Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Жауапты басшылар мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.