21-26 маусым күндері Вьетнамның Вунгтау қаласында күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Құрлықтың түкпір-түкпірінен келген таңдаулы спортшылар бас қосқан байрақты бәсеке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қызу тартысқа толы болды.
Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған түркістандық еркін күрес шеберлері жарқын нәтижелерімен көзге түсті. Атап айтқанда, 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен талантты балуан Бекасыл Асанбек қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші мәрте Азия чемпионы атанды. Бұл – оның спорттық шеберлігінің тағы бір дәлелі.
Сондай-ақ, 71 келі салмақта белдескен тағы бір түркістандық спортшы Нұртай Наров күміс жүлдені жеңіп алып, өңір намысын абыроймен қорғады.
Жас балуандардың бұл жетістігінде олардың бапкерлері – Мықтыбек Қуашов пен Бақытжан Бердиевтің еңбегі орасан зор. Ұзақ жылдық тәжірибе мен үздіксіз еңбектің нәтижесінде шәкірттері халықаралық аренада биік белестерді бағындыруда.
Азия чемпионатында еліміздің атын асқақтатқан жерлестерімізді құттықтаймыз!