Сауран ауданына іссапармен келген Түркі әлемі муниципалитеттер одағының делегациясы өңірдің тарихи інжу-маржаны – көне Сауран қалашығына арнайы барды. Мәртебелі меймандар XII-XVIII ғасырларда өмір сүрген, Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени-экономикалық орталықтардың бірі болған көне шаһардың орны мен архитектуралық құрылымымен танысты.
Сауран – қазақ даласындағы бірегей қорғаныс жүйесімен ерекшеленетін, сыртқы дуалмен қоршалған көне қалалардың бірі. Қала өз заманында саяси, сауда және қолөнер орталығы болып қана қоймай, рухани әрі мәдени өмірдің де маңызды нүктесі болған. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан аумағындағы ортағасырлық өркениеттің асыл мұрасы.
Қонақтарға тарихи орынмен танысудан бөлек, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетімізді ұлықтауға бағытталған арнайы бағдарлама ұсынылды. Киіз үй тігіліп, кең дастархан жайылып, қазақтың қонақжайлығы паш етілді. Түркі дүниесіне ортақ ұлттық ойындардың бірі – садақ ату жарысы ұйымдастырылды. Меймандар бұл көріністерден үлкен әсер алып, қазақ халқының рухани байлығы мен дәстүрге деген құрметіне жоғары баға берді.
Осындай шаралар арқылы Сауран жұрты – ортақ түркі құндылықтарын сақтау мен насихаттау ісіне өз үлесін қосып келеді. Бұл — ұрпақ санасына рухани сабақтастықты сіңірудің және ел бірлігін күшейтудің жарқын көрінісі.