Келес ауданында экономикалық өсімнің қарқыны жыл санап артып келеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 63,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,6 пайызды құрады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудандық мәслихатының кезекті жиырма сегізінші сессиясында мәлімдеді.
Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрап отыр. Оның үлесі 33,1 млрд теңгені құраса, сауда көлемі – 21,2 млрд теңге, құрылыс саласы – 5 млрд теңге, ал өнеркәсіп – 3,9 млрд теңгеге жетті. Биылғы жылдың қорытындысында жалпы өндірілген өнім көлемін 126,7 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр.
Бұл өсімді қамтамасыз ету үшін өнеркәсіп саласында жаңа жобалар қолға алынуда. Жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаның іске асырылуы 130 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жүзімдік ауылдық округінде құны 2,5 млрд теңге болатын минералды су зауыты салынып, 30 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Ақтөбе ауылдық округінде қуаттылығы 20 мВт болатын күн электр станциясы ашылады, жобаның құны 4 млрд теңге, 20 жаңа жұмыс орны қарастырылған. Сондай-ақ, осы округте «Almaty NS-Group» ЖШС-нің күйдірілген қыш зауыты бой көтеріп, 2025–2026 жылдары іске қосылады. Құны 2,5 млрд теңге болатын бұл кәсіпорын 30 адамды жұмыспен қамтуды көздейді.
Ұшқын ауылдық округінде 200 млн теңгелік шұлық тігін цехы ашылып, 10 адам еңбекке тартылмақ. Ал Абай ауылында пластикалық ыдыстар өндіретін цех және сүт өңдеу цехы іске қосылады. Жоспарланған жобалар жүзеге асқанда аудан экономикасына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.
