Home Ауыл шаруашылығы «АУЫЛ АМАНАТЫ»: АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ

«АУЫЛ АМАНАТЫ»: АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ

Daismedia.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ірі әлеуметтік-экономикалық бастамалардың бірі. Бағдарламаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылда кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Басты ерекшелігі – микрокредиттердің жылдық 2,5%-дан аспайтын жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемемен берілуі. Бұл ауылдағы азаматтардың өз кәсібін бастауына немесе кеңейтуіне зор мүмкіндік беріп отыр. Түркістан облысында жүзеге асып жатқан жобалар соның айқын дәлелі.

Бройлер етін өндіру – табысты бизнестің үлгісі

Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» ауыл шаруашылығы кооперативі (АӨК) бағдарламаның шеңберінде бройлер етін өндіру жобасын іске асырды. Жобаның жалпы құны — 71,6 млн теңге болса, соның 27,6 млн теңгесі «Ауыл аманаты» арқылы қаржыландырылған. Аталған жоба жылына 50 тоннаға дейін құс етін өндіреді. Ерекшелігі – өндірістік кешен аудан көлемі небәрі 15 сотықтан аспайды. Яғни, аз жерден көп өнім алу жолға қойылған. Бұл – жерді үнемді әрі тиімді пайдаланудың нақты мысалы.

«Тәжитдин ата» кооперативі өндірістік тізбекті сауатты ұйымдастырып, дайын өнімді көтерме бағамен – 1 500 теңгеден сатуға мүмкіндік алып отыр. Мұндай тәсіл ауылдағы бизнес өкілдері үшін табысты кәсіп жүргізудің үлгісі бола алады.

Талаптыдағы табысты кәсіп: балық шаруашылығы

Бағдарлама аясында қолдау тапқан тағы бір маңызды жоба – Талапты елді мекеніндегі «Ran» жеке кәсіпкерлігінің балық өсіру ісі. Жобаның жалпы құны – 12 млн теңге, оның ішінде 7 млн теңгесі «Ауыл аманаты» шеңберінде берілген несие. Кәсіпкер өз үйінің ауласынан төрт бассейн салып, оған сазан шабақтарын жіберген. Балықтар белгілі бір салмаққа жеткен соң сатылады, ал өңірде балық өнімдеріне сұраныстың жоғары екені байқалып отыр.

Жобаның жоспарлы қуаты – жылына 20 тонна балық өнімі. Болашақта кәсіпкер тағы 15 бассейн салып, өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ұсынумен қатар, отандық балық шаруашылығының дамуына өз үлесін қосатыны анық.

Балтакөлдегі бастамалар: наубайхана мен тары зауыты

Балтакөл ауылында да «Ауыл аманаты» арқылы жүзеге асып жатқан жобалар жетерлік. Солардың бірі – жергілікті наубайхана. Жобаның жетекшісі Біржан Жүнісов бұл кәсіпті бағдарламаның көмегімен бастаған. Ол жұмыссыз жүрген кезінде «Ауыл аманаты» жайлы естіп, жергілікті әкімдік көмегімен құжаттарын рәсімдеп, бизнес-жоспар дайындаған. Нәтижесінде 8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, наубайхана ашты.

Қазіргі таңда наубайханада күніне 300-350 дана нан пісіріліп, жергілікті тұрғындарға сатылуда. Кәсіпкер негізгі қарызды өтеуді күз айында бастап, несиені мерзімінен бұрын жабуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, келешекте ірі көлемдегі несие алып, кәсіп аясын кеңейтпек. Жаңа ережеге сәйкес, фермерлер мен кәсіпкерлер кәсібін ұлғайту үшін 29 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады.

Балтакөлдегі тағы бір ауқымды жоба – «Алға-БАМ» тары өңдеу зауыты. Бұл өңір тары өсіруімен танымал болғанымен, бұрын өнім өңделмей, шикізат күйінде сатылып келген. Енді арнайы зауыт іске қосылып, тәулігіне 5 500 келіге дейін тары өңделуде. Зауытта заманауи құрал-жабдықтар – диірмен, орау, буып-түю станоктары орнатылған. Жобаны іске асыруға «Ауыл аманаты» аясында 20 млн теңге несие бөлінген.

Мал шаруашылығындағы мүмкіндіктер

Бағдарлама шеңберінде мал шаруашылығы бағыты да қамтылған. Өңірде екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі – ангус тұқымды 15 бас ірі қара мал (ІҚМ) сатып алған шаруашылық. Екіншісі – сүт бағытындағы 15 бас ІҚМ сатып алып, сүт өнімдерін өндірумен айналысатын жоба. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болуда.

Бағдарламаның нәтижесі мен болашағы

«Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылғаннан бері ауылдарда ондаған жаңа кәсіп ашылып, жүздеген жұмыс орны құрылды. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне түрткі болуда. Сондай-ақ әр жоба тек жеке табыс көзі ғана емес, жалпы өңірлік экономиканы дамытуға ықпал етіп отыр.

Бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қолжетімді, төмен пайызбен несие берілуде. Жергілікті әкімдіктер мен сала мамандары кәсіп ашқысы келетін азаматтарға бағыт-бағдар беріп, бизнес-жоспар дайындауға көмектесуде. Бұл – ауылдағы кәсіпкерліктің кең қанат жаюына себеп болуда.

«Ауыл аманаты» – ауылды түлетудің нақты жолы. Түркістан облысы мысалында қарастырылған бұл жобалар ауылда да табысты, тұрақты кәсіп жүргізуге болатынын көрсетіп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау ауыл тұрғындарының ертеңіне сенім ұялатып, елді мекендердің экономикалық дамуына серпін беруде. Бұл – шын мәнінде, ауылдың аманатына айналған бағдарлама.

You may also like

Leave a Comment