Home Ауыл шаруашылығы ОТЫРАР — ӨРКЕНДЕУГЕ БАҒЫТ АЛҒАН ӨҢІР

ОТЫРАР — ӨРКЕНДЕУГЕ БАҒЫТ АЛҒАН ӨҢІР

Daismedia.kz

Ауыл шаруашылығы, индустрия, инвестиция және туризм – дамудың төрт тағаны
Тарихи тамыры терең Отырар ауданы бүгінде қарқынды даму мен өркендеудің жаңа белесіне қадам басуда. Ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған жүйелі жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтижелермен көрініс табуда. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және туризм бағыттарындағы жұмыстар тұтас бір үйлесімді жүйе ретінде өрбігені байқалады.

Индустриалды аймақ – инвестициялық тартылыс нүктесі
Отырар ауданындағы индустриалды аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шәуілдір мен Темір ауылдарының маңында орналасқан бұл аймақ тоғыз жолдың торабында орналасып, стратегиялық маңызға ие. Темір жол тұйығы, электр желісі, жол, су және кәріз жүйелері секілді инфрақұрылыммен толық қамтылған бұл аймақ кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы ортаға айналуда.
2025–2027 жылдар аралығында өнеркәсіп, өңдеу және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салалары бойынша жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту жоспары жасалған. Қазірдің өзінде агроөнеркәсіп саласына бағытталған екі ауқымды жоба іске қосылуға дайын. Оның бірі – 780 млн теңге көлеміндегі инвестициямен салынатын тәулігіне 50 тонна өнім өндіретін күріш өңдеу зауыты болса, екіншісі – мақтаны терең өңдейтін, құны 4,1 млрд теңге болатын жоба. Бұл кәсіпорындар іске қосылғанда 40-қа жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың қозғаушы күші
Аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. 2024 жылы жалпы 33 500 гектар жерге егіс егілсе, оның ішінде 10 855 гектарға жүгері, бидай, тары және көпжылдық мал азықтық дақылдары отырғызылған. Күздік бидай 500 гектар жерге орылып, өнім жиналуда. Жалпы алғанда, 2024 жылдың қорытындысымен 35 мың гектар алқаптан 350 мың тонна ауыл шаруашылық өнімі жиналмақ. Сонымен қатар, 9,9 мың тонна ет және 27,2 мың тонна сүт өндіріліп, белгіленген межелер орындалуы жоспарлануда.
Ағымдағы жылы 400 басқа арналған сүтті ірі қара фермасы мен жем өндірісі жобалары қолға алынып, 1 000 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілмек. Бұл – ауыл шаруашылығын цифрландыру мен жаңғырту бағытындағы нақты қадамдар.

Мақта кластері – өңдеу өнеркәсібінің өзегі
Отырардағы мақта шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Қытай инвесторлары 33 мың гектар жерге мақта егуді бастап кеткен. 2025–2026 жылдары жалпы құны 45,1 млрд теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылады. Оның ішінде төрт мақта өңдеу зауыты, шағын мақта қабылдау бекеті, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен құрама жем шығару цехы бар. Бұл жобалар арқылы ауданға 2030 жылға дейін 68,6 млрд теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнім көлемі 93,8 млрд теңгеге дейін артпақ.

Әлеуметтік сала мен инфрақұрылым – тіршіліктің негізі
Ауданға облыс тарапынан бөлінетін трансферттік қаржы көлемі қысқарғанымен, бұл кемшілік емес, керісінше, ауданның өз-өзін қаржыландыруға қабілетті екенін көрсетеді. Инвесторлар есебінен қаржыландыру жолға қойылып, соның нәтижесінде әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 2 мәдениет үйі мен 2 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 10-нан астам әлеуметтік нысан іске қосылмақ.

Туризм – тарихи өңірдің жаңа тынысы
Отырар – қазақ өркениетінің алтын бесігі. Бұл ерекшелікті экономикалық әлеуетке айналдыру үшін туризм саласына да үлкен көңіл бөлінуде. 2025–2030 жылдары аралығында үш қонақ үй құрылысы басталып, Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбені байланыстыратын 1,7 шақырым жол абаттандырылады. Осы жол бойына көркемсурет галереясы мен өлкетану музейі салынбақ. Бұл туристік әлеуетті күшейтіп, өңірге шетелдік қонақтар легін арттыратыны анық.

Экономикалық өсім мен жұмыс орындары
Аудан әкімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы өңірлік өнім көлемі 80,1 млрд теңгені құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 159,5 млрд теңгеге жетеді. Жоспарланған 145 инвестициялық жоба негізінде 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – аудан тұрғындарының өмір сапасының артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына бағытталған нақты нәтиже.

Отырар – тек тарихи мұрасымен ғана емес, келешекке бағытталған стратегиялық қадамдарымен де маңызды өңір. Инвестициялық жобалар, ауыл шаруашылығының даму қарқыны, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістер, туризм әлеуетін арттыру – барлығы ауданның жарқын болашағына жол ашатын берік іргетас болмақ.
Ауданның жүйелі даму жолы – ауылдық өркендеудің нақты үлгісі. Көзделген межелер орындалған жағдайда Отырар өңірі еліміздің экономикалық картасында айрықша орны бар қуатты агроөнеркәсіптік және туристік аймаққа айналуы сөзсіз.

You may also like

Leave a Comment