Home Агроөнеркәсіп ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АЛМАТЫДА ӨТІП ЖАТҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНЕРКӘСІБІ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ АЛМАТЫДА ӨТІП ЖАТҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНЕРКӘСІБІ» КӨРМЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

Daismedia.kz

Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі салалық шаралардың бірі – 27-ші халықаралық «Азық-түлік өнеркәсібі» көрмесі FoodExpo Qazaqstan 2025 өз жұмысын жалғастыруда. Биылғы көрме ауқымы бұрынғы жылдармен салыстырғанда кеңейіп, Италия, Қытай, Польша, Ресей, Австрия, Малайзия және Корея Республикасы сияқты жетекші мемлекеттердің жүгізуші компаниялары қатысып отыр. Әлемдік азық-түлік индустриясындағы жаңа трендтер мен озық технологиялар осы алаңда ұсынылуда.

Көрменің негізгі мақсаты – өңдеу және тамақ өнеркәсібінің қазіргі даму бағытын айқындау, технологиялық жаңашылдықтарды паш ету, өндірістік жабдықтар, ингредиенттер мен қаптама материалдарын әзірлейтін жетекші брендтермен байланыс орнату. Сонымен қатар, отандық және шетелдік компаниялар үшін әріптестік аясын кеңейтіп, тиімді іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беру де бұл шараның басты міндеттерінің бірі саналады.

Көрме барысында «TURKISTAN INVEST» ЖШС өкілдері бірқатар елдердің ірі кәсіпорындарымен келіссөздер өткізіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырды. Әсіресе өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту, логистика мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелеріне басымдық беріліп, аймақтың шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы кеңінен таныстырылды.

Сонымен қатар малайзиялық Julie’s Manufacturing Sdn Bhd, BodiBasixs Manufacturing Sdn Bhd, Tesomac Sdn Bhd сияқты жетекші өндіріс орындарының басшыларымен іскерлік кездесулер өтті. Тараптар инновациялық технологияларды енгізу, өндіріс тиімділігін арттыру, автоматтандыру жүйелерін жетілдіру және жаңа өнім түрлерін әзірлеу бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Делегация Малайзияның Cape EMS Berhad, Christee Holding Sdn Bhd, GBS, Marrybrown, Lifestyle Venture компанияларының жұмыс тәжірибесімен жеке танысып, олардың өндірістік желілері мен басқару жүйелерін зерделеді.

Форум жұмысына Түркістан облысынан «Bereke Plastic» ЖШС және «Шымкент Бәйтерек» ЖШС компаниялары қатысып, өз өнімдерін ұсынды. «Bereke Plastic» компаниясы Tesomac Sdn Bhd кәсіпорнымен, ал «Шымкент Бәйтерек» компаниясы Julie’s Manufacturing Sdn Bhd кәсіпорнымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа экспорттық бағыттарды ашу, бірлескен өндіріс орнын іске қосу және технология алмасу мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.

Келіссөздер нәтижесінде тараптар ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға ниетті екендерін білдіріп, өңдеу және тамақ өнеркәсібі саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Бұл келісімдер өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Түркістан облысын халықаралық нарықтағы беделді әрі сенімді әріптес ретінде орнықтыра түсетіні күтілуде.

You may also like

Leave a Comment