Home Жаңалықтар 1 ШІЛДЕ- ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

1 ШІЛДЕ- ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Daismedia.kz

Қазақ қуанса да, қапаланса да домбыраға қол созған, күймен жұбанған. Кеңес қыспағындағы қапас кездерде Мұхтар Әуезовтің «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуінде үлкен астарлы мән жатыр. Қиналған шақтарда күй қазақтың, оның ардагер перзенттерінің қорғаны болғанын да аңдаймыз бұдан. Күй – түптен таза тұнық тұма тәрізді. Күй – халықтың жаны дейтініміз де сондықтан.
Көк байрақ көтерген бүгінгі Қазақстан деген егеменді еркін елдің еңселі рухы мен жасампаздық қуаты Құрманғазы оркестрі орындаған терең тебіреністі, толқымалы, шалқымалы, балқымалы күйлерден асқақтай көрінеді.
Осы орайда, Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Төлеби аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен 1 – шілде Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра — халқымыздың мұрасы» атты күй мерекесі өтті.
Мерекеге орай аудан өнерпаздары арнайы қазақтың бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық өнерінің қаймағы күйін сахна төрінде қалықтатты.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше. Себебі басынан небір қилы заман өтсе де, жаугершілікті бастан өткеріп, бодандық қамытын кисе де төл аспабы қолынан түспеді. Одан тараған қоңыр үн жадында тарих боп қатталып, шежіре боп шертілді.

Ұлттық домбыра күні — 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді.
Сол жылы шілдедегі алғашқы жексенбі 1-і күніне дөп келіп, сол күні елорданың «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңға жиналған 2 мыңнан астам музыканттан құралған домбырашылар оркестрі «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін орындаған еді.

Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз.

Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр.

Сонау Кетбұғадан бері жалғасып келе жатқан дәулескер күйшілеріміздің мол мұрасы – баға жетпес рухани байлығымыз. Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз.
Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз. Сонымен бірге, салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік ұстанамыз.

Ел аузындағы аңыз бойынша әйгілі Шыңғыс ханға Жошының өлімін жеткізген де домбыра еді. Ал зерттеушілердің айтуынша, домбыра туралы алғашқы ғылыми деректер әл Фарабидің жазбаларында «тамбур» деген атпен кездеседі.

Домбыра жер бетінде кеңінен тараған шертпелі аспаптардың қатарына кіреді. Өнертанушылар мен тарихшылар мұндай аспаптар ғылымда Х ғасырдан бастап белгілі деп тұжырымдайды. Алайда 2010 жылы елдегі БАҚ тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан басталатын «ата домбыра» табылғанын айтып сүйінші сұраған болатын.

1500 жыл бұрын қолданыста болған көне аспап Алтай тауының Моңғолия жағындағы Үңгіртас деген үңгірден табылған. Әуелі малшының қолына түскен аспап археологтардың қызығушылығын оятып, 2008 жылы мемлекет қамқорлығына алынады. Бұл ғылыми жаңалыққа қазақ ғалымдарының арасынан танымал түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы назар аударып, аспаптың домбыраның арғы «атасы» екенін дәлелдеп шығады. Осылайша шертпе аспаптардың тарихы біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алатыны белгілі болды.

Ұлттық домбыра күні мереке ретінде аталып өте бастағалы, халық санасына тез сіңіп, ең бір айтулы күнге айналып шыға келді. Қазақ даласының әр түкпірінде қасиетті аспапқа арналған ескеркіштер мүсіндер бой көтеріп үлгерді. Әзірге солардың ішінде ең шоқтығы биігі — Тараздағы 7,5 метрлік «Домбыра» ескерткіші.

Ұлттық домбыра күніне орай елордада әйгілі күйші, халық композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды.

Домбыраны мектепке пән ретінде енгізу ұсыныстары ең биік мінберлерден айтылып жүр.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне арналған шарада сөз сөйлеп, осындай идея айтқан болатын.

«Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер ұлт келбеті« дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керек», — деген еді Мемлекет басшысы.

2014 жылы қазақтың күй өнері мен киіз үй ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының тізіміне кірген. Осылайша домбыра шанағынан шыққан қазақ күйлері ЮНЕСКО-ның да қамқорлығына өткен.

Ендеше, жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайды. Күй өнері азаттық рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырады.

Қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі. Ұрпақтан-ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, Ұлы Даланың сазды сарынын жырлаған да домбыра. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!

You may also like

Leave a Comment