Home Жаңалықтар ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 80 ЖЫЛ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ 80 ЖЫЛ

Daismedia.kz

Биыл Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актер Құман Тастанбектің туғанына 80 жыл.

Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Актер, ҚР-ның халық артисі (1993 ж.). 1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (ұстазы – профессор Х.Бөкеева) бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды.

47 жылдан бері көрерменнің көз айымы болған «Қыз Жібек» фильмі арқылы қазақтың Төлегені атанған кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 2017 жылы 17 желтоқсанда, 73 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды.
Құман Нұрмағанұлы «Қыз жібек» фильмінен басқа да «Адам-жел», «Аққулар жаңғырығы», «Ағамның қалыңдығы», «Біздің Ғани», «Қосымша сауалдар, «Қыс – суармалы кезең емес», «Махамбет», «Мұнда аққулар ұшып келеді», «Кімсің сен, салт атты?», «Қараша қаздар қайтқанда», «Алаң жиегінде», «Провинциалды роман», «Өрнек» сияқты көптеген киноларға түскен.

Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың фильмдегі махаббаты өмірде жалғасын тауып, кейін екеуі отбасы құрады. Жұлдызды жұптың Жібек, Томирис, Фараби есімді ұл-қыздары бар. Сонымен қатар актриса күйеуі жайлы естелігін бөлісіп, марқұм күйеуі сияқты жігітті еш жерде кездестірмегенін айтқан екен бір сұқбатында. «Мен түсірілімге мектеп бітіргеннен кейін келдім. 17 жаста едім. Ал Құман студент, сымбатты жігіт, ұзын бойлы. Ондай жігітті қазір еш жерде көрген жоқпын. Сымбатты жігіттер көп. Бірақ Құман сияқты жігітті мен көрген жоқпын. Құман нағыз ауылдың жігіті. 20 жасында Алматыға оқуға келді», — деп еске алды Меруерт Өтекешова.

Құман Тастанбеков 2008 жылы «Құрмет», 2016 жылы «Парасат» Орденімен», «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған.

Болат Әбділманов Құман Тастанбеков өмірден өткенде:
«Қазақ өнеріндегі үлкен бәйтерегі тамырынан жұлынды, асқар тауымыз құлағандай болды» деп күрсінген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Болат Әбділманов: «Алланың ісіне ешкім қарсы келе алмайды. Дәм-тұзымыз таусылған күні бәріміз мәңгілік тұраққа аттанамыз. Келу барда — кету бар. Бірақ, қалай кетесің? Берілген аз ғана ғұмырда не істеп кетесің? Қандай із қалдырасың? Бұл жағынан Құман ағамыздың істеген ісі, ойнаған рөлі ешқашан өшпейтін қазақ кино өнеріннің төлқұжатына айналды. Қазіргі киноның ұлы көшіне ілескен, өнерді еріккеннің ермегі санайтын кино түсіргіштер қаптап кетті. Сол кезде кино қалай болу керек, қазақ киносы қай бағытта жылжу керек дегенде әрқашан «Қыз Жібекке» үңілеміз. «Қыз Жібек» бүкіл қазақтың ғана емес, әлемнің алтын жауһары. Міне алтын жауһарымызда басты рөлді қандай ойнады десеңізші? Адам баласы екі нәрседен қателеспеу керек дейді. Құман ағамыз сол жар таңдаудан да, мамандық таңдаудан да қателеспеген. Өнері арқылы, «Қыз Жібектегі» рөлі арқылы қазақ басына көтерді. Елі еркелетті. Мемлекет те оған атақ беруден, марапаттаудан шаршаған емес. Өзінің бір басына жетер атақ – марапаты бар. Жары Меруерт жеңешеміз періште аспанда болады десек, өмірде де періште болатынын дәлелдеген адам. Еш уақытта Құман ағамыздың қабағына кірбің түсірмей, әр уақытта өзінің «Төлегенін» Жібектей сүйіп, Жібектей мәпелеп, Жібектей күткен адам. Сондықтан, Құман ағамыз өмірде де, өнерде де бақытты адам. Құман ағамыздың енді екінші өмірі басталды. Ендігі жерден келер ұрпаққа Құман Тастанбектей қазақтың ұлы тұлғасын мәңгі қалдыру жөніндегі жұмыстар жалғасады деген ойдамын» деп Құман Тастанбековтың ешқашан өлмейтінін, өнерімен қазақтың жүрегінде мәңгі сақталатындығын айтып өткен екен.

Актер Асылбек Боранбай: Құман Тастанбеков кинода болсын, театрда болсын артынан ерген іні-қарындастарына үлкен ұстаз бола алған адам. Сол шәкірттерінің бірі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Асылбек Боранбай: «Құман ағамызды қазақтың нағыз нар тұлғасы, дарабозы, нағыз тарланы деп білемін. Өте қарапайым, парасатты, өте ақылды адам. Біз өнерге жаңа келгенде көп көмегін көрсетті. Өзінің тәжірибесімен саханада қалай тұру керек, қалай сөйлеу керек, қалай мәдениетті болу керек, рөлді қалай алып шығу керек, образға қалай ену керек деген сияқты нәрселердің бәрін бізге үйретіп, ізеттілігін көрсетіп жүретін керемет ағамыз еді. Өте қарапайым болды. Құман ағамызға көрік беріп тұратын қарапайымдылығы еді. «Жезде» деп қалжыңдайтынмын, әзіліміз жарасатын. 15 желтоқсан күні екеуіміз Ақтауда кездесіп едік. Әуежайда демала алмай қиналып отыр екен. «Жездеке, не болды?» деп едім ауырып отырғанын айтты. Сосын бір-бірімізге амандық-саулық тіледік. Кинодағы, театрдағы соңғы рөлдерімді көргенін айтып, батасын берді. Ағамызды соңғы мәрте көріп тұрғанымды қайдан білейін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, иманы жолдас болсын, Алла алдынан жарылқасын!» деп тілек білдіріп, махаббаттың симолы болған Құман Тастанбеовтің қазасы бар қазақтың қабырғасын қайыстырып отыр деген еді.

Құман Тастанбек қазақтың әйгілі режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебіннан бастаған Театр саханасында М. Әуезовтің «Абайында» — Айдар, «Айман-Шолпанында» — Әлібек, «Қарагөзінде» — Нарша, «Еңлік-Кебекте» — Абыз, О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» — Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» — Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» — Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» — Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» — Шоқан, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» — Қасым, «Ақ кемесінде» — Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» — Төлеген қаталы кейіпкерлерді өз биігіне жеткізеді.

Актриса Шынар Жанысбек:
«Театрда қаңырап қалғандай болды» деп пікір айтқан, сахнада талай рөлді бірге ойнаған өнердегі қарындасы, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы Шынар Жанысбек: «Құман аға «Еңлік – Кебекте» Абызды ойнады, мен Еңлікті ойнадым. «Жүрейік жүрек ауыртпайда» ойнадық. Ол кісі үлкен мастер. Осы теартға келген 28 жылда бірге болған, сөйлескен кездерімізде бізге көп нәрсе үйретті. Дайындықта алдыңғы қатарда бірге отырамыз, сол кезде өзінің ризашылығын «ым-ым» деп басын изеп, көзінің қарасымен білдіріп отыратын. Ол кісі бөлек адам. Жаны сұлу адам. Өз басым ол кісілердің жанына барып, әңгімелескенді, жанына жақын жүргенді жақсы көретінмін. Қастарына жәй барып отырып-ақ, энергия алып кететінмін. Ол кісіге құдай ішкі және сыртқы сұлулықты бірдей берген сұлу адам. Жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, саханадағы болмысымен әрқайсымызға ұстаз. Ақыл-парасатымен де кәсби шеберлігімен бізге үлгі болды» деп ол кісіге ұқсай білу керек деп жүрек тебіренісін білдірген екен.

«Иең қайда, ақбоз ат?» деп жоқтаған қазақ халқының жадында Құман Тастанбек қазақтың Төлегені болып қалары хақ. «Қыз Жібек» те, Төлеген де, Құман Тастанбеков те қазақ халқымен бірге ғасырдан ғасырға аман жете бермек.

You may also like

Leave a Comment