Биыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Ескендір Хасанғалиевтің туғанына 85жыл толады.
Ескендір Хасанғалиев 1940 жылғы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты округі Батпақкөл мекенінде дүниеге келген. Әкесі математика пәнінің мұғалімі Құбаш Ибрашев пен анасы Қанаш Өтегенқызы өнерге жақын жандар болған. Екеуі бір сахнада өнер көрсете жүріп, бір-біріне ғашық болып, отбасын құрған. Композитордың сұқбаттарының бірінде анасы оны он бес жастан асқанда дүниеге әкелгенін, әкесі математикадан сабақ берсе де, скрипка тарта алатын өнері болған екен.
Құбаш Ибрашев 1918-1942 жылдары өмір сүрген. 24 жасында өмірден өткен. Анасы Ханаш Өтегенова 1924-1985 жылдары ғұмыр кешті.
«Туған анам – Қанаш апай мені он бес жастан асқанда дүниеге әкелген. Жолдасы – Құбаш Ибрашев. Ол кісі 24 жасында өкпе ауруынан дүние салды. Математикадан сабақ берсе де, скрипкада аздап ойнайтын өнері болған. Қанаш апай 7-класстың оқушысы, ал ол кісі ұстазы болған. Сонда мектепте қойылым қояды екен. Бір сахнада өнер көрсетіп, бір-біріне ғашық болған. Демек, мендегі музыка өнері екі жақтан да бар», — дейді Хасанғалиев бір сұқбатында.
Бала Ескендір екі жасқа келгенде, әкесі қайтыс болып, нағашы атасы Өтеген Хасанғалиев пен Бахия әжесі қамқорлығына алады. Атасы ауыл кеңесінің бастығы болып қызмет еткен. Ал анасы Қанаш Өтегенқызы 1985 жылы дүние салған.
«Мені атам Өтеген Хасанғалиев пен Бахия әжем бауырына басып алды. Үлкен анам деп атаушы едім. Туған қызының баласын қамқорлығына алу қазақта бар дәстүр. Ол кісілерге деген ризашылығым мол. Өтеген атамды Өте дейтінбіз. Ол кісі ауыл кеңесінің бастығы болған үлкен кісі», — деп естелігімен бөліскен екен көзі тірісінде. «16 жасымда Ермек ағам мен Роза апама ғашық бодым. Содан өз жолымды нақтыладым. Бірақ алдында тау инженері болсам деген арманым болды. Өйткені біздің ауданның 2 жігіті Алматыда оқитын. Демалысқа келгенінде соңынан қалмайтынбыз. Киіміндегі алтын түсті түймелер мен иығындағы погонға қызыға қараушы едік. Инженер боламын деп жүрдім. Ой үстінде жүргенде мектепті бітірдік. Аңсап, армандап Алматыға жолға шықтық», — дейді Хасанғалиев жастық шағын еске алып.
Ауыл баласы алғаш рет нотамен Орал қаласында алты ай баян аспабында ойнайтын музыканттар курсында танысқан. Ал фортепианоны алғаш рет 1959 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның дайындық бөліміне түскен кезде көрген. Ол кезде әнші 19 жаста еді.
1963 жылы Қазақ радиосында музыка редакторы болды. Бір жылдан соң Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaлды-хор фaкультетiн Галина Виногрaдова мен Надия Шәріповaның клaсында бітірген.
Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар институтында хор дирижері, Қазақ радио және телеарна оркестрінің солисі қызметін атқарды.
Тау инженері болу арманын арқалап Алматыға аттанған бозбала қасындағы жолдастарының көндірумен бұй ойынынан айнып, ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультетіне құжат тапсырады. Алайда ұпайы жетпей оқуға түсе алмай, Ұзынағашта құрылыс техникумының он айлық курсына құжат тапсырады. Екі ай өткенде ауылдан телеграмма келіп, елге қайтады. Екі жылдай ауылда жүріп, Оралдағы педагогикалық институтқа география факультетіне оқуға түседі. Алайда қысқы емтиханнан сүрініп, алты айлық баян курсын бітіріп, қайта ауылына оралады. Келесі жылы Алматыдағы екі жылдық дайындық курсына қабылданады. «Сахна мен күйсандық — біздің жан жолдасымыз»: композитордың өнер жолы Талантты композитор бала шағынан домбыра тартып, ән салған. Құрмaнғaзы aтындaғы Aлмaты мемлекеттiк консервaториясының вокaлды-хор фaкультетiн алты жыл оқығанымен, мұғаліммен арадағы түсініспеушілікке байланысты соңғы курста оқудан шығып қалады да, 1978 жылы Әль-Фaрaби aтындaғы Шымкент мәдениет институтын бітіреді. Ескендір Хасанғалиев ең алғашқы әрі талант иесін халық арасында композитор ретінде танытқан әні – «Анаға сәлем». Композитордың өзі көзі тірісінде берген сұқбаттарының бірінде «ең алғаш 21 жасымда жазған «Анаға сәлемім» бәрінен де қымбат» деп бұл әніне ерекше бағалаған екен. «Шынайы сағыныш сезімінен туған әндердің ғұмыры ұзақ болады. Өйткені сезімдердің ұлысы – сағыныш қой. Алыста жүрген анама деген сағыныштан жазылған «Анаға сәлемім» өміршең болғандай». Ескендір Хасанғалиев.
«Атамекен» – шетелде жүрген өнер адамының ауылға, Алматыға деген сағынышынан туған ән.
«Концерттік сапарларға жиі шығып тұрушы едік. 1970 жылы 30 жасымда Швецияға іс-сапармен бардым. Жанымдағының бәрі – өнер қайраткері. Ең жасы менмін. Нұрғали Нүсіпжанов менен 3 жасқа үлкен. Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Абдуллиндер бар. Бұл қазақ әншілерінің алғашқы делегациясы екен. Стокгольм қаласында концертке дайындалып жүргенімде ауылымды сағынып, Алматымды сағынып, біртүрлі сезімде болдым. Содан кішкене мұңдылау бір әуен туды. Бір жағынан патриоттық әсері бар сияқты. Ол әнді Алматыдан жолға шығарда жазғанмын. Соны Стокгольмде пысықтап, бітіріп, бірінші концертте Нүсіпжанов екеуіміз дуэт болып орындадық. Ол «Атамекен» әні болатын. Сөзі — Қадыр Мырза Әлінікі», — деді Хасанғалиев.
Осылайша, «Атамекен» әні алғаш рет Швецияда орындалған. Сол жақтағы қазақтар сахнадағы қос әншіге гүлдерін ұсынып, ықылас танытып, алғыс айтқан.
«Әнді айтып біткеннен кейін залдан бір топ адам сахнаға келе жатты. Шведтер қазақша түсінбейді ғой деп біз тұрмыз. Сөйтсек, Түркиядан барып жұмыс істеп жүрген өзіміздің қазақ бауырларымыз екен. Сонда мен шетелдегі бауырларымды бірінші рет көрдім. Біреуі жылайды, біреуі келіп құшақтайды. «Сөзі қандай, жүрекке тиеді» деп ықыласын айтты», — деп бөліскен әнші.
«Әуелі маған әуен келеді»
Ескендір Хасанғалиев – 200-ге жуық ән, романс, хорға арналған шығарманың авторы. Ақын, драматург Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Сырбай Мәуленовтің сөзіне ән жазған.
«Бәкір Тәжібаев ағам екеуіміз жақсы тіл табыстық. Бір-бірімізді жақсы түсінетін едік. Бір ұнағаны, ол кісі тез жазады. Әуелі маған әуен келеді. Әуен келгеннен кейін Бәкір ағаға хабарласамын. Екеуміз кездесеміз: мен пианинода ойнаймын, ол кісі қалам алып отырып қағазға түсіреді. Солай әннің сөзі дайын болады», — дейді композитор.
Композитордың шоқтығы биік шығармаларының ішінде «Атамекеннің» орны бөлек. 1986 жылы Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстанымымен» бірге «Атамекенді» де шырқап, елдің рухын оятқан деседі. «Атамекен» әні 1970 жылы Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған концертке арнайы жазылады. Ескендір Хасанғалиевке ел мен жердің рухын асқақтатар ән жазуға ұсыныс айтылып, бірден кірісіп кетеді. Көп ұзамай музыка туып, композитор оның сөзін жазуға өлеңдерін жұртшылық іздеп оқитын Қадыр Мырза Әліге қолқа салады. Ақын әнге лайық сөз жазып береді. Ән алғаш орындалған сәттен-ақ қалың көрерменнің жүрегін жаулап алады. «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Рухты оятқан «Атамекен» атты мақалада композитордың мына бір естелігі келтірілген: «Алматыдағы республика сарайында үкімет басшылары қатысқан Қазақ КСР-нің құрылғанына 50 жыл толуына орай үлкен мерекелік концерт өтіп жатты. «Атамекен» әнінің де кезегі келді. Бұл әнімді алғаш рет Нұрғали Нүсіпжановпен бірге симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадым. Әнді орындап тұрып тыңдаушының жүрегін тербеп, көздеріне жас үйірілгенін сезгендей болдық. Әсіресе: Қайда жүрсең, Атамекен Көкейіңде жатады екен. Күннің өзі ұясына Қимай оны батады екен», — деп әннің соңғы қайырмасы айтылғанда халық ду көтеріліп, орындарынан тұрып кетті. Ұзақ уақыт елдің шапалағы тоқтамай тұрып алды».
Ескендір Хaсaнғaлиев орындaу мәнерiмен ерекшеленіп, қазақ эстрадалық-симфониялық теледидар және радио оркестрінің солисі болды. Халық әндері мен Қазақстан композиторларының әндерін орындап көпшілікке танылды.
Алғашқы «Анаға сәлем» әнін 1961 жылы шығарды. Ән бірден халық арасында кең таралып, композитор ретінде осы әнмен танымал болды. Туынды 60 жылдан бері көпшілік көңілінен орын алып келе жатыр.
Бәкір Тәжібаевтің сөзіне жазылған «Әдемі-ау» әнін 70-ші жылдары Қарағандыдағы концерттердің бірінде кездейсоқ көріп қалған қызға арнаған. Төрт жылдан кейін ол қызды Алматыда тағы бір кездестіріп, кейін сол қызбен отбасын құрады.
Композитор шабытының жемісі болған «Бозторғай», «Әдемі-ау», «Студенттердің қоштасу әні» сынды әндер де қалың көрерменнің сүйіп тыңдайтын әніне айналып кеткен. Талантты композитор бұл әндерден бөлек 200-ге жуық ән, романс және хорға арналған шығармалардың авторы атанды. Шығармашылық ғұмырында орыс, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне де ән жазған.
Композитордың көп әні сүйікті жары Дарико Хасанғалиеваға арналған. Өмір маған өнерден бөлек ғажап жар сыйлады. Дарико Сопыжановнаны ең үлкен жетістігім деп білемін. Сахнаға шыққан кезде бірден залдан сүйікті бантигімді іздеймін. Ол маған үнемі шабыт береді деген екен бір сұқбатында Ескендір Хасанғалиев.
Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико Хасанғалиева композитормен Қарағандыда концертте танысқанын былай еске алады: «Қарағандыда «атақты композитор, әнші келе жатыр» деп барлығы шулады. Әкем сол концертке барғанымды қатты қалады. Ол кезде мен Мәскеуде оқып жатқан едім. Кетпекші болып жиналып жатқанда, әкем «Айналайын, Дарико, осы концертке баршы» деді. Әкем айтқанын істетпей қоймайтын, қатал болатын. Егер әкем сол концертке мені жібермегенде Ескендір ағаларыңмен таныса алмай қалатын ба едім, кім біледі?! Сондықтан әкеме әрқашан рақметімді айтып отырамын», — дейді Дарико Хасанғалиева. Дарико Сопыжанқызы Хасанғалиева 1943 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Білікті дәрігер ретінде Денсаулық сақтау ісінің үздігі және «Құрмет», «Шапағат» орденінің иегері атанған.
Композитор жары Дарико Хасанғалиеваға (тұрмыс құрғанға дейін Ашляева) өзге де лирикалық әндер арнады. Соның ішінде «Гүл сезім», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат» әндері бар.
Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған патриоттық «Атамекен» әні 1970 жылы Қазақ ССР-дің 50 жылдық мерейтойына арналып жазылды. Ал 1978 жылы ұлы Біржанның дүниеге келуіне орай «Келші-келші, балашым» әнін жазды.
Сонымен қатар «Тақыр», «Нан мен тұз» фильмдеріне, «Студенттер» спектакліне музыка жазды. 1968 жылы Сочиде өткен халықаралық жастар әні фестивалінің дипломанты атанды. Хaсaнғaлиев гaстрольдiк сaпaрмен Моңғолия, Болгaрия, Югослaвия, Aлжир, Сирия мен Ливaн, Швеция және Финляндияда болды.
2010 жылы Өтеген Оралбаевтың сөзіне жазылған «Азиада алауы» әні 107 әннің ішінен іріктеліп, Қазақстанда өткен Азиаданың әнұранына айналды.
Ескендір және Дарико Хасанғалиевтердің отбасында екі қыз және бір ұл дүниеге келген. Композитордың ұлы Біржан Хасанғалиев та әке жолын қуып, музыкант атанған, камералық композитор. Ол 1978 жылы 1 ақпанда Алматыда дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан тұңғыш президенті қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
Ескендір Хасанғалиев түрлі марапатқа ие болған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген артисі құрметті атағы, Қазақ КСР-нің Халық артисі құрметті атағының иегері. Сондай-ақ, «Құрмет» ордені, «Астана» медалінің иегері. 2015 жылы Ақордада Елбасы Назарбаевтың өз қолынан ең жоғарғы мемлекеттік марапат «Отан» орденін алды.
Әнші Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері, «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты. Алматы қаласы және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.
1967 жылы «Асыл арман» жинағы жарық көрді. 1970 жылы «Атамекен», 1978 жылы «Өмірімнің жазы», 1980 жылы «Бозторғайым», 2006 жылы «Ескірмеген махаббат» нота жинақтары жарық көрді.
Екі қыз, бір ұлы бар. Ұлы Біржан Хасанғалиев – эстрада әншісі, композитор. 2015 жылдан бастап Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледждің директоры.
Композитор үнемі ұлы Біржанмен дуэт орындайды. Әке мен ұлдың орындауында «Ескірмеген махаббат», «Студенттер әні», «Ақтілек», «Атамекен» әні көпшілікке кеңінен танымал.
Біржан Хасанғалиев бірнеше жыл бойы әкесінің кеңес кезеңінде орындаған әндерін жинап, 2010 жылы 70 жылдығына орай жинақ шығарды. «Әндер антологиясы» деп аталатын жинаққа 144 туынды енген.
1970 жылы жазылған «Атамекен» әнін 1986 жылдың желтоқсанында Алматы жастары орындады. Содан кейін радио мен телеарналардан бұл әнді қоюға тыйым салынды. Тәуелсіздік алғаннан кейін тыңдаушысымен қайта қауышқан ән бүгінде еліміздің ресми емес әнұраны ретінде орындалады.
Кеңес одағы кезінде Ескендір Хасанғалиев консерваторияның композитор бөлімін аяқтамағандықтан, КСРО-ның композиторлар одағына мүше бола алмаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін досы Әсет Бейсеуов екеуі одаққа мүше болды.
1983 жылы Ташкенттің 2000 жылдығы қарсаңында Хасанғалиев «Ташкент жайлы ән» деп аталатын ән жазады. Осы әнмен алматылық делегация Ташкентке барған. Жиын барысында Ескендір Хасанғалиевтің даусымен жазылған ән қойылған. Сол кезде Өзбек КСР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Шараф Рашидовқа бұл ән ұнап қалып, Дінмұхамед Қонаевқа хабарласып, алғысын айтқан. Сондай-ақ, әнші-композиторға сый жасауын ұсынады. Нәтижесінде Хасанғалиевке Қазақ КСР-нің Халық артисі құрметті атағы берілді.
2022 жылы Алматы қаласында Алматыда Қазақстанның халық әртісі, әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиевтің құрметіне арналған мемориалдық-ескірткіш тақта ашылды.
Қазақтың дара туған талантты ұлы, шоқтығы биік композитор 81 жасында коронавирустан көз жұмды. Өзі дүниенден өтіп кетсе де, дарынды музыканттың артында мол мұрасы, әуелеген әні қалды…