Сарыағаш ауданын дамыту стратегиясын бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін аудан әкімдігінде 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланып, негізгі бағыттар мен басымдықтар жан-жақты сараланды. Инвестициялық штаб отырысына аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, сондай-ақ кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің өкілдері қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану үшін нақты, жоспарлы әрі жүйелі жұмыстардың маңыздылығына тоқталды:
– Ізденіс, даму, өзгеріс керек. Жан-жақты зерделеп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Жүйелі жұмыс қажет, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, олардың жүзеге асырылуы барысында туындайтын мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, бекітілген жол картасы аясындағы жобалар мен олардың іске асырылу барысын саралап, жүйелі жұмыс жүргізуді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне тапсырды.
Айта кетсек, ауданның даму жоспарына сәйкес 2030 жылға дейінгі нақты жобалар тізімі әзірленуде. Басым бағыттардың қатарында: өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру, туризм саласын дамыту мәселелері қамтылған.
Жиынның негізгі мақсатты – әкімшілік кедергілерге жол бермеу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді жеңілдету, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кәсіпкерлерді дер кезінде ақпараттандыру. Сонымен қатар, жобаларды сүйемелдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де басты назарда.
