Home Агроөнеркәсіп ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРДІ

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА АУҚЫМДЫ ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРДІ

Daismedia.kz

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі екені белгілі. Осы орайда, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар легі жалғасуда. Солардың бірі — Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені. Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.

– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, облыс экономикасына серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Н.Көшеров.
Жалпы жоба құны — 250 миллион теңге. Жылыжай кешені 7,5 гектар жер аумағында орналасқан. Қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті.

Кешенде қызанақ пен қияр өсірілетін болады. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек.
Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде 42 учаскеге бөлінген жобаның 17-сінде жылыжай құрылысы аяқталған. Оның ішінде 3 учаскеде қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, толық іске қосуға дайын тұр.

Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы бастамалар жалғасын таппақ.

Сонымен қатар, биыл Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар оң нәтиже беруде.

Жалпы өнім көлемін ұлғайту бойынша осы жылдың 8 айының қорытындысымен нақты көлем индексі 100,1 пайызды құрады. 9 айда жалпы өнім көлемін 104,3%-ға ұлғайту жоспарлануда. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді. Бүгінде нақты 59 мың гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 114 мың гектарға жетті. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектар ендіру жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделуде. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс басшысы Президент тапсырмасының орындалу барысы қатаң бақылауда екенін айтып, салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма жүктеді.

– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының басты драйвері. Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу технологияларын, заманауи агроинновацияларды енгізу маңызды. Бұл әдістер егістік жерлердің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жақсартуға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылға бектілген барлық индикаторлық көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Жұмыс барысын қатаң бақылауға алу қажет, – деген Нұралхан Оралбайұлы жоспарды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынан ескертті.

Аппарат отырысында агроөнеркәсіптік кешенінің индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуы туралы Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Файзулла Байдуллаев баяндады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін 1649 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланып, бүгінде 1 379 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Нәтижесінде, жаңалау үлесі 7,9%-ды құрап, жалпы ауыл шаруашылығы техникасының саны 17 487 бірлікке жетті.

Мемлекет тарапынан инвест жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіліп келеді. Облыс көлемінде жеміс-көкөніс сақтау үшін 3 қойма салынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында «Кентау» ЖШС-нің сыйымдылығы 2 200 тонна, Сайрам ауданында «Shagur agro group» ЖШС-нің сыйымдылығы 2000 тонна, Шардарада «Батырхан ата» ШҚ-ның сыйымдылығы 2200 тонна жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылды. Келесі жылы Сарығаш ауданында 10 мың тонналық, Қазығұрт ауданында 3 мың тонналық жеміс-көкөніс сақтау қоймалары іске қосылады.

Одан бөлек, биыл «БНК Агро КЗ» ЖШС-нің «Тауарлы сүт фермасын 800 басқа кеңейту» жобасы іске қосылды. Ал келесі жылы Төлеби ауданында «Азия милк» ШФҚ-ның 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Түлкібаста «Майлыкент Ферм» ЖШС-нің 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар «Сарыағаш құс» ЖШС іске қосылды. Түлкібас ауданында құс етін өндіретін «Қарқын трейд» ЖШС-ның жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыруға АӨК жобаларын несиелендіру бағдарламасымен 5 млрд. теңге бөлінбек.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы елімізде алдынғы қатарда. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешеніне 121 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемін 9 айдың қорытындысымен 152,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Мәжілісте агроөнеркәсіптік кешен бойынша индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнәр Күнтуғанова есеп берді. Оның мәлімдеуінше, республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымдағы үлесі бойынша Түркістан облысы 1 орында немесе үлесі – 13,7%. Түркістан облысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 487,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға артқан.

Ет өндіру көрсеткіші 122,9 мың тоннаны құрады. Мал етін өндірудің едәуір үлесі Сайрам және Қазығұрт аудандарының шаруашылықтарына тиесілі. Ал сиыр сүтінің өнідірісі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,7% артса, тауық жұмыртқасының өндірісі 5,7%-ға өскен. Облыстың ауыл шаруашылығын дамуына бағытталған инвестиция көлемі 97620,6 млн. теңгеге жетіп, өсім 140,3%-ды құрады. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 53,6% артып, 23343,4 млн. теңгені құраған.

You may also like

Leave a Comment