Home Жаңалықтар КӨРНЕКТІ ТАРИХШЫ ЕРМҰХАН БЕКМҰХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ

КӨРНЕКТІ ТАРИХШЫ ЕРМҰХАН БЕКМҰХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 110 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Қазақ тарих ғылымының қалыптасуына және гуманитарлық ғылымдардың бір саласы есебінде дамуына үлкен үлес қосқан ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың туғанына 110 жыл толып отыр. Ол уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын.«ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабында Кенесары Қасымұлы көтерілісін қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

Қысқа ғұмырында көптеген жас мамандарға жетекшілік жасады, талантты жастарға ғылымға жол ашты. Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен аса бағалы. Ол Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы туралы терең мазмұнды көптеген ғылыми еңбектер жазды.
Е.Бекмаханов жүзден астам ғылыми еңбек жазды. Зерттеулерінің негізгі проблемасы – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихындағы әлеуметтік экономика және саяси құрылыс жағдайлары, Қазақстанның Ресейге қосылуы.
Е.Бекмахановтың республика мектептерінде тарих пәнін оқытуды жетілдіруге, әсіресе Қазақстан тарихы мектеп курсын қалыптастыруға қосқан үлесі зор. Е.Бекмаханов қайтыс болғаннан кейін оның мектептерде пайдаланып жүрген оқулықтарына қызы Найля Ермұқанқызы екінші автор болып тағайындалды. Соның нәтижесінде Е.Бекмахановтың мектеп оқушыларына арналған Қазақстан тарихы оқулықтары отыз жылдан астам үзіліссіз пайдаланылды. Е.Бекмаханов республикамыздың көрнекті тарихшылары ішінде Қазақстан тарихы мектеп курсының негізін салған бірден бір тарихшы болды.
Ермұқан Бекмаханов ерен еңбектері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және медальдармен марапатталды.

Бекмаханов дүниежүзілік соғыс кезінде қауіпсіз аймақ деп Қазақстанға жіберілген Ресейдің белгілі тарихшы ғалымдарының Қазақтан тарихын жазуына түрткі болып, ұлттық тарихнаманың дамуына зор үлес қосты. Екінші жақтан ол Кеңестік кезеңде ұлт қаһарманы Кенесары Қасымұлының көтерілісіне ұлт-азаттық көтеріліс деп баға беріп, докторлық диссертация да қорғады. Өкінішке орай ол бұл үшін қуғындалып, итжеккенге айдалды.
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов  — тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі (1962 жыл) болды.
Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 14 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасындағы Төре ауылында дүниеге келген. Әкесі Бекмахан кедейленіп, Мұса Шормановтың немере інісі Зында Шормановтың малын баққан. Бекмаханың Бәпіш деген әйелінен Дінше, Ермұхан және Қамияш деген үш баласы болады. Бекмахан мал бағып жүріп өкпесіне суық тигізіп алады да, Ермұхан алты жасқа толмай жатып қайтыс болады. Осылайша Ермұханның анасы Бәпіш үш баламен тұрмыстың ауыр тауқыметін тартуға мәжбүр болады. 1925-1931 жылдар аралығында Баянауылдағы мектепте оқиды. Жоғары оқуға түсу үшін Ермұқанның жеті жылдық мектебі жеткіліксіз еді. Алайда Ермұхан мектеп бітірген жылы туған ағасы Дінше қос өкпесіне суық тигізіп, қайтыс болады. Әкесі қайтыс болғалы тұрмыс жағдайы мәз емес Ермұханның отбасысының жағдайы ағасы Діншенің аудандық деңгейлегі орташа шенеунік болғалы біршама жақсарып қалған еді. Ағасының қайтыс болуы анасының Ермұханның оқуының жалғастыруына деген қарсылығын туғызды. Анасының қарсылығына қарамастан Ермұхан Семейдегі Жұмыс факультетіне түседі. Сол жылдары Қазақстанда күштеп ұжымдастыру салдарынан ашаршылық орын алып, Ермұханның анасы мен кішкентай қарындасы қайтыс болады. Бұл оқиға Ермұханның қатты қажытады. Бұған қоса, анасы мен қарындасының денесінің қай жерде екені, көмулі немесе көмусіз қалғаны белгісіз еді.
Семейде оқып жүрген кезде елдегі орын алған ашаршылық Баянауылды да айналып өтпегенін естіген Ермұхан және оның ауылдастары жақындарына көмектесудің амалын іздейді. Сөйтіп бала кезінен досы, өзінен сәл үлкендеу, сол кезде Семейдің медициналық училищесінде оқып жүрген Сәлкен Сұбханбердинге өз ойын айтады. Сәлкен болса Алаш қозғалысының белді мүшелерінің бірі Асылбек Сейітовтен кеңесіне жүгінуге ұсыныс айтады. Асылбек Сейітов ол кезде өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бастығы болатын. Жас жігіттердің елге көмектескісі келетіндігі туралы ойын естіп, оларға елден бұрын әркім өзіңнің бас амандығын ойлау керектігін айтып, елге бармауға үгіттейді. Өмір көрген Асылбек Сейітов жас жігіттердің елге көмектесуге қауқарсыз екенін, егер елге баратын болса, аман қайтуы екіталай екендігін білгендіктен солай кеңес берген еді. Ермұхан және оның бір топ жерлестері туған-туыстарына қаншама көмектескісі келсе де, Асылбек ағаның айтқан сөздері шындық екенін түсініп, елге қайту идеясынан бас тартады. Кейінрек Асылбек Сейітов Ермұханды өз қамқорлығына алып, бар көмегін аямайды.

1933 жылы Семейдегі Жұмыс факультетін тәмамдаған Ермұхан ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түсу мақсатында Алматыға жол тартады. Алматыда ол ағасының досы Диқан Әбілевті кездестіреді. Диқан Әбілев Ермұханға Алматыға оқуға түсетін болсаң, осындағы шолақ белсенді жерлестерің сенің төре тұқымынан екеніңді жәрия етіп, қудалауға түсіруі мүмкін деп ескертеді. Диқан Әбілев Ермұханға Орталық Ресейдегі оқу орындарының біріне түсуге кеңес береді. Дихан Әбілевтің кеңесін алған Ермұхан Халықтық ағарту комиссариатына барады. Комиссариаттағы құжат қабылдаушы адам Ермұханның кешікенін алға тартып, Мәскеу және Ленинградтың оқу орындарына түсе алмайтынын айтады. Алайда Тамбов қаласындағы ашылған педагогикалық институтқа түсуге мүмкіндігі бар екенін айтып, шешімді бүгін шығару керексің, болмаса ол оқу орнына да түсе алмайсың деп ескертеді. Ермұхан сол жерде Тамбов педагогикалық институтында жаңадан ашылған тарих факультеніне түсуге құжаттарын тапсырады. Халықтық ағарту комиссариаты Ермұханның Тамбов қаласына жетуі үшін қаражат бөледі. Осылайша тарихшы болуды ойламаған Ермұхан өзінің ғылымдағы алғашқы қадамын бастайды. Тамбов қаласындағы оқу Ермұханның көңілінен шыға қоймайды. Сөйтіп, 1936 жылы Халықтық ағарту комиссариатының шешімімен Тамбов педагогикалық институтының тарих факультеті жабылып, ол факультеттің студенттері Воронеж педагогикалық институтына ауыстырылады. 1936 жылдың күзінде Ермұхан Воронежге келеді. Ал ол кезде сол Воронеж қаласында айдауда Алаш қозғалысының белді мүшелері Халел Досмұхамедов және Мұхаметжан Тынышбайұлы айдауда жүрген еді. Ермұхан жоғары білімді, озық ойлы Алаш зиялыларына кездесіп, ой бөлісуінің нәтижесінде тарихқа деген қызығушылығы арта түседі. Халел мен Мұхаммеджанның әсері Ермұханның келешекте кәсіби тарихшы атанып, үлкен ғалым болуына зор ықпал етеді.

1937 жылы Ресейдің Воронеж қаласындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ КСР халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында еңбек еткен. Отан соғысы жылдарында Республиканың халық ағарту комиссариатының басқарма бастығы болған. Сонымен қатар Алматының жоғарғы оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған.

Дүниежүзілік екінші соғыс қазақ тарихнамасы үшін үлкен бір мүмкіншілік туғызды. Ол мүмкіншілік соғыс себебімен Мәскеу және Ленинград қалаларындағы 11 көрнекті орыс тарихшысының Алматыға жіберілуі еді. Бұлар арасында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин және Я. Я. Зутис сынды ғалымдар бар еді. Бұл ғалымдардан Қазақстан тарихы туралы кең көлемді бір зерттеу еңбегі жазу барысында пайдаланып қалу ұтымды болар еді. Мұндай ойға келген Бекмаханов әлгі ғалымдарды осындай зерттеуге атсалысуға көндіруде табысты болады. 

Сөйтіп Бекмаханов 1943 жылы Қазақстан тарихының кәсіби тарихшылар тарапынан жазылған алғашқы ғылыми нұсқасының ортаға шығуына түрткі болады. Қазақ және орыс тарихшылары тізе қоса отырып жарық көрген алғашқы Қазақстан ССР тарихы одақтас елдер ішінде бір елдің тұңғыш зерттеу кітабы және авторлары арасында орыстың белгілі ғалымдарының болуы одақ көлемінде бүкіл назарлардың оған аударылуына себеп болды. Кітап Сталин жүлдесіне кандидаттыққа ұсынылды. Белгілі орыс ғалымы А. В. Пиковский оның Марксистік-Ленинистік ғылыми зерттеулерге қосылған сүбелі үлес екенін айтып, оған жоғары баға берді. Бірақ кейін еңбек орыстарға қарсы жазылған зиянды кітап ретінде орынсыз сынға ұшырап, жүлде берілмеді. Кітапты сынаған профессор А. И. Яковлевтің пікірінше, Кеңестік республикалардың тарихтары “орыс ұлты тұрғысынан” жазылуға тиісті еді; сондай-ақ әр елдің, әр республиканың өзінің ұлттық тарихын жасауы қауіпті және интернационализм принцибіне қайшы келеді.
1946-1947 жылдарда Қазақ КСР Ғылым академиясында жаңадан құрылған Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, ягни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.

Алайда бұл еңбек Кеңес Одағына мүше Ресейден өзге елдер ішіндегі бір елдің тарихының жан жақты жазылуының алғашқы ұмтылысы ретінде дараланды. Сонымен бірге ол қазақ халқының заманауи ғылыми зерттеу әдісімен жазылған алғашқы тарихы еді. Еңбектің ғылыми Қазақстан тарихнамасының негізі екенін баса көрсеткен белгілі тарихшы ғалым профессор Талас Омарбеков онда Патшалық Ресейдің қазақтарды орыстандыру саясатының бұдан алдын және кейін басқа ешбір еңбекте болмағандай өткір сыналғанын атап өтуде. Сонымен бірге өзге Кеңестік елдердің ССР тарихының Қазақстаннан көп кейін жазылғаны назардан тыс қалмауда. Атап айтқанда, Өзбекстан ССР тарихы 1955-1957, Қырғызстан ССР тарихы 1956, Әзірбайжан ССР тарихы 1958, Түркменстан ССР тарихы 1959 жылдары жазылатын еді.
Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарық көрген XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 жылы Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған.
Осындай қазақтың тарих ғылымының дамуына баға жетпес үлес қосқан Бекмаханов екінші жақтан өзі де Ресейдің алдыңғы қатарлы тарихшыларымен бірге жұмыс істеп, олардың ғылыми тәжірибелерінен пайдалану мүмкіндігіне ие болады. 1946 жылы Бекмаханов Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы докторлық диссертациясын табысты қорғап, қазақтың тұңғыш тарих ғылымының докторы атағына ие болды.

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң «Қырғиқабақ соғыс» басталды, ол идеологиялық соғыстың күрт шиеленісуімен есте қалды. ВКП(б) ОК-нің «Татария, Башкирия, Белоруссия және Украина партия ұйымдарының саяси және идеологиялық жұмысы туралы», сондай-ақ «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы (1946 ж.) қаулылары елдегі ұлтшылдық пен космополитизмге қарсы кең көлемді науқанның басталуына әкеп соқты. Бұл, әрине, Қазақстанды да айналып өтпеді. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулыларында (1947 ж., қаңтар) ҚазКСР ҒА Әдебиет және тіл институтының жұмысындағы «өрескел саяси қателіктер» айыпталды. Әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев және басқалар қатаң сынға ұшырады. Жас тарихшы
Е.Бекмаханов аталмыш қаулының әсерімен белгілі ғалым, археолог, этнограф, фольклортанушы, тарихшы Ә.Марғұланды сойып салды, бірақ ол өзінің де көп ұзамай сын мен қуғын нысанына айналатынын білмеді. 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» кітабындағы Кенесары қозғалысы туралы тарау Бекмахановқа тиесілі еді, оны ғылыми қауымдастық пен жалпы жұртшылық қазақ халқының тарихы мен оның мемлекеттілігі туралы алғашқы және сәтті зерттеу деп жылы қабылдады. Алайда ол да сын мен міннен тыс қалмады. 1947 жылдың наурызында, Қазақстан КП ОК пленумы өз қаулысында бұл кітапты «Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер асыра дәріптеледі, орысқа қарсы» деп бағалады.

Сонау 1947 жылы, Қазақстан ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Онда Кенесары ханның басшылығымен болған азаттық қозғалысының тарихы егжей-тегжейлі баяндалған. Автор халық көсемінің жеке бас тұлғасына да объективті баға берді. Бұл ретте Кенесарының ұлы Ахмет Кенесариннің «Кенесары және Садық» атты еңбегі де құнды дереккөз саналады. Биыл, 2025 жылы, Бекмахановтың сол зерттеуінің жарық көргеніне 78 жыл болады. Алайда Бекмаханов Кенесары Қасымұлының көтерілісіне феодалдық-монархиялық қозғалыс емес, ұлт-азаттық көтеріліс деп баға бергені үшін саяси қуғын-сүргінге душар болады. Жазғандарынан бас тартпаған Бекмаханов алдымен партиядан шығарылды. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан босатылды, тіпті ғылыми атақ дәрежелері жарамсыз етілді. Енді оған ешбір жерде жұмыс берілмейтін болды. Көп ізденістер мен өтініштердің нәтижесінде Алматы тысында бір ауылда мұгалімдік қызмет қана тапты. Сөйтіп кешегі ҚазГудың белгілі профессоры бастауыш мектептерге тарих пәнінен сабақ бере бастаған еді.

Асыра сілтеу, бурмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дөріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Е.Бекмаханов еңбегіне байланысты пікірталастар 1947 жылдың екінші жартысында күшейе түсті. Ермахан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады.

1947- 1950 жылдарда Е.Бекмахановтың күйі өте ауыр болды, күн өткен сайын оған тиген моральдық соққының салмағы арта берді. Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы Тілеуқажы Жанайұлы Шойынбаев, Хадиша Гилимқызы Айдарова және А.Ф. Якунинің қол қойған КСРО-ның басты газеті — Правда газетіндегі 1951 мақаладан басталады. 1951 жылы университеттеғі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды.[4]

1948 жылы ақпан айында КСРО ҒА Тарих институтында өткен пікірталас еліміздің көрнекті ғалымдары Бекмахановтың еңбегін бұрынғыша жоғары бағалайтынын көрсетті. Бірақ қаскөйлер (Айдарова, Шойынбаев және т.б.) тыншымады. Олар ҚазКСР ҒА ­Тарих институтында тағы бір пікірталастың өтуіне себепші болды (1948 ж., шілде). Пікірталас бес күнге созылды және тым шиеленісті ахуалда өтті: «шешендер» қарапайым этикалық және ғылыми нормалармен санаспай, кітап пен оның авторына қатты шүйлікті. Шойынбаев, Айдарова, Аманжолов, Ақынжанов, Шахматов, Сүлейменов, Толыбеков, Жизневский, Нұрқанов, Тұрсынбаев, Покровский кітап пен оның авторын ­айыптады. И.Будовниц, Х.Әділгереев, А.Нүсіпбеков, Б.Аспандияров, Е.Дильму­хамедов, А.Жиренчин, Т.Кұлтөлеев турасын айтты.­ Қатысушылардың көбі Т.Елеуовтың сөзіне таңғалды: ­Тарих институтының ғылыми хатшысы, парторг болып істейтін одан авторды әшкерелеуші сөз, партия ұстанымын қолдауды күткені анық. Алайда ол өзінің адал адам екенін көрсетті.
 Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мүғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. Екі айға жуық тергеу жүмыстары жүргізіліп, 1952 жылдың 3 қарашасында № 699 іс бойынша Е. Бекмахановты айыптау қортындысы дайын болды. Ермұханның жары Халима Бекмаханованың естелігінен:

«1952 жылдың 30 тамызында Ермұқанды Новотроицкіге шығарып салдым. Кеткісі келмей, бірдеңе сезгендей, мазасыз күй кешіп еді. Айтқандай-ақ, 5 қыркүйекте оны тұтқындап, Алматыға әкеліпті. Сол күні біздің үйде де тінту жүргізілді. Кешкі сағат 10-да жұмыстан келсем, үйдің есігі ашық тұр. Бір бейтаныс қазақ тінтуге құжат көрсетті. Ермұқанға бірдеңе болғанын сездім. Ас-су беруге рұқсатты табаннан тозып жүріп бір ай дегенде әрең алдым.

Тергеу үш айға созылды. «Тергеу әдістері жайында жиркенішсіз еске түсіре алмаймын, – деп жазды Ермұқан өзі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке. – Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сол үшін барлық тәсілдерді пайдаланып тырысса да мен жекелеген адал адамдарды қаралай алмадым». Ерекең бұл арада Сәтбаев пен Әуезов жөнінде айтып тұр.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1947 жылы өзі іргетасын бекіткен тарих факультетінде оның есімі мен мұрасы ұмыттырылмауға тырысылуда. Онда жыл сайын “Бекмаханов оқулары” атымен ғылыми басқосулар және конференциялар өткізілуде. Шетелдерде Бекмаханов туралы көптеген мақала және кітаптар жарық көрді. 2015 жылы оның туғанына 100 жыл толуына байланысты Ыстамбұлдағы Мимар Синан көркем өнер университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның мәтериалдары түрік және ағылшын тілдерінде екі том кітап болып жарық көрді.

Сонымен қорыта айтар болсақ, Ермұхан Бекмаханов — қазақтың ұлттық тарихына өлшеусіз еңбек еткен және Қазақстан тарихнамасының негізін салған аса көрнекті тарихшы. Оның есімі мен мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі өмір сүретініне еш күмән жоқ.

Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Жоғарғы Соттың ғимараты Гоголь мен 8-ші март көшелерінің бұры­шында болатын. Ермұқанды 4 солдат айдап алып келді. Ол маған жақындамақшы болған, мен де ұмтылдым, бірақ бізді айырып жіберді. Соттың үш күнінде көптеген куәлар келіп, кетіп жатты. 4 желтоқсанда үкімді жария еткен кезде менің қатысуыма рұқсат берді. Көз жасы еріксіз сорғалаған Ермұқан маған қарады да отырды. Үкімді естігенде жылап жіберді. Мұндай әділетсіз, қатал үкімге қалай жыламассың! Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады»

Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.

Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты.

ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтау ісімен айналысты. Бұл еңбегі А.М.Панкратованың бага жетпес көмегінің арқасында Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді.

Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.

Қазақстан төуелсіздік алғаннан кейін Е. Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарық көрді.

Ермахан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, тыйым салынған Кенесары тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ғылым академиясының басшысы Вавилов Сәтбаевқателефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады»

Сібірде айдауда өткізген жылдары Ермұханның денсаулығына өз әсерін тигізбей қоймады. Өкпесіне суық тигізіп алған Ермұханның денсаулығы жыл сайын нашарлай берді. 1966 жылы өзінің емдеуші дәрігерінің табанды кеңесімен Министрлер Кеңесінің ауруханасына жатады. Алайда Ермұхан өкпе ісігінің соңғы кезеңінде еді. Сонымен қоса, астма ауруы да асқынып кеткен болатын. Ол өзінің өлетінін білген және өмірінің соңғы күндері ғалымның жағдайын сұрауға келген жерлесі, медицина ғылымдарының докторы Хамза Жұматовқа былай деген: «Менің жағдайым мүшкіл, алайда абыроймен өлу керек». Дәрігерлер де Ермұханның жағдайының мүшкіл екенін түсініп, өмірінің соңғы күндері ең жақын адамдарынан басқа ешкімді палатаға кіргізбеген. Алайда дәрігерлер Ермұханның әйелі Халима Адамбекқызының өтінішімен мамыр айының алғашқы күндерінің бірінде Бауыржан Момышұлына палатаға кіруге рұқсат еткен. Жағдайын сұрап келген Бауыржан Момышұлына Ермұхан: «Бауке, ер адам үшін 50 жас деген түк емес қой. Армандарым мен жоспарларымда орындай алмай кетіп барамын. Кешіріңіз мені» депті. Кейінірек Бауыржан Момышұлы өз естелігінде: «Ол менен өзінің тарих бойынша жазып үлгермеген ғылыми еңбектері үшін шынайы кешірім сұрады» деп жазады. Сөйтіп 1966 жылдың 6 мамырында Ермұхан Бекмаханов дүниеден озады. Ғалыммен қоштасу рәсімі бір күннен кейін болады. Кандидаттың және докторлық диссертациясының тақырыбын Кенесарыға арнаған Ермұханның жаназасына ғалым, геология-минереология ғылымдарының докторы, Кенесарының ұрпағы Нәтай Әзімханұлы Кенесарин арнайы Ташкенттен келіп, қаралы жиында сөз сөйлеп, өзінің досын ақтық сапарға шығарып салады.
Бейіті Алматыда Райымбек көшесінде белгілі жазушы Мұхтар Әуезов және белгілі киногер Шәкен Аймановпен бір зиратта.

 

 

You may also like

Leave a Comment