Созақ ауданында қазақ күресінен ерлер арасында ел чемпионаты өтті.
Спорттық шара қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Түркістан облысы мен Созақ ауданының Құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбекұлының 85 жасқа толуына орай ұйымдастырылған.
Аталмыш додаға еліміздің барлық өңірлерінен 28 балуан қатысып, өз бақтарын сынады. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Жарыстың финалдық белдесуінде Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбаев пен Түркістан облысының балуаны Әбдіғали Бибарыс күш сынасты. Нәтижесінде жамбылдық спортшы қарсыласынан басым түсіп, түйе балуан атағын жеңіп алды. Бас жүлде ретінде жеңімпазға су жаңа автокөлік табыс етілді. Сонымен қатар, жүлдегерлерге де қомақты қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Сексенбай Тұрысбекұлы — 1941 жылдың 9 наурызы күні Қаратаудың етегінде орналасқан Жыныс ата ауылында дүниеге келген.
Әкесі Тұрысбек Теріскей өңіріне белгілі ағаш ұстасы болыпты. Адал еңбекпен күнелткен отағасы ағаштан ер шауып, ыдыс-аяқ жасап, бір үйлі жанды осы кәсібімен асыраған көрінеді. Осының бәрі – кішкентайынан әке жанынан шықпай, оң жақ шалғайына жабысып жүріп өскен бала Сексенбайдың тәлім алған мектебі. Ол кісінің еңбек кітапшасындағы совхоз жұмысшысы деген жазу 1957 жылдан басталады. Одан бері де алпыс жылдан аса уақыт өтіпті. Былай қарасаңыз, бір адамның ғұмыры дерлік уақыт. Бірақ, Сексенбай аға сол қалпы. Оның ел ісіне ерте араласуының өзі әлгінде айтқанымыздай, балалық шақтан басталған. Әкесі әрбір ісіне адал болғандықтан, баласы да сол өлшемнен табылу қажет. Солай болды да. Ол қай қызметте жүрсе де өзі қатарлы жастарды жігерлендіріп, көптеген жақсы істердің ұйытқысына айналды. Сол тұстағы буын ерекше белсенді, алға ұмтылғыш болатын. Кейін көбісі ел шаруасына араласып, Созақ ауданының жақсы атын шығаруға лайықты үлес қосты.
Ауылда өскен бала көбінесе өзіне жақын мамандықты таңдайтыны белгілі. Ол да таңдауды солай жасады. Мектеп бітірген соң екі-үш жыл Калинин атындағы кеңшарда жұмысшы, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы болып істеп, үш жыл Германияда әскери борышын өтеп келді. Білімге сусап келген сақа жігіт пойыздан түсе салысымен Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетіне жол тартты. Осы жерден мұғалім мамандығын алып шықты.
Аз ғана уақыт А.Иманов атындағы орта мектепте мұғалім, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия кабинетінің меңгерушісі болып істеген Сексенбай Тұрысбекұлын басшылық бір күні аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына қызметке шақырады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бәкір Ахметов Сексенбайды жассынған жоқ. Талап та қойды, міндет те артты. Осында өткен төрт жылда ол шарболаттай шыңдалып шықты. Қоғамдық қызметтерге де белсене араласты. Осындай сынақтан өткен жас маманның қарымын байқаған басшылар енді оны «Энгельс» (қазіргі Қарақұр ауылы) кеңшарына партия комитетінің хатшысы етіп жіберді.
Сексенбай Тұрысбекұлына үлкен жауапкершілік артылып, 1986 жылы «Қаратау» кеңшарының директоры қызметіне жіберіледі. Басшылықтың, елдің сенімі директорға да қанат бітірді. Бұл кезде қылшылдаған қырық бестегі жігіттің білімі де, білігі де, тәжірибесі де ешкімнен кем емес-ті. Сондықтан да білек сыбана қызметке кірісті. Сол жылдары кеңшардың экономикалық көрсеткіштері біршама ілгерілей түсті. Мал төлдету, күйек алу, басқа да науқандар кезек-кезегімен атқарылып жатты. Сексенбай аға шаруашылық жұмыстарымен қатар, елдің әлеуметтік-мәдени, рухани мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ.
Ал, оның жалпы қайраткерлік тұлғасы, азаматтық беделі, адамгершілік келбетін жан-жақты талдау көлемді еңбекті талап етеді. Сексенбай Тұрысбекұлы ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 және 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. 2017 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Былтыр «Парасат» орденін иеленді. Түркістан облысының және Созақ ауданының құрметті азаматы атанды.
Адам да ағаш секілді: тамыр жаяды, көктейді, көгереді. Секең әке-шешеден үш ұл, үш қыз болып тараса, енді өзі де бір әулеттің атасы. Өмірлік қосағы Үрзада Тоқбергенова екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан бүгінде алтын асықтай немере-шөберелер сүйіп отыр.