Ағын су – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Түркістан облысында биылғы вегетациялық маусым жауын-шашынның аз болуына байланысты күрделі жағдайда басталғанымен, жергілікті әкімдік тарапынан қолға алынған жүйелі шаралар суару жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Облыс бойынша егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары қалыпты режимде жүргізілуде. Дегенмен, жауын-шашын көлемінің азаюы мен ауа температурасының жоғары болуы өңірде су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Облыс аумағында биыл 890 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген, оның ішінде 552 мың гектары суармалы жерлерге жатады. Егістік алқаптарға қажетті су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылуда. Вегетациялық кезең басталған сәттен бастап су бөлу жұмыстары аудан әкімдіктері мен шаруалар арасында жасалған келісімдер негізінде арнайы кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жалпы алғанда, Түркістан облысына жыл сайын 4,8 миллиард текше метр су қажет. Алайда биылғы ауа райының тосын өзгерістеріне байланысты су қорларының 30 пайызға дейін азаю қаупі бар. Бұл жағдай әсіресе облыстың оңтүстігіндегі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында айқын сезілуі мүмкін. Су көздерінің көпшілігі көршілес мемлекеттердің аумағынан келетіндіктен, трансшекаралық суға тәуелділік мәселені одан әрі күрделендіруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен суды үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде белгілеп, бұл бағыттағы жұмыстарды уақытылы қолға алудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар осы тапсырмалардың нақты орындалып жатқанын айғақтайды.
Қазіргі таңда жағдайды тұрақтандыруға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларының құрылысы басталған. Бұл жобалар арқылы «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн текше метр су жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары да кеңейтілуде: биыл бұл технологиялар 27 мың гектар жерге ендірілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 59 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Қазіргі уақытта 46 мың гектар алқапта су үнемдеу жүйелері орнатылған.
Бұдан бөлек, машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су берілуде. Бұл шара «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 м³/сек) ішінара теңестіруге бағытталған.
Су инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыстар су жүйелерінің тозу деңгейін 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде, 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 миллиард теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек.
Ағын суды заңсыз пайдалану фактілеріне қатысты да қатаң шаралар қабылдануда. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыс аумағындағы су нысандарына тұрақты түрде тексерулер жүргізіп, қазіргі күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұлдар салған. Сондай-ақ, Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Жалпы алғанда, биылғы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысында ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Су инфрақұрылымын жаңарту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің аграрлық секторы су тапшылығын еңсеруге қабілетті болып отыр.
