Түркістан қаласында өткен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің кезекті отырысында өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға партия мүшелерімен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, газ, су және электрмен жабдықтау мекемелерінің өкілдері қатысты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің мәжілісінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі түрде ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсарту және жаңарту, өрт сөндіру деполарының жағдайы, облыс аумағындағы табиғи газбен, сумен, электр қуатымен қамту саласындағы әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы қаралды.
Кеңес төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бақытжан Серманизовтың төрағалығымен өткен жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапты өкілдері, кеңес мүшелері, «QAZAQGAZ-Аimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің, «Түркістан-су» МҚК-нің өкілдері, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиынның маңызына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, қыс мезгілі – ел үшін сын кезеңі екенін айтты. Әсіресе, жылыту маусымына дер кезінде және сапалы дайындық жүргізу халықтың тұрмыс жағдайына, әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды фактор деп байыптады. Осыған байланысты мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметінің үйлесімді жұмысы басты назарда болатынын түсіндіре отырып, өңірлік даму кеңесінің бүгінгі отырысы осы тақырыпқа арналғанын мәлімдеді.
— «Қыстың қатаң жағдайында төтенше оқиғалардың алдын алу – құтқарушылардың басты міндеті. Өрт қауіпсіздігі, газбен уланудың алдын алу, жол-көлік оқиғалары мен табиғи апаттарға жедел әрекет ету үшін халық арасында кең көлемді ақпарат жұмыстары жүргізілуде. Құтқарушылардың заманауи техникамен жабдықталуы және кәсіби даярлығы халықтың сенімділігін арттырып, қиын сәтте көмекке дайын екенін көрсетеді. Жылыту маусымына дайындық – тек техникалық іс-шара емес, ол халықтың әлеуметтік жағдайына, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан сумен, газбен, электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары – биліктің, төтенше қызметтің және қоғамның ортақ міндеті», — деді облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ержанов төтенше жағдайлар департаментінің негізгі міндеттерінің бірі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және азаматтық қорғау құрылымдарының қызметкерлерін оқытып, сертификат беру екенін айтты. Бұл бағытта жыл басынан бері тақырыптық 105 брифинг өткізіліп, 124 мәрте түсініктемелер жүргізілген. Халықты ақпараттандыру саласында әлеуметтік желі платформалары кеңінен қолданылған.
Сондай-ақ республикалық деңгейде «Көктем-2025», «Өрт-2025», «Жер-2025», «Қорғау-2025» республикалық штабтық оқу-жаттығулары өткізілсе, аумақтық деңгейде 2 кешенді оқу-жаттығу жиындары, 34 командалық-штабтық оқу-жаттығулары, 17 командалық-штабтық жаттығулар, 10 арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өткізілген.
-» Облыс аумағында талаптарға сәйкес 73 өрт сөндіру деполары болуы қажет болса, бүгінге қолданыста 42 өрт сөндіру бөлімі бар. Қажетті өрт сөндіру депоның саны 31-ді құрайды. Осы 42 өрт сөндіру бөлімі ғимараттарының 7-уі — типтік үлгіде болса, 35-і – бейімделіп салынған ғимараттар. Қолданыстағы бөлімдер мен бекеттер штаттық режимде қызмет атқаруда. Жалпы 4 өрт сөндіру депосының құрылысын жүргізуге сметалық жоба әзірленіп, жалпы соммасы 7 млрд.-ты құрайды. Сонымен қатар, қажеттілікке байланысты 23 өрт сөндіру бөліміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек», — деді департамент басшысының орынбасары.
Жиында қаралған екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева облыс тұрғындарын ауыз сумен, табиғи газбен, электр қуатымен қамту салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады.
— «Түркістан облысының электр қуатын тұтыну көлемі 445 МВт-ты құрайды, оның 75 пайызы сыртқы энергетикалық көздерден тасымалданады. Облыста өндірілетін электр энергиясы көлемін ұлғайту мақсатында жалпы қуаты 2,4 ГВт-ты құрайтын 6 маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда: Сайрамда 1 000 МВт бу-газ станциясы, Түлкібаста 320 МВт, Кентауда 240 МВт газ турбина станциясын салу көзделген. Сауранда 485 МВт күн электр станциясы және Бәйдібекте 350 МВт жел электр станциясы салынады. Сонымен қатар, облыс аумағында жаңартылатын энергия көздері саласын дамыту мақсатында, жалпы қуаты 278,5 МВт құрайтын 24 жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылған»» — деді Роза Сариева.
Кеңес отырысында аталған мәселелер бойынша тұрғындар көтеріп жатқан өзекті сауалдар қойылып, оларды реттеуде мемлекеттік органдар атқарып жатқан жұмыстар сараланды. Жиын барысында айтылған бірқатар ұсыныстар кеңес отырысының хаттамалық тапсырмасына енгізіліп, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынды.
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының бұл кеңейтілген отырысы — өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылым сапасын арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алудағы жауапты органдардың өзара үйлесімді жұмысын үйлестіруге бағытталған маңызды алаң болды. Жиын барысында айтылған ұсыныстар мен шешімдер алдағы уақытта Түркістан өңірінде әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсер етпек.
