Home Жаңалықтар ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІЛІС: 2025-2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒЫТЫ

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕРПІЛІС: 2025-2030 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ БАҒЫТЫ

Daismedia.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірлерінде кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Осы орайда Түркістан облысының Қазығұрт ауданы да экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында нақты қадамдарға көшіп, 2025-2030 жылдарға арналған ауқымды жол картасын әзірледі. Бұл стратегиялық құжат ауданның ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, туризм және тұрғын үй салаларындағы серпінді жобаларды қамтып отыр.

Экономикалық даму мен жаңа жұмыс орындары – негізгі басымдық

Қазығұрт ауданының әкімі Әзизхан Исмаиловтың мәлімдеуінше, алдағы бес жылда аудан аумағында жалпы құны 55,1 млрд теңге болатын 45 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар нәтижесінде 1 364 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосылмақ. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке негізделіп отыр.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында құны 30,8 млрд теңге болатын 15 жоба қолға алынып, 390 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы бағытында да белсенділік жоғары: 18,9 млрд теңгеге 18 жоба іске қосылып, 784 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Аталған жобалар аудан экономикасының драйверіне айналып, жалпы ішкі өнімнің өсуіне зор серпін береді.

«Тұрбат» агроиндустриалды аймағы – агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа көкжиегі

Аудан экономикасын әртараптандыру бағытында Тұрбат ауылында 60 гектар аумақты қамтитын агроиндустриалды аймақ құрылуда. Бұл кешенге 3,8 млрд теңге инвестиция тартылып, онда заманауи жылыжайлар салу арқылы 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл бастама ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту мен экспорт әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Ауыл шаруашылығында – қарқынды өсім

Қазығұрт ауданы – аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Бұл салада да тың бастамалар мен тиімді жобалар іске асып жатыр. Соның бірі – Шарбұлақ ауыл округіндегі «Бірлік АШК» өндірістік кооперативі. 2016 жылы құрылған шаруашылық бүгінде «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала», «Фуджи», «Грени Смит» сынды элиталық алма сорттарын өсіретін қарқынды бау ретінде танымал. Құны 2,5 млрд теңге болатын бұл жоба 120 гектар алқапта жүзеге асып, 200-ге жуық маусымдық жұмысшыны және тұрақты қызметкерлерді жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылық заманауи 24 дана ауылшаруашылық техникасымен жабдықталған.

Сонымен қатар, мал шаруашылығы саласында – 35,6 млрд теңге, егін шаруашылығында – 22,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіштер өңірдің аграрлық қуаты артып келе жатқанын көрсетеді.

Инвестиция тарту мен өнеркәсіп саласының дамуы

2024 жылдың 10 айында Қазығұрт ауданына 36,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Ауданда 2025-2026 жылдары жалпы құны 21,1 млрд теңге болатын 24 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Биылдың өзінде 2,9 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылып, 70 жаңа жұмыс орны ашылған.

Өнеркәсіп саласы да дамудан шет қалмаған. 2024 жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,1 млрд теңгеге жетіп, аудан экономикасының құрылымында елеулі орын алды. Бұл бағытта құрылыс материалдары, өңдеуші өнеркәсіп және қайта өңдеу жобаларына басымдық берілуде.

Әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы

Ауданда әлеуметтік саланың дамуы да назардан тыс қалмаған. Қазығұрт елді мекенінде жеке инвесторлардың қолдауымен арендалық тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. 2 қабатты, 8 пәтерден тұратын 10 тұрғын үйдің құрылысы әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамту мәселесін шешуге бағытталған.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша 61 елді мекеннің:

59-ы ауыз сумен қамтылған – бұл 96,7% көрсеткіш;

60-ы электр энергиясына қосылған – 98,4%;

49-ы табиғи газбен қамтылған – 80,3%.

Бұл – мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан тиімді жұмыстардың нәтижесі.

Туризм мен қызмет көрсету саласын дамыту

Қазығұрттың табиғи, тарихи және мәдени әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, 2025-2030 жылдары туризмді дамытуға бағытталған 6 жоба іске асырылмақ. Бұл жобаларға 3,3 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Туризм саласы дамыса, ауданға келетін туристер саны екі есеге артады деп болжануда.

Сондай-ақ, тамақтану және сауда саласында 2,1 млрд теңгеге 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл бағыттар сервистік қызмет сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Экономикалық өсімнің нақты көрсеткіштері

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 96,4 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға жоғары. Ал жылдық жоспар бойынша 134,4 млрд теңге көлемінде өнім өндіріліп, өсім 109,6%-ды құрады.

2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 240 млрд теңгеге жеткен. Бұл – аудан экономикасының тұрақты өсім жолында екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14 мыңнан асып, олардың өндірген өнімі 117 млрд теңгені құраған. Құрылыс саласы да серпін алып, соңғы үш жылда 31%-ға өсіп, 9 млрд теңгеден асты.

Қазығұрт ауданы 2025-2030 жылдарға арналған стратегиялық жол картасы арқылы өз даму бағытын нақты айқындады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы ірі жобалар, инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, туризм мен қызмет көрсету саласындағы серпінді жобалар ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл бастамалардың табысты іске асуы аудан халқының әл-ауқатын арттырып, Қазығұртты өңірлік дамудың жарқын үлгісіне айналдырары сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment