Home Ауыл шаруашылығы ШАРДАРАДАҒЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НӘТИЖЕЛІ КӨРІНІСІ

ШАРДАРАДАҒЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ НӘТИЖЕЛІ КӨРІНІСІ

Daismedia.kz

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын бекітіп, еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасауда. Аталған бағдарламаға сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бұл ретте Шардара ауданының алар орны ерекше.

«Ауыл аманаты» — ауыл кәсіпкерлігін жандандырудың қуатты тетігі

2023 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік-экономикалық жоба. Бағдарлама аясында берілетін 2,5%-дық жеңілдетілген несиелер көптеген ауыл тұрғындарының бизнес бастауына жол ашты. Солардың бірі – балық шаруашылығын дамыту бағыты.

Атап айтқанда, бағдарлама аясындағы IV бағыт — балық шаруашылығын дамыту бойынша 2023 жылы Шардара ауданынан 14 жоба қызығушылық танытып, соның ішінде 10 жоба жалпы 71,95 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде 8 жоба тоғанда балық өсіру, ал 2 жоба көлдер мен көлге торлы шарбақ орнату бойынша іске асырылуда. Көксу ауыл округінен үш жоба мақұлданған.

Жаңа кәсіпкерлер — жаңа серпін

«Әлібай» шаруа қожалығы — осы бағдарлама аясында қолдау тауып, табысты кәсіпке айналған шаруашылықтардың бірі. 2023 жылы 2,5% несие алып, жасанды көл қазып, балық өсіру ісін бастаған кәсіпкер Асан Әлібаев:
«Өткен жылы 2,8 гектар жерге тоған салып, 15 мың шабақ жібердік. 17 тонна балық өндірілді. Биыл өнім көлемін одан да арттыру жоспарлануда», – дейді.

Қазіргі таңда кәсіпкер 6 гектар аумақта 3 жасанды көл қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл соңына қарай жобаның жылдық қуаттылығы 100 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.

«Мөлдір» шаруа қожалығы — ауқымды бастаманың айқын үлгісі

Тұрысбеков ауыл округінде орналасқан «Мөлдір» шаруа қожалығы 2023 жылы 10 гектар аумақта іске қосылды. Бүгінгі таңда 6 жасанды көл жұмыс істесе, жақын арада тағы 4 көл пайдалануға беріледі. Әр көл шамамен 10 тонна балық беруге қауқарлы. Осылайша шаруашылық жылына 100 тоннаға дейін өнім өндіруді көздеп отыр.

Шаруашылықта тұқы, сазан, ақ амур сияқты сұранысқа ие балық түрлері өсірілуде. Өнімнің біраз бөлігі Шымкент қаласындағы мейрамханаларға жөнелтіліп отыр.

«Ауыл аманаты» арқылы ілгерілеген жас кәсіпкер

Шардара ауданының тұрғыны Жасұлан Тұрсынбаев та — мемлекеттік қолдаудың шынайы жемісін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі. Жыл басында аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, бағдарлама талаптарымен танысқаннан кейін, қажетті құжаттарды жинап, «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 8,55 млн теңге несиеге қол жеткізген.

Несие қаражатына 10 000 шабақ пен 25 500 кг жем сатып алған кәсіпкер бүгінде сазан, ақ амур, толстолоб сияқты балық түрлерін өсіруде. Қосымша өз қаржысынан 7,51 млн теңге қосып, жалпы жобаның құны 13,26 млн теңгеге жеткен.

Шардара су қоймасы — негізгі тірек

Ауданда балық шаруашылығының дамуында Шардара су қоймасының маңызы ерекше. Мұнда балық қорын көбейту мақсатында 4 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ:

№1 учаске – «Нуралы» ЖШС

№2 учаске – «VITA» ЖШС

№3 учаске – «Шардара-балық» ЖШС

№4 учаске – ЖК «Серманизов және К»

Экспорт пен өңдеу: шекара асып жатқан өнім

Шардара ауданында балық өнімдерін өңдейтін 5 зауыт жұмыс істейді:

«Хамит» АӨК

«Шардара балық-1»

«Саодат» ЖШС

«Байтерек ББМ» ЖШС

ЖК «Жалғасбаев»

2023 жылы бұл зауыттар 4925 тонна балық өнімін өндіріп, ішкі нарықпен қатар шетелге де экспорттады. 2024 жылдың басындағы дерекке сәйкес, ауданда 41 тауарлы балық өсіруші шаруашылық тіркелсе, соның 10-ы жаңадан ашылған, яғни «Ауыл аманаты» бағдарламасының тікелей нәтижесі.

Мемлекеттік қолдау — даму кепілі

Балық шаруашылығын дамытуда акваөсіруді субсидиялау үлкен рөл атқаруда. 2024 жылы:

Жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаралды

Республикалық бюджеттен инвестициялық субсидияға — 237,5 млн теңге

Сонымен қатар, балық шаруашылығы бойынша кооперация мен білім беру бағытында да жұмыстар белсенді. Мәселен, «Шардара балық мектебінде» 2023 жылы 100-ге жуық кәсіпкер, 2024 жылы — 60 кәсіпкер білім алды.

Облыс әкімінің тапсырмасы – нақты іс-шараға ұласуда

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен әзірленген өңірлік бағдарлама аясында 2030 жылға дейін:

Тауарлы балық өндірісін 20 000 тоннаға дейін жеткізу

Балық өнімдерінің экспорты 2 есе артады (7 000 тонна)

Қайта өңдеу зауыттарының жүктемесі 100%-ға дейін жетеді.

Шардара ауданы бүгінде еліміздегі балық шаруашылығы саласының үздік үлгісіне айналуда. Мемлекеттік бағдарламалар, қолжетімді несиелер, субсидиялау және кәсіби оқыту шаралары — осының барлығы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде балық өсіру ісін өркендетуге кең жол ашып отыр. Жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің қажырлы еңбегі мен дұрыс бағыттағы қолдаулар тоғысқанда, нақты нәтиже мен табысқа жетуге болатынын дәлелдеп келеді.

You may also like

Leave a Comment