Абай жолы, Мұхтар жолы дегенде аты қоса аталатын ардақты есімнің бірі – Кәмен Оразалин есімі.Ол Ұлылар мекенінде дүниеге келіп, Абай мен Шәкәрімді терең білген, Мұхтарды қаламына арқау еткен қаламгер қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орнын алуға тиісті тұлғалардың бірі, Ұлылардың ізін басып, дәстүрін жалғастырған — Кәмен Оразалин.
Камен Оразалыұлы 16 маусым 1920 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндыз ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген. Каменнің аталары Тайсеміз бен Төрегелді Абай Қоңыр Көкшеге болыс болған, кезінде өте сыйлас адамдарынан саналған. Сол себептен Оразалының өзі де жас күнінен Абайды көріп, біле жүріп, беріректе оның ақыл кеңесінен көпті үйренген.
Камен алғашқы сауатын Құндызды аылындағы Ақтас бастауыш мектебінде ашып, кейіннен осы күнгі Абай атындағы орта мектепте оқыған. Содан Семейдегі № 11 орта мектепке түсіп, оны 1939 жылы бітіріп шығады. 1938 жылы Семейдің облыстық “Екпінді” газетінде “Күзетте” деген алғашқы өлеңі жарияланады. 1939 жылы орта мектепті бітірісімен Қызыл армия қатарына алынып, кіші командирлер мектебін бітіреді.
Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай ғұлама жазушымен үзеңгілес, сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы бола білген жазушы Кәмен Оразалин Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасы 20-ға жеткен өрімдей жас жігіт елім мен өмір арпалысқан қан майданның қақ ортасында жүрді. Сол кездің өзінде-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкірлер сияқты өлең жазып, Мұхтардай зерделі сөздің зергері болсам деп армандайтын жас жігіт қалам мен қаруды қатар ұстап жүрді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап, қиян-кескі ұрыстарға қатысып үш рет ауыр жараланады. Соғыстан аман оралған жазушы өзінің болашақ шығармаларына қыруар материалды туған жер төсінен жинады.
Жазушы майдандағы жылдарын өз қолымен жазып отырған екен:
«1939 жылы Краснояр қаласының 365-атқыштар толқынына қабылдандым. Сол жылы, 40-жылдың басында Финляндиямен болған шайқасты да өз көзіммен көрдім. Хасан көліндегі ұрыстың жай-жапсарымен де танысуға тура келді.
1941 жылдың сәуір айында Сібірдің әскери округінің дайындығын тексеру басталды. Тексеруге әскерлердің барлық түрлерінен бір-бір бөлімше түссін деп ұйғарылса керек. Жабық, жасырын іріктеу жүргізілген кезде Новосибирскіде тұратын 418-атқыштар полкының бірінші ротасының бірінші бөлімшесі әскери дайындықтың барлық түрлерінен тексерілетін болады. Бұл менің солдаттарымның бөлімшесі еді. Ең ақырғы сайыс – атыс шеберлігінен сынға түсу. Менің қарамағымдағы 15 солдат кез келген қашықтықтағы нысаналардың бәрін де атып, өте жақсы бағаға қолдары жетті. Тексерудің барысын округтік «Красноармейская газеті» бір ай бойына жариялаумен болды. Сібір қалаларындағы гарнизондардың солдаттары алдында өз тәжірибемді ортаға салып, кездесулерде сөз сөйледім. Ең ақыр аяғында 18-сәуір күні «Красноармейская газетінің» бетінде округ әскерлерінің штаб бастығы генерал-майор П.Глинский менің еңбегімді өте жоғары бағалап, «ерекше құбылыс» деп атады.
418-атқыштар полкының қарамағында Калинин қаласын азат ету жолында 21-қазан күні басымнан ауыр жараланып, 13-қарашадан 9 –желтоқсанға дейін емделіп, ұрысқа қайта қатыстым. Сол жылы желтоқсанның аяғында жеңіл жарақаттанғаныммен, ұрыс даласынан кеткенім жоқ. Үшінші рет 930-атқыштар полкында екі аяғымнан бірдей ауыр жараланып, 1942-жылы 24-қаңтар күні Калинин облысының Сычевка қаласының жанында әскер қатарынан мүгедек боп, біржола шықтым.
Әскери атағым старшина еді, екінші топтағы мүгедекке жатқызып, №289 әскери госпиталь еліме қайырды. 1942 жылы, ұзақ жылдардан кейін, екі балдаққа сүйеніп, Абай ауылына оралдым» [1].
Майдандағы жылдарын өзінен өзге оның жауынгерлік сәтін ешкім де біле бермес. Ал, бұл мәліметтер алдағы уақытта тарих қойнауына бойлай беретін ақиқат шындық, тарихи оқиға болып қала бермек.
Камен Оразалы Семейдің педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне 1944 жылы түсіп, оны 1947 жылы бітіріп шығады. Бітірген соң, туған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды. Бала оқытумен қатар жазушылықты та қатар алып жүрді. 1948 жылдан 1987 жылға дейін Абай ауданындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарып, содан зейнеткерлік демалысына шығады. Абай атындағы орта мектеп жанынан жылына үзбей шығып келген “Абай ұрпақтары” қолжазба журналының 40 жыл бойы редакторы болып, ауданның өнерлі жастарын тәрбиелеуге еңбек етті.
Кәмен Оразалин белгілі жазушы, әртүрлі жанрда жазылған көркем шығармалардың авторы, қоғам қайраткері, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» атағын алғашқылардың бірі болып алған ұстаз, бірнеше жоғары дәрежелі Үкімет наградаларының иегері, «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Отан соғысы» ордендерімен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Парасат» орденімен марапатталған.
Абай аулының құрметті азаматы Кәмен Оразалин 1950 жылы алғаш рет «Жексен» повесімен әдебиеттегі жолын бастады. «Жексен» повесі — Соғыс тарихы, Отан қорғаушы жауынгерлер жөнінде басылып шыққан алғашқы еңбектердің бірі .
Кәмен Оразалиннің тырнақалды туындысы өз өмірінде белгілі дәрежеде ізін қалдырған, дүниетанымдық әлемінен жақын орын алған Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған еді. Кейіннен «Жексен» деген атқа ие болған шығарма әуел баста «Қасиет» аталған көрінеді. Шығармадағы бас кейіпкердің прототипі Кәмен Оразалиннің өзі екендігіне ешкім дауласа қоймайды. Әрине, Жексен – типтік бейне. Жазушы шығармасы психологиялық иірімдері мол, аса көркем шығарма.
Сол уақыттарда Республикалық, облыстық газет-журналдардың беттерінде сол кездегі әдебиеттанушылар мен сыншылар осы кітапи жайлы өз пікірлерін жарыса айтып та, жазып та жатты. Осы бір еңбегі Кәмен Оразалиннің атын сол кездің өзінде тек Қазақстан емес, бүкіл Кеңес одағына шығарды. Өйткені жазушының өзі осы аталған шығарма туралы төмендегі бір мәліметтерді берген: «1948 жылы «Қасиет» (Жексен) атты повесімді бітіріп, Алматы жазушыларының талқысына ұсындым».
«Сенің «Қасиет» атты повесің маған негізінде ұнайды. Бірінші рет қалам тартқан бұл тырнақалды шығармаң да мен жазушыға тән бірнеше белгілеріңді көрсеткенсің», -деді Сәбит Мұқанов.
«Повесттің құрылысында адамдарды, өмірді суреттеу тәсілдерінде қазақ әдебиетіне әлі енбеген жаңалық ұшқындары бар», деп Ғабиден Мұстафин ерекше атап көрсетті.
«Жас автордың әдебиетімізге елеулі шығарма әкелгендігі сүйсінерлік іс. Жазушылар Одағы көмектесіп, баспаға ұсынғаны жөн»,-деп Қалижан Бекхожин да ағалық көңілін білдірген».
Міне, жазушының ең алғашқы жазған шығармасына қазақ әдебиетінің классик жазушылары тарапынан берілген баға осындай болған.
1959 жылы тың тақырыбына арналған «Ақ жазық», коллективтендіруді суреттеген «Көктем салқыны», «Кең байтақ» романдары, «Абай ауылына саяхат» атты жол сапар, тарихи мағлұматтарға бай кітаптары жарық көрді.
Абай – Мұхтар әлемінде Кәмен Оразалиннің дербес орны болуы заңды, ұлы дәстүрге адалдық, ал дәстүрді жалғастыру парыз. 1972 жылы жазушы Мұхтар Әуезов туралы төрт томдық роман жазды. Бұл романды жазуға 20 жыл ізденіп, 35 жыл табан аудармай жазды. «Абайдан соң» – жазушының ең кесек, ең негізгі туындысы, мұнда қазақ дүниетанымының негізгі қағидаларынан, сахаралық қалыбынан айрылмаған мұрат бар. Өзінің жарты ғасыр ғұмырын Абай атындағы орта мектепте жас жеткіншектерді білім нәрімен сысындатып, зейнеткерлікке шықса да жазумен шұғылданды.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 17 қазан 1943 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған “Абай ауылында” деген очеркінде былай дейді:
“Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бой күйезін айтам десе, онда да Абай тап басып, таңба соғып, айтып кеткен болады. “Жүрек адырдағы” қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Камен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы. Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады…”
Абайтану ғылымының негізін қалаған ұлы жазушы М.Әуезов болса, оны ары қарай жалғастырып, болашақ ұрпақтардың рухани қазынасына айналдырып, ұлылар туған жерге алғашқылардың бірі болып, ірге тасын қалаған «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін оқушылардың бойына сіңіріп, санасына жеткізе білген Кәмен Оразалин еңбегі ерекше.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға әйгілі ірі ғалым, академик, жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағаларымыз Кәмен Оразалин туралы «Ұлы жазушы» деп көрсетпесе де, соған пара-пар теңеулер келтіріп, сол дәрежеде айтқан пікірлерін келтіре кетуге болады.
Зейнолла Қабдоловтың: «Орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой «Ясная Полянада» жатып атақты «Соғыс және бейбітшілік» романын жазса, М.Шолохов Дон бойында жатып «Тынық Дон» романын шығарды, ал біздің Кәмен Оразалин Ертістің бойында, Шыңғыстауда жатып, ұлы жазушы М.Әуезов туралы «Абайдан соң» тетралогиясын жазды»,- деп ұлылармен қатарға қойып, Кәмен Оразалинге баға берді.
Камен Оразалының қаламынан ондаған көркем очерктер, мақалалар, “Жексен”, “Ақ жазық”, “Көктем салқыны”, “Абай ауылына саяхат”, “Абайдан соң” (4 кітап), “Абайдан соңғы арыстар” (3 кітап) атты романдар туған.
Ол “Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі” (1965 ж.), “Абай ауданының құрметті азаматы”, “Қарауыл ауылының құрметті тұрғыны” атты құрметті атақтармен қоса “Октябрь Революциясы” (1978 ж.), “І дәрежелі Отан соғысы” (1941 ж.), “3 дәрежелі Даңқ ордені” (1941 ж.), “Парасат” (2000 ж.) ордендерімен және 13 медаль, Қазақ ССР-ы Жоғары Кеңесінің 4 Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Оның халыққа таралған ең сүбелі туындысы Мұхтар Әуезовтің жастық шағын бейнелеген төрт кітаптан тұратын “Абайдан соң” атты романдары.
Жазушы еңбектерінде Абайдың қазақ хылқы тарихында өшпес із қалдырған жемісті қызметін айтады. Абайтану ғылымының негізін салған жазушы Мұхтар Әуезовтың еңбегін көрсетеді. Ақынның ауылының өткені мен бүгінін, тіршілік – тынысын, көркем табиғатын баяндайды.
Роман Абайдың бұл дүниеден өтуімен басталады. Мұхтар жеті жасар болғанымен ақылды. Зерек бала өз ауылымен қатар жайлаудағы басқа көршілерінің де қарбалас, абың-күбің көріністері жалпақ елді дүрліктіргенін көреді. Бір ауыл көшіп жатса, екіншілері қонып жатыр. Қалың-қалың көштер мен айдалып келіп, жаңа қонысқа тоқтамай шұбыра шапқыласқан жылқыларда есеп жоқ. Шаңырақтары көтеріліп жатқан ауылдардың маңында семіз жылқыларды бұғалықтап тақымға басқан азаматтар да бірлі-жарым емес, қазылып жатқан жер ошақтардан ұшқан түтіндер. Бала-шақбақ өңірін тұншықтыра басып, тақырлау төбелердің басына үйездеген жылқылар құйрықтарымен аңызақ шақырады. Жайлаудың осы көрінісін қақ жарып “ой, бауырым!” салған аянышты жылаулар, адамдардың дауыстары бір сәтке де толастамай қазақ даласын күңірентіп жатты.
Абай қазасы кезінде ұлы жанның ата дұшпаны Аташбайдың (Оразбайдың) өз адамдарын алты жүз боз аттарға мінгізіп және киімдерін де ақшыл түстен жарақтауы жалпақ елге аңыз боп тарайды. Абай дүниеден өткенмен ескі өшпенділік басылып қалмайды. Шыңғыс болысы Шөпішті Омархан мен Нұрмағанбеттің өз үйінен байлап әкетуі бұрын естілмеген сұмдық боп, ел арасын ушықтырады.
Дәл осы бір уақытта Абайдың балалары әкелерінің кітабын Петербордан басқыздырып, қазақ даласына ұлы оқиғаның жарық дүниеге келе жатқанын паш етеді. Қарақшылар бұл кезде де қарап жатпай, кітап басқызуға апара жатқан малдарды базарға сатқыздыртпай жолдан талап әкетуі де баяндалады. Шөпіш өзінің туған інісі Ұлықпанға оязға арыз жазғызу арқылы оны өлімге ұрындырады да Әзімбай мен Абай балаларының арасындағы өшпенділік ұлғая түседі.
Әуез баласы Қасымбек Камелетдин медресесінен өзі де шығып кетіп атасының дегеніне көнбей інісі Мұхтарды да 5 кластық қалалық училищеге түсіреді. Абайдың өлеңдерінің баспа бетін көруі, Абай ауылы жастарының түн қараңғылығын жамылып кеп ояз кеңсесіне шабуыл жасауы Семейдегі қазақ оқыған жастарының алғашқы бас көтеруі болып табылады.
Абайдың тірі кезінде достасқан орыс достары енді ақынның балаларымен бір тілекте болады. Ақынның Петербордан алғашқы кітабының жарық көру де еліміздің тарихындағы ұлы құбылыс екендігі жан-жақты суреттелінеді. Романның бұл кітабында Мүрсейіттің Мұхтарға алғашқы сабақ беруі, әжесі Дінасыл мен анасы Нұржамал, әкесі Омарханның да оқиғаға араласуы заңды шешімін тауып отырады.
Осы алғашқы кітаптағы оқиғалар желісін үзбей дамытып, Абай өскен ортаның тарихи шындықтарын ұрпақ алдына кеңінен суреттеп жеткізеді. Бұл кітапта ел арасының бірлігін бұзбау мақсатында Әйгерімнің төркін жұрты Матайлармен қайтадан құда болысып, Наймантай баласы Әйкежанды Мұхтарға айттырады.
Абай бұл дүниеден өткеннен кейін, ел арасындағы ру жігінің бұрынғы тартысы басылудың орнына ерекше дәуірлеп, топ жинаудың жаңа түріне көшіп, адалдықтан қаныпезерлікті іздеп, өртті өшіруге бой бермейді.
Отарлық саясатын нық ұстаған патшаның ченеуніктері ел ішіндегі бұл тартысты ушықтыра түсуге әрекеттенеді.
Шыңғыс болысы – Шөпіш, Матай руының атақты байы және сотқар болысы Мұсабай, Мәмбетей руының болысы әрі Семейдің атақты байы, Қаражанның құдасы Ике Әділ балаларының ұйымдасқан, қолкүші мығым тобы жаңалыққа ұмтылған Абайдың кейінгі ұрпағына жаулықтың барлық түрін жасайды. Семей ұлықтарымен достасқан олар Жидебайдан келімсектерге қалашық салдырады. Бұл Абайдың балалары мен туыстарына жасаған қастандығы еді.
Жидебайдың орыс переселендері орналаспаған жерлерінің бәріне Шөпіш Бәйтікке өрт қойғызады. Ушыққан осындай қастандықтан келіп, Шөпіш болысты Омархан мен Нұрмағанбет ат артына өңгеріп, Әуез ауылына әкеледі.
Қасымбек сырқат. Оның дертін асқындыру үшін, Ағзамды старшын сайлатып, Абай ауылдарымен жауластыруға әрекеттенеді. Переселен Соколов Абай балалары жаққа шығып ірі тартыстар басталады. Бұрын Ике мен болыстар итжеккенге айдатқан Тәуке батыр айдаудан оралады. Досы Жекебай оны қорғаушы. Абайдың жары Күнжан Абай елінің оқып жүрген Семейдегі жастарына Абай өсиетін насихаттайды. Мұхтар осында “Біржан мен Сара” ойынын ұйымдастырып, театр ұғымын жастарға көрсетеді. Қасымбек пен Мұхтарлар Нұрмағанбет пен Боранбайдың еліне қонаққа барып, сарымсақты өңірде қырғыз Бақтыбай батырмен табысады, оған Мұса Шортанұлы деп қайтадан ат қояды. Бұл өзінің бүкіл өмірінде Абай елінің бір баласы боп кетеді.
Ел арасының өшпенділік тартысы бір сәтке де толастамай, қала мен даланы бірдей шарпыған зұлымдық күннен күнге өрши түседі.
Матай руындағы Наймантайдың қызы (Әйгерімнің сіңлісі) Әйкежанды Мұхтарға айттырған еді.
Мұсабай болыс Наймантай мен оның әйелі Тотиды өзіне қаратып алады да итжеккеннен қашып кеп, тауда тығылып жүрген Серікқұл дейтін қашқынға қызды ұрып жығып, өңгертіп жібереді.
Алуан түрлі қастандықтар өрби түсіп, жас Мұхтардың дүние танымын өсіріп, қиянкескі оқиғалардың куәсі етеді.
Болыс Мұсабайдың қолынан Ағзамды құтқарған Соколов, Нұрмағанбет, Мұхтар, Боранбайлардың әрекетін “поштаны тонаушылар” деп солдат шығартады. Абайдың шығармаларын Петербордан басқызып шығаруға базарға сатбақ жылқыларды Күшікбайда қаланың ұры-қарыларына тонаттырып, ел арасының жаулықтарын Уақтың қаладағы беделді болысы Ертемен ұштастырады. Қала чиновниктерін де жан-жақтан әкеліп, осы шайқастарға қатыстырады. Абайдың іні-балалары Кәрім мен Кәкітай, Мекайлдер оқиғалардың негізгі діңгегі боп отырады.
Бұл романдағы ірі оқиғаның бірі Қаражанның ағасы Аймағанбеттің Жүзтайлаққа құда түсуі. Көксеңгір мен Зайсанда жасалған байлардың тойындағы іс-әрекеттер, Мұхтарды сүйсіндірген өнерлі жастар да оқиғаларды қызғылықты ете түседі.
Мұхтар үш жыл бойы жазғы демалыстың кезінде де елге қайтпай қала кітапханаларында білім іздеумен болады. Елге оралғаннан кейін, күніне бір мезет жайлау өңірін аралап серуендеуді әдетіне айналдырады.
Бүгін ұзаңқырап кетіп қайта оралған еді, ағасы Қасымбектің іздеп жатқанын естіп, ағаш ішінен оның өзіне жасап берген саяжайына келді. Семинарияны бітірген Қасымбек енді Ресей қаласының бірінен жоғарғы білім алуға ұмтылады. Бірақ оның денсаулығы күн санап төмендеп, ол еркіне жібермейтін сияқты. Сондықтан да ол үміт етіп жүрген інісі Мұхтардың ілгерілеп білім алуын қадағалайды. Бұлардың әңгімесінде орыс халқы мен Еуропа жазушыларының ұлы классиктерінің еңбектері туралы әңгіме қозғалады.
Абайға жаулық жасалған Көшбике де Мұхтарға үлкен әсер етеді. Тәуке мен Жекебайдың оқиғаға араласуы романды ширықтыра түседі. Мұхтарға айттырылған қалыңдық Әйкежанды қашқын Серікқұлға өңгертіп жіберген Мұсабайдың қастандығы әшкереленеді.
Көксеңгірде Жүзтайлаққа Қаражанның той жасауы жалпақ елді дүбірлетеді. Тойда Тәуке, Ағашаяқтар ерекше көзге түседі. Мұсаның ерлік көріністері де осы тойда бой көрсетеді.
Оқыған жастарды жинап алып, Сәлкен төренің Тәшеннің қызы Жамалға Мұхтарды үйлендіргісі келуі де осында сөз болады. Тойдың соңы Қоянды жәрмеңкесін қазақ байларының бірлесіп, орыс капиталистерінен тартып алуы әңгіме етіледі. Осы кезде Абайдың өлең кітабын шығару мәселесі де қолға алынады.
Мұнымен бірге “Еңлік-Кебек” пьесасын Мұхтардың өзі жазып, Ойқұдықта қоюы да суреттеледі. Пьеса Абайдың өз үйінде қойылады. Бүкіл сахара елін ұйқысынан оятқандай болған “Еңлік-Кебек” оқиғасының атақ-абыройы елге тез тарайды. Абай ауылынан басталған бұл жаңалық бірден бірге тез тарап, үлгі-өнегесін шаша бастайды.
Романда Мұхтардың 1916 жылы Шаған елінде мектеп ашуы да кеңінен суреттелген.
Мұхтардың Мағауия қызы Кәмешпен көңілдестік, достығы да осында суреттеледі. Мұсабай өзінің кегін қайыру мақсатында Мұхтар мен Кәмешті айырып, Кәмешке құда түседі. Абай ауылының құда болуға наразылығы болғанмен қарсы тұра алмайды. Осыдан келіп, Әуез ақсақал Мұхтарды Торғай руының Кәкен деген адамының Райхан деген қызына үйлендіреді. Зорлықпен үйленген Мұхтар мен Райханның арасында келіспеушілік ұлғая бастайды. Кәкеннің ойы Мұхтар болыс боп, ел билесе, оқымай-ақ болыс болса деп ойлайды. Осы үшін Кәкеннің ағайындары да кісілік тізгінін қолдарына алуларын армандайды. Сәлкен төре “Алаш орда” туралы тиіп-қашып сөз етеді. Оның негізгі мақсаты оқыған жастарды тек өз маңында ғана арқандап ұстауды көздейді. Сәлкен төре алашшыларды сөз еткен боп, өзінің үстемдігін орнатып, әкім болуды армандайды. Мұхтардың білімдарлығына қызыққан ол оны өзінің көмекшісі етіп алуға жанталасады.
Бақанас жайлауындағы Көкбай үйінде Меккайіл мен Мұхтар бар. Абайдың ақын шәкірті Ойқұдықта қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы туралы көсіле сөйлеп, өз пікірін жария етеді.
Абай ауылынан басталған жаңалық Абайдың көзі тірі кезінде басталған ру тартысын өршіте түседі. Оған басты себеп, пьесада ел аруағына сиынатын Кеңгірбай биді Еңлік пен Кебекті өлтіруші етіп көрсетті деп кінә артады. Бөкенші мен Жігітек руларының ішінен ұрлық жасағандары үшін Сібірге айдалған адамдарының кегін алуды көздеушілер көп болатын. Олар ел арасы жақын келгендіктен, бүкіл найман елін кісі өлтіруші етіп көрсетті деп жазғырады. Осылайша қалың ел арасында наразылықтар өршиді. Ел арасының осы наразылық тартысын басу мақсатында Тастүлекте пьеса қайта қойылды, Көкбай жаңалық дүниесін көру үшін, ел арасындағы өнерлі жігіттеріне тегіс хабар тараттырады. Ағашаяқ, Қалибек, Әмірелер ел алдына шығады. Осы кезде Шаған болысының ел билеушілері ұры атандырып, айдатып жіберген Тәуке оралады. Тәуке Қарақұмнан қашып шығып, Абай еліне керейдің Жекебай батырын ерте келеді. Аз уақыт өтпей жатып жетісулық Жүрсінбек байдың Айсұлу атты қызын Тәуке елсізде ұстап алып, қолында сақтағандығы көптеген пәлелерді Тәукеге жауып, Тоқбықтылар Тәукедей ұрыны ұстап отыр, оны заңға ұстап бермейді деп ақыры сотты Ташкенттен алады. Тобықты елінің Шәкәрім, Көкбай, Меккайіл бастаған алпыс адамын ұстатып Сергиополь түрмесіне жабуға алдырады. Бұл жағдайды естіген Тәуке 60 кісіні абақтының жауабынан босаттырып, өзі кеп абақтыға жатады. Кейіннен қыз бенен Тәуке беттескенде Айсұлу батырды түрмеден шығарып жібереді. Ел арасының наразылығы ұлғайып Ойқұдықта 4 арыстың басшылары жиналып, Мұхтарды жазалауды тілейді. Бірақ Абай ауылы ақсақалдық биліктің бұл шешіміне көнбейді.
Бұл кезде Орынборда қазақтардың алғашқы съезі өтіп, ол жедел ІІ съезді өткізуге қаулы алады.
Өз билігін ғана ойлап жүрген Сәлкен төренің ол туралы да түсінігі шамалы еді. Абай ауылының басшылары Алашшылардың ұйымына мүше болмайды. Осы тұста Мұхтардың “Адамшылықтың негізі — әйел” атты алғашқы мақаласы “Арқа” газетінде басылады. “Абай” журналын шығару туралы келісімге қол жеткізіледі.
Шәкәрімнің Саят қорысындағы кездесуі, тарауында елмен Шәкәрімнің жан-жақты байланысы сөз болады. Ол Әзімхан, Мұсабай. Шөпіштердің Абай ауылдарына біріккен шабуылынан басталады. Бұл жанжалға темір жолда жұмыс істеп жүрген орыстар да араласады.
1916-жылғы әскерге шақырылуға Ағзам да ілігеді. Ең ауыр жағдай — Қасымбектің дүниеден кетуі. Райханнан дүниеге келген Мұғамиланың шілдеханасында Мұхтар – Сұлтанмахмұт, Иса, Жүсіпбек, Жұмат, Жанбикелермен кездеседі. Бұлар Қамбар мен Назымды сахналайды. Кітапта Мұхтардың Алашшыларға көзқарасы және жаңа дүние жаршыларымен оның байланысы кеңінен суреттелінеді. Әуез ақсақалдың дүниеден қайтуы, Мұхтардың Семей коммунистері Шугаев, Никитиндермен пікірлес болуы, жаңа дүние жаршысы бола бастаған Мұхтардың Алашшылардың Семейге қоныс аударуына да пікірлестігі көрініс береді. Бірақ, ол атаған партияға мүше болмайды.
Мұхтардың туған халқы үшін бар білімін жұмсауға, тартынбай жаңалық атаулыға ұмтылысы айшықты тілмен таратыла суреттелінеді.
2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында Шыңғыстаудың «Шолоховы» атанып кеткен қарымды қаламгер Кәмен Оразалиннің үйінен музей ашылды. Бұл білікті педагог Кәмен Оразалин 1950 жылы өзі салып, өмірінің барлық уақытын өткізген қара шаңырағы. Оған тұлғаның пайдаланған заттары, фотосуреттері, қолжазбалары мен кітаптары қойылған. Қазір қаламгердің өмірі мен шығармашылығына қатысты 3 мыңға жуық жәдігер бар. Мәдени ошақ «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қарауындағы Абай музейінің оныншы бөлімі.
Әке өмірін жалғап, қаламгердің арман-мақсаттарына қол жеткізіп, Кәмен Оразалин есімін тарих бетіне алтын әріппен жаздырып жүрген ұлы — Елдар Кәменұлы:
«Әкейдің артына қалдырған мына ғажайып үлкен жәдігерлер, небір шежіре дүниелер. Соның бәрі кейін қазақтың халқы үшін, ел игілігіне айналса деген ой болған. Арман болған. Бүгін сол арман орындалды ойлаймын»-дейді музейдің ашылуында.
Төлеген Жанғалиев, ақын:
«Енді біз сол кісінің шәкіртіміз. Ол кісі жазушы ғана емес, мыңдаған, жүздеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарған. Менің қуанып тұрғаным, Кәмен мүғалім 90 жасағанға дейінгі ғұмырының барлығы оның бірінші өмірі. Тіршіліктегі өмірі ғой. Оның екінші өмірі басталды»-деп пікір білдірген.
Осылайша қарымды қаламгердің есімі мәңгі ұрпақ санасында жаңғырып, жазушының даңғыл жолы келешек үшін тәлім-тәрбие мектебіндей болып қалмақ.
Майдангер жазушы, қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы Кәмен Оразалин 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Парасат» орденінің және көптеген медальдардың иегері.
Кәмен Оразалин өз өміріне төмендегідей медальдармен марапатталған.
«Германияны жеңгені үшін». 1946 ж. 28 мамыр, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін». 1946 ж. 31 наурыз,
«Жеңіске 20 жыл», «30 жыл», «40 жыл», «50 жыл», «Маршал Жуков» медалімен. 26.02.1997, «Еңбек ері» 15 февраль 1977 жыл.
Биыл жылы жазушы, педагог, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Камен Оразалиннің туғанына 105 жыл толады.
Қазақстанға танымал көрнекті жазушы, қоғам қайраткері ұлы ұстаз, Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім, ҰОС ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы, ел тарихында өшпес аты қалған тұлға Кәмен Оразалиннің есімін есте мәңгі қалдыру бізге парыз.