеткен ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармалары — соның айқын айғағы.
Қазақстан Жазушылар одағы өзге шығармашылық одақтар арасында халыққа ең танымалы. Өйткені онда еліміздің атын әлемге танытқан қаламгерлер еңбек етсе, ұйымның өзі 90 жылға жуық уақыттан бері қазақ тілінің, қазақ болмысының сақталуы үшін мол пайдасын тигізер небір шаруаларды атқарып келеді. Былайша айтқанда, қазақ қаламгерлерінің басын қосып отырған одақ ұлт мүддесін қорғайтын, соның мәселелерін шешумен айналысатын бейресми ұйым секілді болды. Жасыратын несі бар, кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың әмірі жүріп, ұлтымызға қарсы жасалған небір қанды науқандардың нысанасына алдымен ілінген де осы Жазушылар одағының мүшелері − ақын-жазушыларымыз болды. Мәселен, ХХ ғасырдың бас кезіндегі алмағайып кезеңде ұлт тәуелсіздігін алу жолында «Алаш Орда» партиясын құрып, жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетін жасауға белсене кіріскен алашшыл қаламгерлер сталиндік репрессияның құрығына ілініп, мезгілсіз мерт болды. Сөйтіп Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді азат ойлы, жаңа әдебиеттің бастауында тұрған тұлғалардың еңбектері мансұқталып, олардың кітаптары тәркіленді, аттарын атауға тыйым салынды. Туындылары жарты ғасырдан аса уақыт қараңғы архивтердің қол жетпейтін жерлерінде шаң басып жатып, олардың аттарын білетін аз ғана адам қалғанда тәуелсіздік таңы атып, арыстарымыздың есімдері ақталып, халқымен қайта қауышты. Және ол азаттық алып, еркіндіктің дәмін енді тата бастаған халыққа рухани күш-жігер берді. Халық өзі үшін еңбек етіп, тері мен қаны бірдей аққан қайсар қаламгерлердің ғибратты ғұмырын, өнегелі туындыларын мақтаныш етті. Расында кеңестік кезеңде ұлт үшін құрбан болғандардың арасында қаламгер азаматтардың болуы олардың қатарында ұлт мүддесі үшін күрескендердің болуы қазақ ақын-жазушыларының беделін көтерді. Жазушылар одағының көптеген мүшелері, аты елге мәлім талай ақын-жазушылар кеңестік кездегі ұлтымызға жасалған қиянат пен жазықсыз жазаланған тұлғалар жайында көп жазды. Мұның бәрі тәуелсіздіктен бергі жердегі ең маңызды шарулардың бірі − отарсыздану үдерісінің өз деңгейінде жүруіне септігін тигізді. Әрине, тәуелсіздіктен кейін еліміз социализмнен бас тартып, еркін нарықтық экономикаға көшкеннен соң заман ағымына орай қаламгерлер қауымдастығы да қайта құрылымдалып, қоғамдық ұйымға айналды. Өтпелі кезеңнің қиындығына ұшыраса да, Жазушылар одағы ел алдындағы парызынан бас тартқан жоқ. Керісінше, ақын-жазушыларымыздың екінші тынысы ашылып, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар − хандар мен би-батырлар туралы түрлі шығармаларды тудырып, халықты өз тарихымыздың ақиқатымен таныстырып жатты. Сөйтіп мемлекеттен бөлініп, қоғамдық ұйымға айналса да, Жазушылар одағы халық алдындағы миссиясынан ауытқыған жоқ.
Азаттықтың алғашқы күндерінен мемлекет қаламгерлерге қолдау білдіріп, қоғамдағы шығармашылық орта мен ұдайы ұлттық рухты қалыптастыруға қамқорлық жасап келеді. Әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық бар. Жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы беріледі. Жыл сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендиялар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.
Тәуелсіздік қазақ қаламгеріне ең үлкен сый − еркіндік берді. Әдебиетке мемлекет тарапынан қойылатын үлкен кедергі − цензура алынып тасталды. Кеңестік кезеңде не туралы жазсаң да оған Кеңес өкіметінің тигізген жақсы әсерін көрсетуге, өкімет пен партияның қамқорлығын танытуға тиіс едің. Сондықтан қазақ тарихына қатысты әңгімелерді жазу ұлтшылдық болып саналды. Жазушы Ілияс Есенберлиннің қазақ тарихына қатысты жазған тарихи романдары сол кездің көзімен қарағанда ерлік еді. Оның өзінде төбеден қараған цензураның кесірінен жазушы қазақ хандары мен батырлары туралы ақиқатты толық айта алмады. Оларды сынай отырып сомдауға мәжбүр болды. Тіпті классик жазушымыз Мұхтар Әуезов өзінің әлемге танылған «Абай жолы» атты эпопеясында Абайға қатысты шындықты толық аша алмады, сол сияқты романда Шәкәрім бейнесін суреттегенімен оның атын ашық айтпады. Мұның бәрі мемлекеттік тәртіпке кіріптарлық. Ал қазір Тәуелсіздік алғаннан бері қаламгерлерімізге шексіз еркіндік берілген. Қандай тақырыпты жазасың, қандай тақырыптарды зерттеп, қандай шындықтарды ашасың − оны өзің білесің. Цензура жоқ! Қалай десек те, нағыз азат елдің әдебиеті енді жасалып жатқан секілді. Кеңестік кезеңде де сонша қыспаққа алынғанына қарамастан қазақ әдебиетінде үлкен тұлғалар, мықты шығармалар болды. Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Олжас Сүлейменов, Әнуәр Әлімжанов, Мұхтар Шаханов сияқты санаулы қаламгерлердің ғана туындылары шет тілдерге аударылып жарық көрсе, тәуелсіздіктен бергі жерде қазақ қаламгерлерінің кітаптары Ұлыбританияда, АҚШ-та т.б. елдерде жарық көруде. Мәселен, соңғы төрт-бес жылдың көлемінде 60 қазақ ақын-жазушысының шығармаларынан құралған антология БҰҰ-да қолданылатын әлемнің 6 тіліне аудырылып басылды. Бұл да аз уақыттың ішінде жүзеге асқан үлкен жоба. Әдебиетке бірнеше тіл білетін талантты жастар келіп жатыр. Сондай-ақ бұрын қазақ оқырмандары білмей келген әлем классиктерінің шығармалары аударылып жарық көріп жатыр.
Бүгінгі таңда бұл қара шаңырақты белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет басқарып отыр. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосып жүрген Одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақыпты да айта кеткен жөн.
Қазақстан Жазушылар одағының алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезден басталады. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды.
Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының бүкіл Қазақстанның бірінші конференциясына әзірлеу тапсырылды. Осылайша, 1925 жылы қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.
1932 жылы Орталық комитеттің әдеби көркем ұйымдарды қайта құру туралы Қаулысы негізінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында Қарар қабылдады. Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды.
Қазақстан жазушылар одағы бұл алғашқы съезге 1932 жылдан бастап дайындалды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Ілияс Жансүгіров тағайындалды. Қазақстан кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылдың 12-18 маусымы аралығында өтті.
1925 жылы Қазақстан Жазушылар одағына 10 адамдай мүшелікке өтті. Ал, 1935 жылы одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалды.
1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан Жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.
Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды.
1936 жылы одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.
Қазақстан Жазушылар одағы алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстар ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді.
Жазушылар одағы сонау кеңес заманында тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқарды. Жазушылар одағы қазақ халқының сүйеніші, таянышы болды.
Ел тағдыры, жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағы ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттауды қолға алды.
1956-1966 жылдар аралығында екі рет Жазушылар одағына жетекшілік еткен Ғабит Мүсірепов дүниеден озарда: «Тіл мен әдебиет сендерге аманат», деп қазақ жазушыларына сенім артқан.
1996-2002 жылдар Қазақ Елі үшін қиындығы мен қуанышы, азабы мен ғажабы, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүрген Тәуелсіздік атты ұлы ұғымның аясында өткені, елдік туымызды желбіреткені, әлемнің түкпір-түкпіріне Қазақ Елі мен Жерінің аты Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш, Сәбит есімдері арқылы ЮНЕСКО шеңберінде жеткені жалпақ жұртқа белгілі.
Соңғы 50 жылдың ішіндегі қоғамдық құбылыста жазушылар, Жазушылар одағы ұйытқы болып, ұшқын беріп және қиын күндерде халқына жұбаныш бола білді. Өйткені, бұл бір адамның емес, бір тұлғаның емес, бүкіл қоғамның ілгері, азат ойлары бірігіп үлкен тұжырымға айналады. Ол егемендік туралы ашық хатқа, одан Тәуелсіздікке ұласты. Бұл Тәуелсіздіктің халықтық авторы шығармашылық иелері, соның ішінде жазушылар деп толық айта аламыз.
Тәуелсіздік жылдары Жазушылар одағы көптеген игі істерге мұрындық болды. «Бұлақ көрсең көзін аш», деген тәмсілді ұстанатын аға буын әдебиеттегі жас буынның қалыптасуына мүмкүндіктер ашты. Соның арқасында ұлт әдебиетінің туын құлатпай, дамуына үлес қосатын толқын қалыптасты.
Жастардың көрінуіне, газет-журналдарда насихатталуына, сонан кейін Жазушылар одағындағы кештерде өлең оқып ысылуына, танылуына кәсіби жақтан қалыптасуына, аймақтарда үлкен-үлкен жиындар өткізу, осы бағытта соңғы жылдарды соңғы 20 жылда Жазушылар одағы жастардың бағытына жұмыс істеді.
Ел сөзін ұстаған шешендер мен келешекке бағыт көрсетер көсемдердің басын қосқан бұл ортаның тарихы осындай. 90 жыл деп бір ауыз сөзбен қайырғанға оңай болып көрінгенімен, осы жылдар арасында мұнда ел руханиятының кемелденуі үшін маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта да Жазушылар одағы ұлт әдебиетіне шырақшы болып, талантты жастарды жазушылыққа баулуды күн тәртібінен түсірмейді.
Жазушылар халықты біріктіретін үлкен мақсатқа жұмылдыратын белсенді зиялы адамдар. Сондықтан, оларға қарапайым халық сенеді. Қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын ат төбеліндей ақын-жазушыларға қойылатын талап та жоғары.
«Қазақ әдебиеті» газеті де биыл 90 жылдығын тойлауды қолға алды. Жазушылар одағының құрылтайшылығы мен шығатын басылым сексен жылдан бері-арғы бергі тарих сырларын халыққа ұсынып, сөз өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Осы жылдарда газет көптеген жас ақын-жазушының еңбектерін басып шығарды. Әдебиеттегі көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне ықпал етті.
Алғашқы қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен ЮНЕСКО шеңберінде өткен айтулы шаралар соның айғағы. Бұл орайда, әсіресе, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов шараларына Одақ айрықша атсалысты. Доминанттық роль ойнады. Тікелей Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Мұхтар Әуезов және ХХ ғасыр әдебиеті» дейтін тақырыпта өткен Халықаралық Симпозиумға отызға тарта елден қырықтан астам аттары әлемге әйгілі қаламгерлер қатысты. Мұқанов шараларына да ондаған шетелдік жазушылар келді. Рухани кеңістігіміздің мүмкіндігі мен дәреже- деңгейін танытар арыстарымыз бен алыптарымыз өздерінің өлмес рухтарымен Ел тәуелсіздігіне, тәуелсіз ел әдебиетінің абыройы мен беделіне осылай қызмет етті.