Home Тарихи мұра ҮКАША АТА КЕСЕНЕСІ — СӘУЛЕТ ӨНЕРІ ЕСКЕРТКІШІ

ҮКАША АТА КЕСЕНЕСІ — СӘУЛЕТ ӨНЕРІ ЕСКЕРТКІШІ

Daismedia.kz

Әулиенің кеніне айналған қарт Қаратаудың қойнауы киелі орындарымен ерекше. Ел есінде аңыз болып қалған киелі орынның бірі – Үкаша ата есімімен байланысты. Үкаша ата дегенде ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі.

Түркістан облысындағы киелі жерлердің бірі — Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқиды. Онан кейін барып тау басындағы құдықтың басына барып су алады. Қаратау бөктерінде Ислам дінін таратушы Үкаша сахабаның кесенесі мен құдығы орналасқан. Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай.

Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар. Бұл бөлме неге ұзын десеңіз, Үкаша ата бойының ұзындығы 19-20 метр болған деседі. Естіген кезде таңғалғанымыз рас. Әйткенмен өмірде өзі алыптардың бірі болыпты.

Шамамен 6-7 ғасырларда өмір сүрген, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға замандас болған ислам дінінің өкілі – Үкаша атаға арнап тұрғызылған… Кесененің батыс жағында 200 м жерде Үкаша ата құдығы бар делінген кейбір деректерде.

Бізге аңыз болып жеткен Үкаша ата жайында ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырды. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Хазірет Ғакаша сахаба Ан хазіретіміздің он жеті орында туын көтеріп еді» [5. 66 б]. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тағы бір жазбасында Ғакаша, Имамбайыр, Құттықожа, Ерқоян бастаған Түркілерден құралған 90 адамнан тұратын атты әскер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жасағына келіп қосылды деген мәлімет береді. Ғакаша пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сенімді сахабаларының біріне айналып, жанында жүреді. Бұл дерек мәліметі Үкаша атаның шығу тегінің Түркі екендігін көрсетеді.

Халық арасындағы аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған екен. Үкаша сахаба сондай-ақ қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің қатарында болған. Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Ал кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр. 

Бірқатар деректерде Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес екені айтылған. Ол Пайғамбардың (с.а.у.) жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахабасы болғандығын көрсетеді. Пайғамбар сахабасы — Әли Мұхаммед (с.а.у.) алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған екен. Мұхаммед (с.а.у) өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады. Енді бір деректе Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған.

Сондай-ақ Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың күзетшісі болған сахаба жайлы сан түрлі дерек бар. Бір күні Алланың елшісі алпыс бірге толып, оған Жебрейіл періште: «Сен Пайғамбар ретіндегі міндетіңді орындадың, енді өзіңнің туыстарыңның арасында қарапайым адам секілді өмір сүресің», – депті. Сонда Мұхаммед Пайғамбар: «О, Аллам, мен қарапайым адам секілді өмір сүре алмаймын, өзіңнің қасыңа ала гөр», – деп жалбарыныпты. Оның осы тілегін Алла қабыл етіп, бұл өмірден өтерін де Пайғамбар алыс-жақындарын жиып: «Менің ешкімде қарызым қалмады ма?» деп сұрайды. Сонда Үкаша ата бұрын өзінің арқасын осқанын, бірақ әлі өзінің есесін қайтармағанын айтады. Киімін көтеріп, арқасын тосқан Пайғамбардың жауырынынан тараған үш сәулені көрген Үкаша ата пайғамбар маңдайын тигізіп, атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болғанға ұқсайды. Сондықтан оған шалғай елдерге ислам дінін насихаттау аманатталса керек.

Тағы бір деректерде былай келтірілген, Үкаша ата көзі тірісінде «Қай жерде жан тапсырсам да, мейлі шахид болайын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың қасында жерленсем арманым жоқ» деп дұға тілеген екен. Пайғамбардың ізін қуған Үкаша атаның бұл тілегі қабыл болса керек, басы шабылған сәтте кенеттен ауа райы бұзылып, найзағай жерге түсіп кетеді де үлкен тасты жарып жібереді. Содан құдық пайда болады. Үкаша атаның басы сол құдықтың ішіне түсіп кетеді. Дін дұшпандары екі сарбазын құдыққа түсіріп, басын алып шығуды тапсырғанымен, одан нәтиже шықпапты.

Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы мынандай деректер айтады.

«Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», — дейді тарихшы.

Ал кейбір деректерде Үкаша ата бейітінің жанындағы қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар.

2015 жылы Елордадағы Еуразия универси­тетінің зерттеушілері құдық басында төрт күн жатып, зерттеу жұмысын жүргізіпті. Нәтижесінде олар құдық суының құрамы Меккенің зәмзәм суымен 90 процент сәйкес келеді деген қорытынды жасаған.

Оның тереңдігі 22-25 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.

Тағы бір ерекшелігі, құдық ішіне түскен адамдар да бар. Олар арасында түсіп, ішіндегі үзіліп жиналып қалған шелектерді алып, ішін тазартып шығады. Сондағы байқағандары 15 метрдей төмен түскенде биіктігі 12, диаметрі 15 метрдей үңгірге тап болады. Мұнда одан басқа тағы 2 үңгір бар екен. Сипаты қазақтың киіз үйіне өте ұқсас үңгірдің құп-құрғақ екенін көрген олар шетіндегі ағып жат­­қан бұлақтың бетін­дегі шелектер­ді алып шыққан. Сосын көзбен көргендер су­дың құбылаға қа­рай ағатынын, құ­дықтың бір жақ қа­бырғасында 10 метр­ге дейін аппақ гүлдер қаулап өскенін айтады.

Бірде мынадай жағдай кездесіпті. Құдықты тазалауға түскен екі адам сегіз сағаттай жүрген. Бір кезде жоғарыдан «шетке тұрыңдар» деп айқайлаған дауыс естіледі. Сөйтсе, Ресейден осы құдыққа арнайы ниеттеніп келген бір кісі шелек тастамасам болмайды деп тұрып алыпты. Тастады. Содан құдық астындағы жігіт, «су қалай құйылады екен. Көрейінші» деп қолындағы шамын қосып қалған кезде онысы атылып кетеді. Яғни Алланың құдіретімен түсірілмей тұр. Негізі шелекті тастаған кезде ол суға емес, құмға кеп тіреледі. Өйткені құдық асты құрғақ. Ал су шелек тасталған кезде өз-өзінен құйылады. Алайда қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отырған сыңайлы.

Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жер қайта жөнделіп, тәубе ететін орынға айналдырылды. 1996 жылы облыстық Мәдениет басқармасының «Әзірет Сұлтан» музейі қарамағына берілді.

Үкаша ата кесенесіне жақын орналасқан жерде әртүрлі пішіндес тастар бар. Алла деген жазуы бар тасты да көре аласыз. Бірақ мұны кейбірі білсе, енді бірі біле бермейді. Өйткені бұл жаққа келгендердің көбі кесенеге құран оқытып, одан құдыққа барып су алумен ғана шектеледі. Ал тастағы емдік қасиеттер өз алдына бөлек тақырып.

Сондай-ақ мұнда тақ деп аталатын тас бар. Бұл тас кезінде Үкаша атаның тағы саналған деседі. Осы тақ сияқты тастың үстінде отырып тілеген тілекті Тәңір береді екен. Оған қоса үлкен табан тәріздес тасты көзіміз шалды. Ол – Үкаша ата­ның табанының таңбасы. Сол табанға сіз де табаныңызды қойып, содан кейін тастың үстінде тізерлеп жүру керек. Бұл тізе буындарына бірден-бір ем деседі.

Осында келушілер екі тастың арасымен өтуі шарт. Ондағы қасиет тастан өткен адамның бойы тазарып шығады екен.

Екінші тас – шаңырақ тасы. Бұдан өткен адамның босағасы берік болады. Әрине, өту жеңіл болмады. Әйткенмен шыдамдылық таны­тып өткен адамды Алла да қолдап жібереді. Кәдім­гідей тастың арасынан өткен кезде Алла­ның бір көмегі сезіледі. Міне, кереметтілігі осында.

Соңғы жылдары Үкаша ата кесенесі мен құдығының аумағында кең көлемде көріктендіру жұмыстары жүзеге асырылып келеді. 150 түп жеміс көшеті отырғызылған. Осындағы мешіт, қонақ үй, асхана күрделі жөндеуден өткізілді. Кесененің айналасына асфальт төселіп, автокөлік тұрағы темір шарбақтармен қоршалған. Келушілердің тынығуына жағдай жасау мақсатында жаздық тапшандар, құдыққа көтерілетін аумаққа көпір салынды. Асхананың жанындағы мал соятын орын да ретке келтірілді. Кесененің аумағында «Үкаша ата тарихи» музейі ашылды. Онда Үкаша ата шежіресі, туған жер картасы, сонымен бірге құнды археологиялық-этнографиялық жәдігерлер сақталған.

You may also like

Leave a Comment