Home Тарихи мұра АЛТЫНТӨБЕ — ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ

АЛТЫНТӨБЕ — ОРТАҒАСЫРЛЫҚ КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ

Daismedia.kz

Алтынтөбе — орта ғасырлардан сақталған қаланың орны. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қаржан аулында орналасқан. 1979 жылдан бастап Алтынтөбе қорымы мен Төлебайтөбе қалашығы мен қорымдарына қазба жұмыстарын жүргізді. 1982 жылы археолог А.Н. Подушкин зерттеген. Кейін 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының Келес археологиялық тобы зерттеу жұмысын жалғастырды.

Алтынтөбе — сыртқы көрінісі төртбұрышты, терең ормен қоршалған биік төбе. Аумағы 180×160 м, биіктігі 13 — 15 м. Орталық бөлігі (цитадель) төбенің оңтүстік-батыс бұрышында орналасқан. Аумағы 70×50 м, биіктігі қалашықтың үстіңгі бетінен есептегенде 4 м. Қаланы айналдыра салынған үлкен қабырғаның құлаған орны анық байқалады. Қақпалары оңтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыста бір-біріне қарамақарсы орналасқан. Төбенің орта ғасырдағы аты белгісіз. Кезінде гүлденген қала болған. Қазба жұмыстары кезінде бірнеше бүтін қыш ыдыстар: екі көзе, екі қақпақ, кіржуғыш және сырланбаған кесе табылды. Алтынтөбе Ұлы Жібек жолының Шаштан Испиджабқа апаратын тармағының бойында орналасқан. Зерттеу кезінде жиналған археол. материалдар қаланың 10 — 16 ғасырлар аралығында болғанын көрсетеді.

Қазіргі Алтынтөбе ауыл әкімшілігінің орталығының шығыс бетінде, ауылмен қабаттаса көне қаланың жұрты жатыр. Қаржансу өзенінің сол жақ жағалауындағы биік төбенің үстіне жайғасқан тарихи ескеркіш жұрты өзенмен жарысып біраз жерге барады. Нақты координаттары: 41.831029 солтүстік ендік, 69.710168 шығыс бойлық.

Бұл көне қаланың цитаделін тұрғылықты халық «Төрткүлтөбе» деп атайды. Ол биік төбенің басына, жан-жағы орлар мен жарқабақтардан тұратын тамаша стратегиялық маңызды орынға орналасқан. Ауқымы ат шаптырым.

Ескі Алтынтөбе қаласының аумағы кейінгі уақыттарда адам қолымен қатты өзгерістерге ұшырап, бұзылған. ХІХ ғ. соңы мен ХХғ. басында циталель үстіне егін егілген, регистан үстіне молалар қорымы жайғастырылған, бақша егілген, рабаты аумағына осы заманғы құрылыс түсіп, мекенге айналған, қазіргі Алтынтөбе ауылы қалыптасқан. Суландыру жүйесі жаңаланып, осы заманғы канал қазылып кеңейтілген. Цитаделі – сыртқы көрінісі төртбұрышты, жан-жағы терең ормен қоршалған биік төбе. Көлемі 180х160 м., биіктігі 13-15 м. шамасында. Негізгі орталық бөлігі төбенің батыс бұрышында орналасқан, көлемі 70х50 м., биіктігі қалашықтың бетінен есептегенде 4-6 м. Қаланы айналдыра салынған үлкен қабырғаның орны анық байқалады. Қақпалары солтүстік-шығыс (Испиджаб қақпасы) пен оңтүстік-батыс (Шаш қақпасы) жақ бетінде бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Көне қаланың өз заманында қалай аталғаны белгісіз, «Алтынтөбе» аталуы себебі тек кейінгі уақыттарда осы төбеден алтын бұйымдар мен монеталардың табылуымен байланысты болса керек.

Егер, Ташкенттен Сайрамға қарай жолға шыққан керуенді көне қалалар тізбегімен жүргізсе, керуен жолының сызығы былай айқындала түседі: Ташкент-Қақпақ-Тұрбат- Алтынтөбе-Тесіктөбе, одан соң қазіргі Төле би ауданының аумағындағы қалаларды аралап Сайрамға жетеді. Кезінде қайнап жатқан бұл жолдың қазір де тек сүрлеуі ғана қалған. Алтынтөбе қаласының қалыптасуына суы мол Қаржансу мен құнарлы топырағы ғана емес, керуен жолының да әсері мол болды. Халық аузында осы қалашық орны туралы әңгімелер мен аңыздар толып жатыр, бірінен-бірі асып түседі. «Алтын тапқан», «Әжіғұл әжі мен қауын еккен сарттар», «Жамансай», т.б. аңыздар көп бұл төбеге қатысты.

Әдебиеттерде бұл орынды 1982 ж. Шымкент ПИ-ның А. Н. Подушкин басқарған археологиялық тобы зерттеп, картаға түсіріп, тарихи ескерткіштер тізіміне қосқаны көрсетіледі. Ал кейін 1998 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық зерттеу экспедициясының «Келес» археологиялық отряды зерттеу жұмыстарын жалғастырған. А. Н. Подушкиннің қала жасын анықтауға қосқан үлесі болды, біраз заттай жәдігердерді тауып, алып кетті. Бұлардан соң 2000 ж. М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Жібек-жолы» филиалының Қ.Қосанбаев бастаған студент-тарихшыларының оқу-тану тобы да біраз түрткілектеп кеткенін білеміз. Бірақ осыншама зерттеу топтары ат басын бұрса да, әлі күнге дейін толық зерттелмей жатқаны өкінішті-ақ. Кешенді археологиялық зертттеу жұмыстарын қажет етеді.

Қазба жұмыстары әлі толық жүргізілмеген. Соған қарамастан, аз ғана болса да түркілектеп, әр жерді шұқылап жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесі кім-кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Қазба жұмыстары кезінде бірнеше бүтін қыш ыдыстар, көзелер, қақпақтар, кіржуғыш, сырланбаған кесе, құмыралар, қолжуғыш ыдыстар, ірі шаруашылық заттардың тұтқалары, т.б. заттардың қалдықтары, тіпті дастархан-үстелшелер, көлденең сызықты-оюлы керамикалық құрылыс заттары, тұрмыстық бұйымдар жасауға негізделген ескі станок қалдықтары, маңғол-тимурид не одан да ерте дәуірілерге жататын оюлы ақ-көгілдір құрастырмалы керамикалар, т.б. заттар табылған. Осының өзі Алтынтөбе көне қаласының кезінде атқарған рөлі күшті болған аймақтағы ірі орталық болғанын көрсетеді. Орта ғасырларда Шаш пен Испиджаб аралығындағы ең ірі қалалардың бірі болғанын Д. Тәлеев тарихи ескерткіштер тізіміне ендіргенде атап өтіпті.

А. Н. Подушкиннің айтуынша бұл қаланың өмір сүрген кезеңі Х-ХҮІІ ғ.ғ. шамасы. Бұл дерек халық аузындағы аңыздарға да сәйкес келеді. Халық аузындағы «Қосмола туралы» аңызда ағайынды Қаражан мен Сарыжанға қатысты да осы төбе туралы айтылады. Бұл аңызды қуалай ізденсеңіз, сонау ҮІІІ ғасындағы Түргеш дәуіріне кетесіз. Демек, И. Подушкиннің Алтынтөбе қалашығының өмір сүрген уақытын Х ғасырға қоюы дәл қойылған хронология болмаса да шындыққа жақындайды. Бұл тарих зерттеулерінде аса алшақ кетпейтін уақыт. Бір халықтың екіге бөлінуі ұзақ процес, түргеш халқының екіге жарылуы бір 751 ж. Атлах соғысымен ғана бітпейтін болса керек. Бұл процестің суреттерін «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпикалық жырында да бейнелейді. Сондай-ақ, бір көрінісі «Қосмола туралы» аңыз Қаражан мен Сарыжанның (Түргеш дәуіріндегі Қаратүргеш пен Сарытүргешпен салыстырыңыз) трагедиялық айырылуымен көрініс береді. Соған қарағанда Алтынтөбе қалашығы Түргеш қағандарының оңтүстік-батыстағы тірек қамал-қорғандарының бірі болса керек. Ал қаланың өмір сүруінің тоқтауына себептер ретінде қазақтың өзге қалалары сияқты батыс пен шығыс елдерін жалғаған Ұлы Жібек жолының ХҮ-ХҮІІғ.ғ. құлдырауы, сыртқы жаудың шапқыншылығы мен ең басты себеп ретінде ішкі қырқыстар аталады.

Бұл қаланың өмір сүруін тоқтатуына бірден-бір себепші – ХҮІІ ғ. ел бөлген Тұрсын ханның ылаңы саналады. Бұл туралы халық аузындағы «Жамансай туралы» аңгіме бар. Алтынтөбенің батыс бетінде, оңтүстіктен солтүстікке қарай 5-6 шақырымға созылған ұзын әрі кең сай бар, мұны Жамансай атайды. «Алтынтөбе» кеңшары кезінде мұнда үлкен, аумағы 90-120 гектардай алмабау болушы еді. Бұл сайдың аталу тарихын халық былай деп әңгімелейді. Ертеректе казақты ағайынды екі хан билепті, бірі Есім хан, бірі Тұрсын хан. Олар бір-біріне бақталас екен. Есім 3 арыс қазақты билесе, Тұрсын 1 арыс қатағанды билепті.

Бірде Есімхан ауылын шапқан қалмақты қуып жауға кетсе, Ташкенді билеген Тұрсын хан Есімнің ауылын тағы шауыпты. Мұны естіп қатты каһарланған Есім қалмақты Жетісудан асырып қуып салысымен, қатағанның ханы Тұрсынның ізін суытпай қуып береді. Екі ханның әскері Сайрам түбінде кездеседі. Ұзақ та қидаласқан соғыс болады. Бұл соғыста Есім ханның әскері басым түседі. Тұрсын хан әскерін оңтүстікке қарай шегіндіреді. Сайрам түбінде жеңілген Тұрсын Есімханға тосқауылды Алтынтөбе қорғанының (ол кезде Сайрам, Шымкент, Тұрбат, Алтынтөбе, Қақпақ секілді қалалар Тұрсын ханның билігінде екен) түбінде қояды. Ол кезде Алтынтөбе жан-жағы нығайған қорғаны бар, мықты қамал еді. Тұрсын соған сенсе керек. Туысқан екі ханның жан алысқан соғысы жеті күн, жеті түн болыпты. Каһарланған Есімді ешқандай күш тоқтата алмайтын еді. Жағасы тасқын, шеті ор, жар төбесіндегі қамалы берік Алтынтөбе қамалын тас-талқан етеді. Қаланың Ташкент тұсындағы қақпасы жанында қиян-кескі ұрыс болады. Ташкентке қарай шегіне шыққан Тұрсын ханның әскерін 1 шақырым ұзатпай қазіргі Жамансай тұсында Есімнің тосқауыл тобы күтіп алып тағы қидалай түседі. Жан аямас ұрыс болады. Қырылған әскер мен жараланған сарбазда есеп жоқ. Екі жақтан да шығын аз болмайды. Ақыры Тұрсын әрең сытылып Тұрбатты да тастап, Ташкенге барып бірақ тығылыпты.
Соғыс аяқталғаннан кейін ұрыс алаңында аяқ алып жүре алмастай тау-тау өлік қалыпты. Сасыған өлік пен қанның иісі күншілік жерге дейін жетіпті. Жауған жауынмен өзен қанға толып қып-қызыл боп ағыпты. Халық кейіннен соғыс алаңы болған сайды ұмытпатпастай етіп «Жамансай» атап кетіпті. Әлі күнге дейін жөн білетін, тарих білетін жолаушы жұрт Жамансаймен жолай өткенде бет сипап, аттан түсіп, жаяулап өтіп жатады. Осы күндері Жамансайға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары кез-келген жерді қазғанда соғыс саймандары, қару-жарақ қалдықтары, түрлі сүйектер шығатынын айтады. Таудан бастау алып, ауыл ішін аралап, Алтынтөбе қаласы жұртының батыс тұсына жақын ағатын, Қаржансуға барып құятын Шығансай деген кішкене өзенше бар. Сол «Қатағанның қырғынында» Шығансайдың іші қанға толып ағыпты. Сондықтан «Іші қан сай» деп жүріп «Шығансай» атап кетіпті.

Алтынтөбе көне қаласының қысқаша тарихы осылай. Қираған соң да қала жұртында ірілі-ұсақты қоныстар болғанымен, қабырғасы мығым қала бола қоймаған, сонысымен өмірін тоқтатты саналады. Ел бірлігі үшін қандай қырғындарды бастан талай кешірген біздің ғой халық. Ант ұрған хан Тұрсынның ылаңының кесірінен қатаған жұрты түгелге жуық басқа жұртқа айналып жат болды, қанша ел қырылды, қанша қала қирады, бір ауыз сөзбен айтып жеткізе алмайтын қасырет! Ал, Алтынтөбе қаласы ел бірлігі үшін қираған қала ретінде тарих бетінде мәңгі орнын табары сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment