Келес және Қаржан өзендерінің ортасында орналасқан елді мекенде Сынтас деп аталатын мазар бар. Бұл жай қорым емес, тарихи орын.
Сынтас қалашығы – қазіргі Сынтас ауылының шығысы мен Келес өзенінің сол жағалауында орналасқан төбе. Сонау X-XVI ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүрген қалалардың бірі. Төбені алғаш рет 1957 жылы Қазақстан археологиялық экспедициясы тапқан. Одан кейін 1982 жылы Шымкент педагогика институты жанындағы археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде, ақ, көк, сары, қоңыр түсті керамикалық заттардан жасалынған құмыралардың сынықтары мен қақпақтары табылған. Төбенің биіктігі 10-11 метрді құрайды. Қалашық осы уақытқа дейін мазарат болып келді. Қазіргі таңда оның аумағы белгіленіп, археологиялық ескерткіш ретінде тізімге енгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.
Сынтас қаласы жайлы ел арасында мына бір аңыз кеңінен тараған. X ғасырдың аяғына таман қалаға жау шабады. Жау сарбаздары қамалды айлап қоршап алған. Айлап коршауда тұрса да, тірі пенде су іздеп шықпаған. Судан қаталатып өлтірмек болған жау, Қосмола тауы жағынан келіп, құбырды бітейді. Кұбырды бітегеннен кейін, сулары таусылып шөлдеген камалдағылар шыға шабуылға көшеді. Қамалды алу кезіндегі кескілескен ауыр шайқаста басқыншылардың мерейі үстем болып, жеңіп шығады. Шайқас кезіндегі қамал түгел қираған. Оның айғағы бүгінгі күнге дейін жеткен ыдыс-аяқтардың қалдықтары. Қорымды қаза қалсаң, кей жерлерден ыдыс-аяқтардың сынықтары табылады. Елуінші жылдардың ішінде, мектеп қоян асырау үшін жертөле қазған кезде бүтін бір құмыра табылған. Соған қарағанда, Сынтас жай қорым емес, қолөнері өркендеген қала болғаны анық.