Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШ АУЫЛДЫҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШ АУЫЛДЫҢ АУЫЗ СУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Daismedia.kz

Республика күні қарсаңында, Ордабасы ауданының Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарында көптен күткен таза ауыз су жүйесі іске қосылды. Бұл маңызды оқиға жергілікті тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болды.

Аталмыш жоба сәуір айында басталып, жалпы құны 222,962 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарын «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған. Жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты. Шара барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, жаңа жобаның маңыздылығын атап өтіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар бұл игі бастамаға қолдау көрсетіп, ауылдарға таза ауыз су жеткізу ісіне ұйытқы болған аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді. Ақсақалдар ақ баталарын берді. Аталған жобаның ауыл тұрғындары үшін үлкен маңызы бар екенін айтты.

Айта кетейік, бұл ауыз су құрылысы – мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған Ордабасы ауданындағы екі әлеуметтік жобаның бірі. Мұндай жобалар аудандағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жобаның сәтті жүзеге асуы, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, халықтың денсаулығына оң әсер етуі күтілуде.

You may also like

Leave a Comment