Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Өзбекстан Республикасына жасаған жұмыс сапары жалғасуда. Сапардың басты мақсаты – екі елдің тарихи аймақтары арасындағы ынтымақтастықты арттыру, туризм саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу.
Делегацияның келесі аялдамасы – Хорезм облысы. Мұнда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимовпен ресми кездесу өткізді. Кездесу барысында екі тарап туризм, мәдениет және экономикалық әріптестікті дамыту бағытында нақты бастамаларды талқылады.
– Түркістан мен Хорезм – тарихи және мәдени тұрғыдан тамыры бір, тағдыры ортақ өңірлер. Екі аймақты да бай мұра, дәстүр мен руханият біріктіреді. Бұл жерлерде ұлы өркениеттер өркендеп, атақты ойшылдар мен ғалымдар өмірге келген. Ежелгі Жібек жолы да осы аймақтарды байланыстырып, мәдени және сауда байланыстарының дамуына жол ашқан, – деді Нұралхан Көшеров.
Оның айтуынша, Түркістан облысы бүгінде Орталық Азияның басты туристік орталықтарының бірі саналады. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Бұл киелі орынға жыл сайын 1 миллионнан астам турист пен зияратшы келеді. Сонымен қатар облыс аумағында 1800-ге жуық тарихи және мәдени ескерткіш, 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар.
Өңірде жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Әуе қатынасын жандандыру мақсатында арнайы жеңілдетілген бағдарлама іске қосылған. Осы орайда, әкім Түркістан мен Хиуа арасында тұрақты әуе рейсін ашу бастамасын көтеріп, оның трансшекаралық туризмді дамытуға және бауырлас өңірлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор серпін беретінін атап өтті.
Кездесуде тараптар «Түркістан–Хиуа» бірыңғай туристік бағытын әзірлеу, мәдениет және қолөнер күндерін өткізу, туристік көлік қатынасын күшейту, сондай-ақ аймақтардың брендтерін халықаралық деңгейде ілгерілету мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мәдени байланыстарды нығайту мен туризм саласындағы тәжірибе алмасудың маңызына ерекше назар аударылды.
Журабек Рахимов өз кезегінде Түркістан облысы делегациясына алғысын білдіріп, екі өңір арасындағы өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтеріледі деген сенімін жеткізді.
Сапар барысында түркістандық делегация Хорезм облысының туристік инфрақұрылымымен, тарихи орындарымен және туристік компаниялардың жұмысымен танысты. Тараптар ортақ жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және өңіраралық туризмді дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысына 830 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға көп. Туризм саласындағы мұндай өсім өңірдің халықаралық серіктестікке ашық екенін және жаңа бағыттарды дамытуға дайын екенін көрсетеді.
