Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 80 жыл толды.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – Қазақстан Республикасының жоғары оқу орны. Республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған баламасыз бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің символы – тұмар.
Қыздар институты құрылғаннан бастап, университет түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде ұстаздық және қоғамдық жұмыстарда, өнер мен мәдениет салаларында жемісті еңбек етуде. Қыздар университеті қазақ аруларының шамшырағына айналған, қазақ халқы сеніп тапсырған мыңдаған жандардың үкілі үміті. Университеттің студенттері жақсы оқумен қатар, әндері және билерімен үлкен сахналарды әуелетіп, спорттық жетістіктерімен әлемді таңғалдыруда. Білікті маман, мықты педагог, ұлт тәрбиелеуші жастар осы парасат мектебінен түлеп ұшады.
Іргелі білім ордасы осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1944 жылғы 15 тамызда ҚазССР Халық Комиссарлар Кеңесінің қазақ қыздарынан жоғары дәрежелі мамандар даярлау туралы №457 қаулысы негізінде институт болып ашылды.
Сол жылдың қыркүйек айында институтта Физика-математика, Тіл-әдебиет және Тарих факультеттері ашылып, 100 студент оқуға қабылданды. 1944 жылы институттың үш факультетінде қызмет еткен ең алғашқы 20 оқытушының бесеуі ғылым кандидаты, сегізі аға оқытушы және жетеуі оқытушы болды.
Еліміздің шалғай аудандарындағы қыз балаларын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани биік, парасатты, білікті мамандар етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен ашылған білім ұясының бұл кезеңі ел тарихының елеулі, қиын да сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс кезімен тұспа-тұс келді.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты және М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі 1944 жылдың сәуір айында СОКП Орталық Комитеті бюросының қабылдаған “Қазақ жастарынан жоғары дәрежелі педагог-мамандар дайындау” туралы қаулысы негізінде ҚазКСР Халық Комиссарлар кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында ашылды.
Қабырғасы жаңа қаланған институттың құрамындағы физика-математика, тарих, тіл және әдебиет факультеттерінің әрқайсысына 30-дан студент қабылдауға және 2 жылдық дайындық курсын ашу, оған 60 талапкер қабылдау және олардың тамағы, киімі, кітап т.б. керек-жарағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім шығарылды. Инсти-тутқа Гоголь көшесіндегі 119 үйді оқу ғимараты, Лесная көшесіндегі 86 үй жатақхана ретінде пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Алматы құрылыс тресіне оқу орнын қажетті құралдармен қамтамасыз ету, ал ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне 300 адамды жиһаз, төсек-орынмен жабдықтау тапсырылды.
Қарашаңырақтың ашылуына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Сауранбаев, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов сынды ұлтымыздың даңқты перзенттері үлкен қолдау көрсетіп, «Тәңір жазса бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының үлкен шамшырағы болады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін» деген ақжолтай тілегін білдірген.
Оқу жылының бірінші жартысында 9 кафедрадан тұратын 3 факультетте 20 ұстаз, оның ішінде 5 ғылым кандидаты, 8 аға оқытушы, 7 оқытушы дәріс берді. Институттың директоры болып Қ.Оспанов тағайындалды.
Ал 1945 жылдың 11 қыркүйегінде институттың алғашқы ректоры болып Тұрсын Мырзабекова тағайындалды. Соғыстан кейінгі кезеңнің ауыртпашылығына қарамай, ұйымдастыру, қалыптастыру сияқты қыруар жұмыстарға көп күш салған алғашқы ректор-дың ерен еңбегін ерекше атаған жөн.
Білім алуға келген қыздарға М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, К.П.Персидский, А.Жұбанов, Ш.Батталова, О.А.Жәутіков, Н.Сауранбаев, Ә.С.Тұрсынбаев, В.А.Есенғалиева, Х.Х.Махмутов, С.Т.Толыбеков, Х.Жұманов, К.Қармысов, К.Айманов, М.Балақаев, Е.Косюхин, Ө.Байділдаев, К.Барманқұлов, И.Маманов, А.А.Федулова, Д.Т.Тұрсынов, З.Ахметов сынды көптеген көрнекті ғалымдар дәріс берді.
Жылдар өткен сайын институтта оқытушылар құрамы ғылыми атақтары бар ұла-ғатты ұстаздармен толығып, материалдық-техникалық және оқыту-әдістемелік мүмкін-діктері арта түсті, осылайша білім ордасының бұғанасы бекіп, ауқымы кеңейе бастады.
Соғыс біткен соң республикада оқу орындары, мәдени орталықтар, кітапханалар санының өсуіне байланысты жоғары білімді мамандар керек болды да, институтта педагогикалық мамандықтарға қоса кітапханатану, ән-музыка кафедралары ашылып, кейін олар жеке факультетке айналды.
Музыка факультетінің аяқтан тік тұруына белгілі композитор Б.Байқадамовтың ат-қарған еңбегі зор болды. Кафедра құрамында пианист-концертмейстер В.С.Пирогова, музыка теориясының мамандары Б.М.Жүсіпалиев, Ә.Әбдікәрімов, Қазақстан компози-торлар одағының мүшесі Ө.Бәйділдаев, Д.Б.Ботпаев, И.К.Кереев, А.Ф.Славопицкая, Ә.Бапи, З.А.Попова жұмыс істеді.
1968 жылы Е.Хасанғалиевтың ұйымдастыруымен құрылған “Айгүл” квартеті Марат Балтабаевтың басқаруымен вокальды-аспаптық ансамбль жетпісінші, сексенінші жылдардағы Бүкілодақтық жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жүлдегері атанды.
Оның құрамында – Г.Қарамолдаева, А.Исағұлова, Д.Ерғалиева, М.Жүнісова, С.Ұзақбаева, А.Арықова, Қ.Омарова, Р.Әлисова, М.Ысқақова, З.Әлібековалар өнерімен қалың жұртшылыққа ертеден-ақ танымал болды.
Аты аңызға айналған Социалистік Еңбек Ерлері Рафиқа Нұртазина, Рыскүл Мақатова, ҰҒА академигі осы оқу орнын 16 жыл басқарған Күләш Құнантаева, “Даңқ белгісі” орденімен, “Қажырлы еңбегі үшін” медалінің иегері, институттың үшінші ректоры болған Ажар Ыбраева, Жоғарғы Кеңестің депутаты Ж.Күленова, қоғам қайраткерлері — Халықты әлеуметтік қорғау министрі болған, Парламент Мәжілісінің үш шақырылымының депутаты З.Қадырова, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, филология ғылымдарының кандидаты А.Османова, белгілі қоғам қайраткерлері Ж.Әмірханова, О.Асангазиева, ғалымдар Ү.Сұбханбердина, С.Ұзақбаева, З.Жәкішева, көрнекті ақындар Ә.Беркенова, А.Бақтыгереева, белгілі әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова, әншілер М.Ералиева, Ұ.Айнақұлова, Д.Хамзина, Т.Асар, Г.Өмірбаева, Ұ.Белғозиевалар – университет мақтаныштарына айналған халықтың алдында шоқтығы биік аяулы қыздары.
Институт ашыларда заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің “Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айна-лады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік” деген ақ тілегі қабыл болып, бүгінде бұл оқу орнының қоғамдағы мәртебесі биікке көтерілді.
Бүгінде магистратурадан 22 мамандық ашылып, қазірде 19 мамандық бойынша ғылыми-педагогикалық кадр дайындалуда. Сонымен қатар 12 мамандық бойынша мемлекеттік білім беру стандартын және басқа жоғары оқу орындарымен 6 мамандық бойынша оқу стандартын жасауы – біздің ғалымдардың ғылыми әлеуетінің үнемі артуының дәлелі. Соңғы бес жылда 17 ғылыми-теориялық халықаралық және республикалық конференциялар өтті.
Ғылыми зерттеу жұмысы 33 кафедра, әлеуметтік және гендерлік институты, іргелі ғылыми-зерттеу орталығы, 3 дербес зертханалар арқылы жүргізіледі. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы жоғары педагогикалық оқу орында-рының студенттеріне арналған “Педагогика тарихы” оқулығын, «Педагогика» термино-логиялық сөздігін, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 томдық “Адам-зат ақыл-ойының қазынасы” және “Қазақтың тәлімдік ойлар Антологиясын”» құрастырды. Осы факторлар білім сапасының жақсаруына тікелей әсер етуде. Университет алғаш-қылардың бірі болып кредиттік оқу жүйесіне көшіп, бакалавриат-магистратура нәтижелі жұмыс жасауда. Жуырда 4 мамандық бойынша докторантура (PҺD) ашылды.
Оқу сапасы және білім берудегі қызметті көтеру мақсатында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде сапа менеджменті жүйесінің элементтері негізінде автоматтандырылған басқару жүйесі жасалынып, оқу үдерісіне енгізілді. Сол арқылы әр студенттің оқуға түскеннен бітіргенше оқу сапасын қадағалап отыруға болады. Егер ата-ананың интернетке шығатын мүмкіндігі болса әр кезде өз баласы туралы мәлімет алуына болады.
Білім беру сапасын жоғарылату мақсатында “Сапа менеджменті” жүйесі 2004 жылдан бері университетте ресми мақұлданып, халықаралық, отандық стандарт талаптарына сәйкес білім беру нәтижелері мен білім беру сапасын жоспарлау, басқару, бағалау рәсімдерін іске асыруға қатысты ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Білім сапасы менеджментін енгізудегі басты мақсат — педагогикалық білім беру саласындағы озық технологияларды басшылыққа ала отырып, университеттің тиімді қызмет етуін үнемі жетілдіру арқылы студенттердің білім сапасын жоғарылату мен білім берудегі алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату болып табылады. Атқарылған іргелі жұмыстар барысында 2008-2009 оқу жылының басында ЖШС “ІnterCert” Сертификаттау Орталығының университеттегі жоғары кәсіби мамандар даярлаудың деңгейіне жоспарлы аудит өткізіп, нәтижесінде бакалавриат және магист-ратура бағдарламасы бойынша жоғары мамандандырылған білім беру сапасының ҚР СТ ИСО 9001:2001 стандартының базалық талаптарына сай екендігін растады. Бұны аталған сертификаттау ұйымының 2008 жылдың 4 желтоқсанында университетке берген №04185 (тіркеу нөмірі №01915) Сәйкестік сертификаты дәлелдейді.
Оқу үдерісін жетілдіру барысындағы үздіксіз жүргізілетін мақсатты жұмыстардың айқын нәтижесі – жыл сайын 2 курс студенттерінің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан өткізілетін мемлекетік аралық бақылауда (МАБ) жоғары көрсеткішке қол жеткізуі болып табылады. Мәселен, 2008-2009 оқу жылында МАБ нәти-жесі 92 пайызға өсіп, білім сапасының артып отырғанын аңғартты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық Акредиттеу Орталығының басшылығымен 2006 жылдан бері жоспарлы түрде жүргізіліп келе жатқан рейтингте университетіміз педагогикалық оқу орындары ішінде абыройлы екінші орынға ие болып келеді.
Рухани маңызы зор іс-шаралардың ұйытқысы саналатын, қазақ қыздарына тәрбие берудің өзіндік ерекше тұжырымдамасын жүзеге асырып отырған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті республика деңгейінде тәрбие мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік орталық болып есептеледі.
Біздің қыздар өте өнерлі, мұнда үлкен ұлт аспаптар оркестрі, хор, «Айгүл», «Ұлар», «Томирис» ансамбльдері, «Өнер-жастан» опера студиясы бар. Университет студенттері көптеген халықаралық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарды иеленді. Спорт-тағы жетістіктеріміз қуантады. Соңғы универсиададан 89 ЖОО ішінде 7 орынға шықты.
80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бүгінде еліміздің жоғары білім беру жүйесінде өзіндік дара орны, айрықша беделі бар. Оқу орны құрылған күнінен бастап-ақ отандық білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды.
Қыздар университеті ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында мыңдаған білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды.
Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жатыр.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 22 қыркүйектегі №531 бұйрығы негізінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына «Университет» мәртебесі берілсе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл тарихы терең ұлағат ұясының әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауға бағытталған іргелі қадам болды. Елбасының сенімі оқу орнының әлеуетін көтеріп, бәсекеге қабілеттігін арттыруға серпін береді және ұжымға зор жауапкершілік жүктейді.
Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Ордалы оқу орнының ұжымы бүгінде осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасауда.
Болашақ ұстаздарды даярлау мен еліміздегі университеттік ғылымды дамыту мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу корпусы берілді.
Ауданы 12 000 шаршы метрден асатын оқу корпусында жаңа форматтағы педагог кадрларды сапалы даярлау және озық ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті 40-тан астам оқу кабинеті мен ғылыми зертханаларды іске қосу жоспарланған.
Соңғы рет университетке ғимарат 1986 жылы берілді. Жаңа оқу корпусы университеттің білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге, студенттердің оқу жағдайларын, сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрам жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қазіргі таңда құрылымында 5 институт, 24 кафедра бар, 8600 студент оқиды.