Төлеби ауданы әкімдігі ғимаратында халық пен билік арасындағы байланысты нығайту мақсатында ашық форматта қоғамдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара аудан тұрғындарының көкейкесті сұрақтарын ашық айтуына, ал жергілікті билік тарапынан нақты жауап пен түсіндірулер берілуіне бағытталды.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Бағдатбекбек Жанғазиев ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Өз сөзінде ол бұл кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолдарын қарастыру екенін атап өтті.
Іс-шара барысында кездесуді аудан прокурорының орынбасары Ермек Шунеев жүргізіп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға заң аясында нақты жауаптар берді. Ол құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықтың сауалдарына жан-жақты түсініктеме беруге тырысты.
Жиынға ауданның қоғам белсенділері, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, түрлі сала мамандары, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері қатысты. Ашық форматта өткен кездесуде қатысушылар әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылым мәселелері, білім беру мен денсаулық сақтау салалары, тұрғын үй жағдайы мен құқықтық қорғау жүйесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Тұрғындар көтерген мәселелер қатарында жол жөндеу, таза ауызсу мен жарықпен қамтамасыз ету, мектеп пен аурухана жетіспеушілігі секілді өзекті проблемалар да болды. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту, қоғамдық көлік қозғалысын реттеу, ауыл шаруашылығын дамыту сынды маңызды тақырыптар да назардан тыс қалмады.
Әкімдік өкілдері мен тиісті сала мамандары тұрғындардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, кейбір мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар мен жоспарларымен бөлісті. Көптеген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта қаралатыны және жүзеге асырылатыны айтылды.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар азаматтардың белсенділігін жоғары бағалап, мұндай ашық диалог алаңдарының маңызын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта да осы форматтағы кездесулерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғаны хабарланды.
Бұл шара – жергілікті билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
