Түркістан облысы, Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен бокстан өңірлік жаттықтырушыларға арналған кеңейтілген тәжірибелік семинар өтті.
Ауқымды жиынға бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжанов жетекшілік етті. Семинар барысында облыстың түкпір-түкпірінен жиналған бапкерлер бокстың заманауи әдіс-тәсілдерімен танысып, жаттығу барысындағы маңызды аспектілерді егжей-тегжейлі талқылады.
Сонымен қатар, практикалық тұрғыдада бапкерлерге жаттығулардың ең керекті тұстарын көрсетіп, жан-жақты шеберлік сабағы өткізілді.
Тәжірибе алмасуға арналған бұл шарада қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты жауаптар алып, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Ұстаз-бапкерлер бокстың техникалық және тактикалық қырларымен тереңірек танысып, алған білімдерін болашақ спортшыларды дайындау ісінде қолдануға ниетті.
Семинар соңында қатысушылар осындай тәжірибе алмасу алаңдарының маңыздылығын атап өтіп, мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұрады деген сенім білдірді.