Бүгін Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Елге қызмет – мәртебелі міндет» тақырыбында іс-шара өтті. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков салтанатты жиынды ашып беріп, ізгі тілегін арнады. Құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметі бүгінде ерекше жауапкершілікті талап ететін сала екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда құқық қорғау және төтенше жағдайлар саласы – ерекше жауапкершілікті талап ететін, әрбір күні, әрбір сәтте адам өмірі мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күресетін сала. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері өз жұмысында әділдік пен заңдылықты сақтауды ғана емес, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең үздік қызмет көрсетуге міндетті. Тек сол кезде ғана полиция мен халық арасында тығыз байланыс орнап, мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығаяды. Бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді» деп полиция қызметкерлерінің халықпен тығыз байланыс орнатудағы маңыздылығын ерекше атап өтті, – деді аудан басшысы.