Түркістан облысының Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны күн санап артып келеді. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруді көздейтін бұл бағдарлама шын мәнінде ауылды дамытуға серпін беріп отыр.
Аталған жоба шеңберінде мемлекет тарапынан төмен пайызбен берілетін несиелер ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласында жұмыс орындарын құруға жол ашып отыр.
Жеке кәсіпкерлік жолындағы табысты қадам
Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округінің Тоқсансай елді мекенінің тұрғыны Ұлжалғас Аманбекова — осы жобаның нақты жемісін көріп отырған азаматшалардың бірі. Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі қара мал бордақылау бағытында өз кәсібін бастаған.
Бастапқыда 8,6 миллион теңге көлемінде несие алуға өтінім берген кәсіпкер өз мүлкін кепілге қойып, жобасын ұсынған. Нәтижесінде, облыстық комиссия тарапынан жобасы оң бағаланып, қаржыландыруға мақұлданған.
Алынған қаражатқа Ұлжалғас Аманбекова Жамбыл облысынан 23 бас ірі қара мал сатып алып, мал бордақылау кәсібін бастаған. Қазіргі таңда ол мал басын көбейтіп, ет өнімдерін өңдеу бағытына бет бұруды көздеп отыр. Бұл қадам тек өз табысын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік бермек.
Шұбар округінде кәсіпке қызығушылық жоғары
Ұлжалғас Аманбековадай кәсіпкерлердің көбеюі — «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін көрсетеді. Шұбар ауыл округі бойынша аталған бағдарлама аясында «Шұбар-1» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне (АӨК) 92 азамат несие алуға өтінім білдірген.
Олардың басым көпшілігі — 82 азамат — мал бордақылаумен айналысуды мақсат еткен. Сонымен қатар құс шаруашылығына — 1, балық шаруашылығына — 5, өсімдік шаруашылығына — 3, омарташылыққа — 1, ал түрлі салада жеке кәсіп ашуға ниетті — 4 азамат бар.
Қазіргі уақытта 72 өтінім облыстық комиссия қарауынан өтіп, оның ішінде 60 жоба қаржыландырылып отыр. Нақтырақ айтқанда:
56 жоба — мал бордақылау бағытына, 2 жоба — өсімдік шаруашылығына, 2 жоба — өзге кәсіп түрлеріне бағытталған.
Ауыл болашағы – кәсіпкерлікпен тығыз байланысты
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзіне айналар кәсіп ашуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, мал және өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ, өңдеу саласындағы жобалар ауыл шаруашылығын әртараптандыруға жол ашуда.
Бағдарлама арқылы тек қана жеке кәсіпкерлікті дамыту емес, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық теңгерімді сақтау, ішкі көші-қонды азайту, жастарды ауылда қалдыру сияқты маңызды мәселелер де шешімін табуда.
Ұлжалғас Аманбекованың мысалы – мұның айқын дәлелі. Кәсіпкердің алдағы жоспары – мал шаруашылығын кеңейтіп, етті өңдеп, нарыққа сапалы өнім ұсыну. Бұл мақсат орындалса, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті экономиканың дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Ордабасыда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы өз ісін бастаған азаматтардың саны артып келеді. Бұл – ауыл тұрғындарының белсенділігі мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі. Бағдарлама әрі қарай да жалғасын тауып, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестің дамуына жол аша беретіні сөзсіз.
