Түркістан облысы, Шардара ауданының палуаны Бексұлтан Құлмырза Астана қаласында өткен пара дзюдо бойынша Әлем чемпионатында J2 санаты бойынша топ жарып, әлем чемпионы атанды.
Осыған орай, Шардара ауданында жеңімпазды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, спорт ардагерлері, спортшылар, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында алғы сөз алған Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев чемпионды тарихи жетістігімен құттықтап, оның табандылығы мен еңбекқорлығына ерекше ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бұл жеңістің өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі әрі спортқа деген қызығушылықты арттыратынын атап өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Құлмырза Бексұлтанға жеңіс құрметіне темір тұлпар сыйлады. Сондай-ақ чемпионды дайындаған жаттықтырушы Нұрбол Шаймановқа қаржылай сертификат табыстады.
Әлем чемпионатына 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. 81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен шардаралық балуан Бексұлтан Құлмырза татамиге төрт рет шығып, барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, әлем чемпионы атағына ие болды.