Home Агроөнеркәсіп «АЛТЫН КҮЗ»: БӘЙДІБЕКТЕ АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН МАЗМҰНДЫ МЕРЕКЕ ӨТТІ

«АЛТЫН КҮЗ»: БӘЙДІБЕКТЕ АУЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН МАЗМҰНДЫ МЕРЕКЕ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында күздің басты мерекелерінің бірі – «Алтын күз – 2025» атты салтанатты шара кең көлемде аталып өтті. Бұл күн – жыл бойы маңдай терімен еңбек еткен ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен озат еңбеккерлеріне арналған ерекше құрмет күніне айналды. Мереке «Алтын күз – береке мен ырыстың бастауы» деген атаумен өтіп, қатысушыларға мазмұнды бағдарламалар мен жағымды жаңалықтар тарту етті.

Еңбекке тағзым – елге құрмет

Аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев салтанатты шараның шымылдығын ашып, жиналған көпшілікті күз мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының ел экономикасындағы маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті.

— «Ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен маңдай терінің арқасында мол өнім жиналып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түсуде. Бұл – елдің ертеңіне деген сенімімізді нығайтады», – деді Бақыт Қырғызалиев.

Мереке барысында ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек озаттарына арнайы алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – халықтың игілігі жолында тер төгіп жүрген азаматтарға көрсетілген шынайы ризашылық пен лайықты құрметтің айғағы.

Арнайы техникалар тапсырылды

Мерекенің басты жаңалықтарының бірі – ауылдық округтерге заманауи техникалардың табысталуы болды. Бұл бастама ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайту, еңбек өнімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту мақсатын көздейді.

Атап айтқанда: 11 трактор тіркемесі, 3 жүк тиегіш (погрузчик), 1 автокөлік (газель) аудандық мәдениет үйіне тапсырылды.

Бұл техникалар ауыл әкімдіктерінің қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, егін, мал шаруашылығы және ауылішілік шаруаларды тиімді жүргізуге септігін тигізетіні сөзсіз. Мұндай қамқорлық – ауыл тіршілігінің дамуына серпін беретін нақты қадамдардың бірі.

Мәдени бағдарлама – мерекенің сәні

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Өнер ұжымдары мен жеке орындаушылардың әсерлі әндері мен би қойылымдары мерекеге ерекше әр беріп, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық рух пен ауылдың тыныс-тіршілігі көрініс тапқан қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Алтын күз – 2025» мерекесі – тек маусымдық науқанды қорытындылау ғана емес, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін бағалау, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және ауылдық жерлерді қолдау бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстардың көрінісі. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы еңбекке деген құрмет артып, ел болашағына сенім нығая түспек.

Бәйдібектің берекелі күзгі мерекесі – ауылдың гүлдену жолындағы жаңа белеске бастар нышан.

You may also like

Leave a Comment