Home Жаңалықтар ДАРА ӨНЕРДІҢ ШОҚ ЖҰЛДЫЗЫ ОРДАБАСЫ ТӨРІНДЕ КЕШ ӨТКІЗДІ

ДАРА ӨНЕРДІҢ ШОҚ ЖҰЛДЫЗЫ ОРДАБАСЫ ТӨРІНДЕ КЕШ ӨТКІЗДІ

Daismedia.kz

Әлемде сан алуан өнер бар. Белгілі бір ұлттан бастау алатын түрлі өнерлерді барлық халықтар үйреніп, өз өресімен дамыта алады. Ал қазақтың төл өнері «Айтыс» өнерінің классикалық деңгейін біздің елден өзге ешбір ұлт қайталай алмаған.
Аудандық Мәдениет үйінде осындай бірегей өнеріміздің мәртебесін асқақтатқан, айтыс аламанында суырып салма жырларымен ел жүрегінен орын алған, дара өнердің шоқ жұлдызы Ақмарал Леубаеваның «Жүрегімнің үні» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сөз өнерін заман тынысына бейімдей отырып, ұлттық рухты, аналық мейірімді, адамгершілік пен әділетті ту еткен талант иесінің әдеби-сазды кешіне аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, сөз шеберінің шығармашылығына үлкен құрмет білдірді. «Бүгінгі күні біздің ауданымызға арнайы келіп, шығармашылық кеш өткізіп жатқаныңызға барша аудан халқы атынан зор ризашылығымды білдіремін», — деп ақынға ақжарма лебізін арнап, сый-сияпат тапсырды.
Жыр мен жүректің тоғысқан сәтіндей болған – руханият кешінде ақынның сөздеріне жазылған, бүгінде хит әндер шеруін бастап тұрған тамаша әндері орындалды.

Сондай әннің бірі де, бірегейі де «Қуанышым-қазынам». Гүлнәр Салықбаеваның сөзіне жазылған «Мен сенің қорғансызыңмын» деген ғажап ән бар. Оның да әнін жазған Ақмарал Леубаева. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген әндері де, өлеңі  де аз емес. «Ақберен», «Қыз мұңы», «Адамдар кешіріңдер», «Гүлназым», «Ей, бұрынғы ғашықтар», «Сен-мен», «Ойлаған махаббаты бұлай деп кім?», «Жаралы жанның әні бұл», «Наурыз әні», «Ақмарал», «Қазағым», «Гүлдәурен», «Он алты жас», «Туған жер», «Тағдыр» да ән әлемінде бағасын алған жауһарлар. Талай қошеметке бөленген әндер. Ғажабы ерен, тамашасы таудай. Одан бөлек ел жадында жаңғырып тұрар жырлары да баршылық.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы, айтыскер ақын Леубаева Ақмарал Пернебекқызы — айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты.

Леубаева Ақмарал Пернебекқызы 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1986 жылы Ақмешіт ауылындағы Қ.Спатаев атындағы орта мектепті бітіріп, сол ауылда механизатор болып жұмыс істейді. 1987 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының филология факультетіне түсіп, оны 1992 жылы үздік дипломмен бітіріп, осы оқу орнына оқытушылық қызметке қабылданды.
Ақмарал Леубаева 1988 жылдан бастап өнер саласында, республикалық, облыстық, көлемде өтіп жатқан мәдени көпшілік іс-шараларға қатыса жүріп, өзінің талантымен жұртшылыққа таныла білді. Институт көлеміндегі іс-шараларға белсене араласқаны үшін бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталып, 1989-1990 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық кеңесіне депутат болып сайланды.

Тұңғыш рет Ордабасы аудандық оқу бөліміне қарасты Бадам елді мекенінен аудандық ақындар мектеп-интернатын ашып, басшылық жасады. 1992 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтында оқытушы қызметін атқара жүріп, ғылыми жұмыстарымен айналысты, осы бағытта «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты кітабы жарық көрді.

Облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жұртшылыққа танылды. 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармада бас маман, 2006-2007 жылдары ҚР Техникалық реттеу және метрология басқарамасы комитетінің ОҚО бойынша бас маманы қызметін атқарды. Бірнеше жыл №33 «Ақбота» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі, облыстық салт-дәстүр орталығы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

2001 жылы Елбасының «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы», 2006 жылдың наурызында өзі туып-өскен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атанды. 2007 жылы 26 сәуірде «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік тағылымдық мәні» деген тақырыпта кандидаттық дисертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдерімен , 2012 жылы — ОҚО әкімдігінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2013 жылы — ҚР Президентінің жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен, 2016 жылы — Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл медалімен марапатталды .

Қазақтың қайсар, дара қызына шабытыңыз шарықтап, өнеріңіз өрлей берсін дегіміз келеді!

You may also like

Leave a Comment