Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған облыс делегациясы Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында туризм саласына жауапты басқарма мен мекеме басшылары, туристік фирма жетекшілері, қонақ үй өкілдері және осы салаға қатысты азаматтар бар. Мақсат – Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасында туризмді дамыту бойынша келіссөздер жүргізу, әріптестік орнату және тәжірибе алмасу. Алдымен Нұралхан Көшеров Ташкентте Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесіп, әріптестікті нығайту жолдарын талқылады.
– Өзбекстан біз үшін – бауырлас мемлекет. Біздің елдерді ортақ тарих, рухани құндылықтар мен мәдени мұра байланыстырады. Түркістан облысы туризм мен көлік инфрақұрылымын дамытуды Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттары ретінде қарастырады. Біздің өңірдің туристік әлеуеті жоғары: бірегей табиғи ландшафттар, тарихи ескерткіштер, рухани орталықтар мен туристік орындар Өзбекстаннан және өзге елдерден келген қонақтардың қызығушылығын тудырады. Өңірдің басты нысандарының бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі.
Сонымен қатар, облыс аумағында 1 780-нен астам тарих және мәдениет ескерткіші, сондай-ақ, төрт ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімдігі Түркістан мен Өзбекстанның қалалары арасында жаңа тікелей әуе рейстерін ашуды қолдауға дайын. Соның ішінде Түркістан – Үргеніш – Түркістан бағытын іске қосу мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ автокөлік және теміржол қатынасын жақсартуды, туристік бағыттарды дамытуды және туристердің шекарадан ыңғайлы өтуі үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды қамтитын бірлескен көлік-логистикалық жобаларды дамытуға да мүдделіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Илхом Махкамов Өзбекстан үшін Қазақстанның маңызы жоғары екенін айта келе, ұсыныстар назарға алынып, әріптестікті нығайту жұмыстары жанданатынын жеткізді.
