Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Отандық ғылым мен жоғары білім саласында айтулы мереке. Университет бүгінде тек Орталық Азия кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орнына айналды. 90 жылдық тарихы бар қара шаңырақ бүгінде заман сұранысына жауап бере алатын, біліктілігі мен білімі, тәжірибесі мен таланты бір арнаға тоғысқан сала иелерін даярлауды айқын мақсат етіп келеді. Әлемнің екінші ұстазының есімін иеленген қара шаңырақ ғылым мен білім айдынында жүктелген міндеттерді жоғары нәтижемен жүзеге асырып отыр. Бүгінгі нәтижелі жұмыс пен іргелі белестер университет ұжымының табанды еңбегінің арқасы. ҚазҰУ-дың 90 жылдық торқалы тойы 100 жылдық тұғыры биік ғасыр тойына жалғассын.
Әл-Фараби атындағы 90 жылдық тарихы бар ҚазҰУ бүгінгі таңда мемлекетіміздің жоғары мектебінің тірегі, бүкіл Орталық Азия аумағындағы кадрлар дайындайтын ірі ұстаханаға айналды.
Бұл бір ғасырға жуық уақыт. Осы мерзімде елімізге білікті де білімді кадрлар дайындауда ҚазҰУ-дың орны да, жөні де бөлек. Түрлі салада еңбек еткен, бүгінгі күні бел шешіп, білек сыбанып еңбек етіп келе жатқан университет түлектерінің, танымал тұлғалардың қатары қалың. Ұлттық университет – еліміздегі жоғары оқу орындарының флагманы. Жетістігі мен табысына қуанамыз. Жас ұрпақ аса білімді, парасатты, тәрбиелі болса деген тілегіміз зор. Білім ордасының заман көшінен қалмай, үнемі алдыңғы лекте болуына тілекшіміз.
Жоғары оқу орны халықаралық QS рейтингінде 230-орын иеленетін отандық жалғыз университет. Орталық Азия бойынша да өзінің көшбасшылық позициясын сақтап келеді. Әлемдік рейтингке ТМД елдерінен тек екі университет – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ топ 250-ге кіреді. Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы QS Asia University Rankings бойынша да Азиядағы үздік және алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында.
Білім ордасы «зерттеу университеті» мәртебесіне ие. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.
1934 жылғы 15 қаңтарда алғаш 54 студентпен ашылған университетте қазіргі таңда 25 мыңнан астам білім алушы бар. 90 жыл бұрын физика-математика және биология факультеттері жұмыс істесе, қазір олардың саны 16-ға жетті. 1941 жылға дейін 14 білім бағдарламалары бекітілсе, 2023-2024 оқу жылында олардың саны 550-ден асты. Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан дәріс оқыған аудиторияларда ҰҒА 11 академигі, Жоғары мектебінің 3 академигі, Жоғары мектебі Ғылым академиясының 8 академигі, 7 ҰҒА корреспондент-мүшесі еңбек етеді. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD өз үлесін қосуда. Жалпы саны 3354 оқытушы-профессорлар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыруда.
Университет тарихында әр жылдардағы ректорлар И.Лукьянец, Т.Тәжібаев, А.Закарин, Т.Дарқанбаев, Ө.Жолдасбеков, К.Нәрібаев, Т.Қожамқұлов, Б.Жұмағұлов және басқа академик ғалымдар өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінгі таңда оқу орнын филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басқарады.
90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, Жоғары мектебі Ғылым академиясының сегіз академигі, жеті ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. Биыл 32 оқытушы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. Кез келген университет мәртебесі оқытушы ғалымдардың еңбегімен, түлектерінің сапасымен өлшенеді. ҚазҰУ түлектерінің арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, қаламгерлер, кәсіпкер-меценаттар, тәжірибелі дипломаттар жеткілікті. ҚазҰУ-да жылдар бойы қалыптасқан белгілі қайраткер тұлғалардың, мықты оқытушы-профессорларымыздың ғылыми мектептері қалыптасқан. Университет осы ғылыми мектептерді ары қарай жалғастырып, жаңа бағытта дамыта беретін болады. Қазір 25 мыңнан астам студенті бар. Студенттері АҚШ, Еуропа, Азияның озық университеттерінде білімін жетілдіруде.
ҚазҰУ 2022 жылы зерттеу университеті мәртебесін алғаннан кейін ғылымға басымдық бере бастады. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсті. Қазіргі таңда 8,5 миллиард теңгенің гранттық жобалары орындалып жатыр. 2023 жылы ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды.
ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. 80-нен астам әріптестік байланыс өткен жылы орнатылды. Әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Сондай-ақ университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді.
2023 жылы Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісілді. 12 қазанда филиалдың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы зертханалық сыныптар іске кірісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес, ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөледі. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге өсіп, 8,5 миллиард теңгені құрады.
Қазіргі сәтте 290 гранттық қаржыландыру жобасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 11 жоба, «Ғылым қоры» АҚ арқылы 1 коммерцияландыру жобасы және 47 бірлескен жоба жүзеге асуда. Сонымен қатар, 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобалар қолға алынған.
2023 жылы ҚазҰУ ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жобада Батыс Қазақстан өңірінің табиғи қорларын тиімді пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау, экологиялық дағдарыстардың алдын алу мәселелері талданады.
Университеттің қауымдастырылған профессоры, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева елімізде тұңғыш рет көпжылдық бидайды шығару әдісін ойлап тапты. Көпжылдық бидайды бір рет қана егіп, 5-6 жыл қатарынан өнім алуға болады. Қазіргі сәтте ғылыми жобаға патент алынып, нарыққа шығару жұмыстары жүргізілуде.
Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаеваның ұсынысымен Ми институты құрылды. Ми қатпарлары мен адам санасының мүмкіндіктерін тануға талпыныс елімізде бұрын-соңды болған емес. Ми институты айналысатын ғылыми зерттеулер есте сақтау процестерін жеңілдетуге, мінез-құлық ауытқушылығын түзетуге, қартаю кезінде зейіннің нашарлауының алдын алуға көмектеседі.
Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарлануда.
ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді.
Бұдан бөлек, ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 110 триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыратын суперкомпьютер орнатылып, деректерді өңдеудің бірыңғай орталығы құрылады.
Ал химия және химиялық технология факультеті гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығын ашты. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылған орталықта металдарды өңдеудің жаңа технологиясы ұсынылады.
Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеріп, қалыптасуына мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев айрықша үлес қосты. 1971 жылдың сәуірінде мемлекеттік университеттің бас ғимараты қаланып, ҚазМУ кешені құрылысының І кезегі басталды.
2024-2027 жылдар аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі өтеді. Әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк жоспарланған. Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына орай, ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарланып отыр. Бұл жобаны ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп іске асырады. Робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсететін орталық биылғы жылдың екінші тоқсанында ашылады. Бұдан бөлек ҚазҰУ-да Қытай үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 1800 (1800 Тфп) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады. Бүгін мерейтойға орай, химия және химиялық технология факультеті жанынан гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы ашылды.
90 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — еліміздің қоғамдық өмірі мен білім, ғылым, жалпы оқу ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. Университет — ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының творчестволық талмас қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған.
1933 жылдың 20 қазанында ССР Одағының Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстан үшін мамандар даярлау және Қазақ мемлекеттік университетін ашу туралы» № 2293 Қаулысы қабылданды.
1934 жылдың 15 қаңтары – университеттің нақты құрылған күні болып белгіленді. Дәл осы күні ҚазМУ- дың алғашқы студенттері қабылданып, 19 қаңтар күні Верный ерлер гимназиясының ескі ғимаратында биология және физика-математика факультеттерінің 54 студенті оқуға кірісті. Осы жылдың 1 қыркүйегінде химия факультеті ашылды.
Университеттің тұңғыш ректоры болып ҚазССР халық ағарту комитетінің орынбасары қызметінде болған Ф.Т.Оликов тағайындалды. Университеттің ғылыми және оқыту жұмыстары республикадан тысқары жерлерде арнайы дайындықтан өткен 18 оқытушы құрамымен басталды. 1934 жылдың 2 желтоқсанында университетке С.М.Киров есімі берілді.
1930 жылдардың аяғына дейін алғашқы гуманитарлық — шеттілдер факультеті (1937) және филология факультеті (1938) ашылды. Қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдері ашылып, мамандықтар аумағы кеңейді. 1938 ж. аспирантураның ашылуы мен кандидаттық дәреже және доцент атақтарын тағайындайтын Ғылыми кеңестің құрылуы ҚазМУ-дың даму бағдарындағы маңызды оқиға болды.
Университет оқытушылары мен студенттерінің бейбіт еңбегі 1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысының басталуымен үзілді. Өз еріктерімен университеттің 287 қызметкерлері мен студенттері соғысқа аттанып, көпшілігі қан майданда қаза тапты. Осы қатаң уақытта университет «Барлығы фронт үшін! барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмысын жалғастырды.
Сұрапыл соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезеңде ҚазМУ-дың ректоры болып И. К. Лукьянец (1940-1947) қызмет атқарды. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы күшейтіліп, СССР ҒА академиктері мен корреспондент мүшелері жұмысқа шақырылды. Жоғарғы білім мектептері құрылып, әлемге әйгілі И.И.Мещанинов, Н.С.Акулов, ҒА корреспондент мүшелері В.А.Догель, А.В.Думанский, профессорлар А.Михлин, М.А.Розенберг, Н.Пакуль т.б. қызмет атқарды.
Ғылыми- зерттеу жұмыстарының барлық мәселелері қорғаныс талаптары мен республиканың халық шаруашылығы және мәдени дамуының міндеттерімен, өндіріс үшін қосымша жергілікті шикізат іздестіру ісімен байланысып жатты. 1943-1944 оқу жылында С.М. Киров атындағы ҚазМУ бірінші категориядағы ЖОО қатарына жатқызылды.
Соғыстан кейінгі жылдары университеттің ғылым және білім беру саласындағы әлеуеті жақсарып, Қазақстан мәдениеті мен ғылымы, халық шаруашылығы үшін мамандар дайындаудың сапасы жақсарды. Әлемдік деңгейдегі белгілі қазақ ғалымдары: М.О.Әуезов, Қ.И. Сәтбаев, Е.Б.Бекмаханов, Д.В.Сокольский, К.П.Персидский, А.Б.Бектұров, Т.Т. Тәжібаев т.б. ғылым мектептерінің тізгінін ұстады.
Соғыстан кейінгі жылдары жаңа факультеттер: геология-география (1947), тарих (1948) ашыла бастады. 1949 ж. филология факультетінде психология және логика бөлімдері, жаңа философия және экономика факультеттері мен кешкі және сырттай оқу бөлімдері ашылды. Бұл факультеттер С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың ректоры, қоғам қайраткері Т.Т. Тәжібаевтың (1947-1953) бастамасы бойынша қолға алында. Білім алушылардың кәсіби тұрғыда қалыптасуында Ш. Уәлиханов атындағы Студенттердің ғылыми қоғамы (СҒҚ) маңызды рөл атқарды. Көптеген көркемөнерпаздар үйірмелері мен спорттық секциялар жұмыс істеді.
А.З.Зәкәрин С.М. Киров атындағы КазМУ-ды екі рет басқарды (1953-1955, 1961-1970). Ғылымдағы көптеген үздік жетістіктер, университеттің мәдени және қоғамдық өміріндегі ең есте қаларлық оқиғалар аталған жылдармен сабақтас. Университеттегі ғылыми мектептер мен білім беру дәстүрлері нығая түсті, студенттердің ғылыми, көркемдік шығармашылығы мен спорты айтарлықтай биіктерге көтерілді. Математика факультетінің жанынан республикадағы тұнғыш есептеу орталығы, жаңа кафедралар (гидробиология және ихтиология, метеорология, жоғары математика т.б.), М.О.Әуезов атындағы әдеби бірлестік (1961) және «Жеті муза» қоғамы құрылды (1965).
1955 ж. Алматы заң институтының негізінде заң факультеті ашылды. 1963ж. физика және тарих факультеттерінде орта мектеп мұғалімдерін ағылшын, неміс тілдерінде оқытатын арнайы бөлімдер ашылды.
1955-1961 жж. университет ректоры қызметін академик Т. Б. Дарқанбаев атқарды. 1955-1956 оқу жылы VI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне дайындық үстінде өткендіктен, ҚазМУ-дағы мәдени-бұқаралық жұмыс сапасы да өзгерді. Жалпыуниверситеттік 6 көркемөнер үйірмелері, филология факультетінде қазақ, орыс хорлары, драма үйірмелері мен джаз-оркестр құрылды. Физика- математика факультеті 2 дербес факультетке бөлінді.
0-шы жылдары университет жастары тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Алғашқы студенттік құрылыс жасақтары жасақталып, Қазақстанның барлық аймақтарында егіс, жеміс-жидек, темекі жинауға көмектесті.
Университет өмірінің жарқын беттері, соның ішінде ғылым мен мәдениетінің ең үздік жетістіктері 70-80 жылдарға сәйкес келеді. Осы кезеңде университетті белді қоғам қайраткері, академик Ө.А.Жолдасбеков (1970-1986) басқарды. Университеттің керемет студенттер қалашығы құрылысының бірінші кезеңі басталып, ғылым мен білімнің жаңа дәстүрлері туындап, дамып, нығая түсті. Университет студенттері де ғылым, өнер және спорт саласындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол азаматтың беделі, қайрат-қажыры мен табандылығының арқасында университетке қалашық салу үшін тамаша территория және осы керемет жобаны жүзеге асыру үшін қаржы мен қаражат-күш бөлінді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында «Биофизика» оқу-ғылыми өндірістік бірлестігі, студенттік құрылыс бюросы (СҚБ), тәжірибелік-эксперименттік зауыт және робототехника орталығы құрылады.
С.М.Киров атындағы ҚазМУ түрлі халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге тұрақты түрде қатысып жүрді. 1970 жылы рентгенометриялық талдағыштар, статистикалық интегратор және басқа да құралдарды дайындап шығарған ҚазМУ қызметкерлері ҚСРО ХШЖК-нің күміс және қола медальдарымен әрі дипломымен марапатталды.
Автоматтандырылған жүйелер ҒЗЖ-на және оқу үдерісіне 80-жылдары енгізіле бастағаны белгілі. ҚазМУ өзінің электронды машиналы паркін пайдаланудың арқасында Қазақстандағы ЖОО-ның осы бағыттағы көшбасшысы болды. 1985 жылы шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті ашылды.
1986 жылы ҚазМУ басшысы болып академик Е.Е.Ерғожин (1986-1988) тағайындалды. Еліміздің 1986 ж. желтоқсан оқиғаларынан кейінгі саяси және экономикалық ауыспалы қиын кезеңі еді. 1980-жылдардың соңында жариялылық пен демократияландыру саясатының нәтижелері анық сезіле бастады. Қазақ халқының ұлттық жаңғыруы, тарихтағы кінәсіз ұмыт болған ұлы есімдерді ақтау үдерістері басталды. 1988-1989 жылдары А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Е. Бекмаханов, Х. Досмұхамедұлының еңбектері жарық көрді. Казақстанның зиялы қауымы, соның ішінде ҚазМУ-дың гуманитария саласындағы ғалымдары түркі мәдениеті, қазақ халқының өткен өмірі, тілі мен салт-дәстүрі, отандық тарихтың аса көрнекті өкілдері туралы сол уақытқа дейін белгісіз болған мәліметтерді студенттер арасына тарата отырып, ұлт тарихындағы «ақтаңдақтарды» жою мақсатында орасан зор шығармашылық жұмысқа кірісті.
1988 ж. ҚазМУ ұжымы академик М.М. Әбділдинді (1988-1991) университет ректоры етіп сайлады. Оның университет басқарып отырған кезінде факультеттер мен кафедраларды жетілдіру, түрлі факультеттерде жаңа оқу бөлімдерін ашу, жаратылыстану кәсіптік бағдарындағы факультеттердің ғылыми-өндірістік базасын нығайту, барлық гуманитарлық ғылымдар бойынша оқу-әдістемелік кешендерді түбегейлі жаңарту сияқты т.б. жұмыстар өз жалғасын тапты. Осы жылы философия-экономика факультетін жетілдіру мақсатында айтарлықтай қадамдар жасалды: психология, әлеуметтану, дінтану және саясаттану бөлімдері және филология факультетінің арабтану кафедрасының негізінде шығыстану факультеті (1989) ашылды.
Академик К. Н. Нәрібаев (1991 – 2001) университетті қиын-қыстау 90-шы жылдары басқарды. Бұл — еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары, жаңа мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайының қалыптасу жылдары еді.
Қазақ мемлекеттік университетінің аты мен мәртебесі өзгере бастады. ҚазССР Министрлер Кабинетінің № 629 Қаулысымен 1991 жылы 23 қазанында Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы философ, энциклопедист ғалым әл-Фараби аты беріліп, 1993 жылдың 9 қаңтарындағы №1059 ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті деп аталатын болды.
