Home Тарихи мұра БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗИЗ ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ

БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗИЗ ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІ

Daismedia.kz

Түбі бір түркі жұртына ортақ тұлға, біз білетін «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сынды эпостық жырлар мен қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін тарихи бейне Баба түкті Шашты Әзиз әулие. Әулиенің кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның діни және ғибадат жерлері ретінде жалпыұлттық киелі орындар санатының жүз нысанының тізіміне енеді.

Баба түкті Шашты Әзиз кесенесі — Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ жерінде орналасқан.

Баба түкті Шашты Әзиз– қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін, фольклорлық әрі мифологиялық бейне, әрі асқан батыр, әуелде сахарада Көк Тәңіріге сенген бақсылар аруақ ретінде әрі пір тұтып сиынған, кейіннен мұсылмандар арасында әулие саналған.

Ысқақ баба мен Баба түкті Шашты Әзиз қазақ халқын Ислам дініне тек сөз күшімен яғни уағыз айтумен тартатын алғашқы дін таратушылар болды. 767 жылы Ысқақ баба өз жасағымен Арабиядан дін таратып Түркістан мен Сырдарияға келеді. Бір күнде 200 мың адамды Ислам дініне тартқан деп аңызда айтылады екен. Баба түкті Шашты Әзиз әулие болып саналып, Аян беріп түске кіріп, шайқастарда сарбаздарға рух берген деген деректер Қазақ ауыз әдебиетінде де жиі кездеседі. Сонымен қатар емші қабілетімен де халыққа танымал болған. Сол үшін адамдар оны әулие атап, кесенесін сақтап қалған.

Баба түкті Шашты Әзіздің бірінші кесенесі Құмкент ауылының қасында 18 ғ ортасында салыныпты. Жаңа кесене 2006 ж салынған. Орны ерекше – шөл ортасында бұлақ аққан жерде, осында Баба түкті Шашты Әзіз мешіт салған екен. Бұлақ қасиетті болып саналады. Баба түкті Шашты Азиз деп аталуы денесі түкті болған деседі. Баба түкті Шашты Азиз кесенесіне зиярат етіп барған пиғылы нашар адамдардың көзіне кесененің екі мұнарасынан алып жылан көрініп кесене маңына жолатпайды деген аңыз әңгіме ел аузында тараған. 2022 жылдың маусым айына дейін келуші туристтердің саны 5 мыңнан асқан.

Әулиенің зиратына салынған кесене күйдірілген кірпіштен қаланған. Кесене порталды –күмбезді, бір камералы құрылыс. Төрт қырлық жұмыр мойындыққа орнатылған еңселі күмбезбен көмкерілген. Қасбеті тегіс, әшекейі жоқ, тайыз әрі сүйірқуыс жасалған, ортасында кіреберісі бар, қос босағасында шағын бедерлі мұнара орналасқан. Ішкі құрылымында шаршы үйдің өзегі бойынша сүйір аркалар салынған, күмбез осы доға түріндегі жабынға тіреледі. Кесене ортасына кірпіштен қаланған құлпытас орнатылған.

Кейбір аңыздарда Едіге батыр Баба түкті Шашты Әзиздің ұлы деп айтылады. Бабамыз боз бала шағында Жылыбұлаққа шомылып жүрген пері қыздарын көрген екен. Олардың киімдерін жасырып қойып, ішіндегі біреуін әйелдікке алғысы келгенде, пері қыздары Баба Түкті Шашты Әзизге үш шарт қойған деседі. Олар, аяқ киімін шешкен кезде қарамау, тырнағы мен шашына қарамау,қолтығына қарамау. Шартын бұзғандықтан,пері қыз: «Ішімде алты айлық балаң бар. Онымен Құмкент деген жерге тастап кетемін, іздеп-тауып ал!» деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті Шашты Әзиз пері айтқан жерге келіп, құндақтаулы сәбиді тауып алады да, «Едіге» есімін береді.«Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзиз батырдың әкесі ретінде бейнеленеді.

Мұнан бөлек, халық арасында кеңінен таралған «Қыз Жібек» дастанында Төлеген Жайыққа сапар шегенде анасы ұлын осы Баба түкті Шашты Әзизге тапсырған деген де деректер кездеседі. Ал Шоқан Уәлиханов жазбаларында Шашты Әзиз Баба Құмар есімді әулиенің баласы делінеді.

Қорытындылай келе, Баба түкті Шашты Әзиздің есімі жалғыз қазақ жерінде емес, Орта Азияда танымал тұлға. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Қажымұқан атамыз өзі де күресерде Баба түкті Шашты Әзиздің атын айтып айбаттанатын көрінеді. Тіпті М. Әуезовтың өзі «Абай жолы» романын жазарда Баба түкті Шашты Әзиздің басына барып тәу еткен деседі.

Алтай мен Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр топырақтың түкпір-түкпірінен зиярат етіп келушілердің қарасы қалың. Бірі әулиенің басына ем іздеп келсе, енді бірі жоғарыда айтқан Қажымұқан бабамыз секілді үлкен намысты додаларға аттанарда дұға етуге келеді. Перзент сүйе алмай жүрген қыз-келіншектер де баба рухына тәу етіп, құдайдан бала сұрауға барады. Кесененің қасында тұп-тұнық бұлақ ағып жатады, тіпті шағын көлшік те бар. Зиярат етіп келушілер бұлақтың су ішіп, көлшікке жуынып, дертіне ем сұрайды екен.

Қорытындылай келе, киелі топырақтан өніп-өскен соң әулие-әнбиелері көп пе, әлде әулие-әнбиелерінің кіндік қаны тамған топырақ киелі бола ма, бір білеріміз бүгінгі еліміздің қай географиялық аймағында болсын тұнған тарих пен киенің тұмса табиғатын көреміз. Ал осындай ұлттық құндылықтарымыз бен құнды жәдігерлерімізді қорғау және дамыту, оларды насихаттау жұмыстарын жүргізуде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасының алар орны ерекше. Жоба аясында алға қойған мақсат-міндеттердің жүйелі орындалуы үшін еліміздің кез-келген азаматы мен азаматшасы ықылас танытып, келешек үшін қызмет еткені жөн. Себебі өткенін мықты екенін білетін халық қана болашаққа сеніммен қарай алады. Киелі топырағымызды тек еліміздің ішінде ғана емес, шет елдерде де насихаттап, бүгінгі заман талабына сай туризм саласын да дамытуға осындай жобалармен танытуға болады деп сенеміз.

You may also like

Leave a Comment