Home Жаңалықтар АУДАН ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

АУДАН ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

Daismedia.kz

Бүгін «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған партиялық алаңда Төлеби және Сайрам аудандық мәслихаттарының төрағалары жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне есеп берді. Басқосу барысында Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров пен Сайрам аудандық мәслихат төрағасы Шамхат Қалмурадов өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен депутаттық корпустың қызметі туралы кеңінен баяндады.

Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 110,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30,4 пайызға артқан. Жалпы өңірлік өнім құрылымының 48 пайызы өнеркәсіпке, 31,1 пайызы ауыл шаруашылығына, ал 16,6 пайызы сауда және құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 907 мың теңгені құрап, өсім 29,7 пайыз болған. Ауданның экономикалық әлеуетіне тоқталған Нұрлан Хамзаұлы мәслихат құрамының 82 пайызы «AMANAT» партиясының мүшелерінен тұратынын атап өтті.

– Биыл аудандық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, 46 шешім қабылданды. Депутаттар халықпен тікелей байланыста болып, тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы уақытқа дейін 278 сайлаушының өтініші тыңдалды, олардың 235-і бойынша оң шешім табылды. Өзім төраға ретінде 142 азаматты жеке қабылдап, мәселелерін қарадым. Сонымен қатар депутаттар тарапынан 321 депутаттық сауал жолданды, оның 236-сы аудандық мекемелерге, 39-ы облыстық басқармаларға, 5-еуі министрліктер мен комитеттерге бағытталды, – деді Нұрлан Қойбағаров.
Төраға сөз соңында ауданның әлеуметтік саласын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Өз кезегінде Сайрам аудандық мәслихат төрағасы Шамхат Қалмурадов 9 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. «Депутат қызметінің басты мақсаты сайлаушылардың сенімін ақтау, өңірдің өркендеуіне үлес қосу және ел игілігі жолында аянбай еңбек ету. Сондықтан өз жұмысымызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа аламыз», – деді Шамхат Розақұлұлы.

Есепті кезеңде аудандық мәслихаттың 8 сессиясы өткізілген. Жергілікті бюджетті бекіту кезінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттар мен халықтың ұсыныс-пікірлері ескерілген. Соның нәтижесінде әлеуметтік нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, ауыз су, газдандыру және жарықтандыру мәселелеріне басымдық берілген.

Аумақтық партия филиалымен бірлесе отырып мониторингтік топтар құрылып, өзекті мәселелер зерттелген. Осылайша халықтық бақылау тетігі іске қосылып, бірқатар проблемалар өз шешімін тапқан.
– Биылғы 9 айда мәслихат депутаттары тарапынан 109 депутаттық сауал жолданды. Оның басым бөлігі әлеуметтік сала, спорт нысандары, жол және инфрақұрылым, трансформатор орнату, бағдаршам қою сияқты мәселелерге қатысты болды. Көтерілген мәселелер атқарушы органдармен бірлесе қаралып, бірқатары бюджет есебінен қаржыландырылды, – деді Шамхат Қалмурадов.

Баспасөз мәслихаты соңында мәслихат төрағалары алдағы кезеңде де жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және партиялық бақылау жұмысын күшейтуге бағытталған бастамаларды жалғастыратынын атап өтті.
Брифинг барысында бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданында демалыс аймақтарының толық тіркелмеуі, кейбір демалыс орындарының салық төлеуден жалтару фактілері сөз болды. Сонымен қатар, жаз мезгілінде демалушылардың көптігіне байланысты жолда жиі кептеліс туындайтыны да назарға алынды.

Сайрам ауданы бойынша да бірқатар маңызды сауалдар қойылды. Оның ішінде Достық үйін салу, күл-қоқыс полигонының жағдайы, жер тапшылығы және 66 мың тұрғынның тұрғын үй кезегінде тұрғаны секілді мәселелер талқыланды. Мәслихат төрағалары аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жөнінде журналистер сауалдарына жауап берді.

Төлеби және Сайрам аудандарының мәслихат төрағаларының баяндамаларынан байқағанымыз – өңірлерде экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мәслихаттар мен депутаттардың халықпен кері байланысы, бюджет қаражатын тиімді бағыттауы және партиялық бақылаудың күшеюі аудандардың даму қарқынын арттыра түскен.

Алдағы уақытта да бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғасып, өңірлердің әлеуетін арттыруға үлес қосатын болады.

You may also like

Leave a Comment