Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР АРАСЫНДА ТҮРЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР АРАСЫНДА ТҮРЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог қалыптастырылды.
Түркістан қаласында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасында ашық әрі тиімді диалог орнату, сондай-ақ саладағы түйткілді мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Бұл басқосуға Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының мүшелері, қалалық прокуратура, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлік субъектілері және өңірдің аудандық филиал директорлары қатысып, онлайн және офлайн форматтарда өз пікірлерін білдірді. Отырысқа Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салалық кеңесінің төрайымы Махаббат Ислам төрағалық етті. Ал жиынның модераторы қызметін Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зейнеп Амирова атқарды.

Отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе Түркістан облысындағы ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар, тойханалар және қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы болды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге нысандардағы қауіп-қатерлерді атап, қауіпсіздік шараларын арттыру бойынша нақты ұсыныстар берді. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі стандарттары мен талаптарын сақтау кәсіпкерлік нысандар үшін маңызды болып табылатындығы айтылды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексерулер кезінде кездесетін қиындықтар мен нормативтердің түсіндірілуіндегі кейбір олқылықтарды атап өтті. Бұл мәселелердің өзектілігі мен шешілу қажеттілігі басқосуда айқын көрінді. Кәсіпкерлер қауіпсіздік талаптарының орындалуы барысында кездесетін қиындықтарды атап өтіп, олардың оңтайландырылуын сұрады.

Отырыс барысында екінші мәселе ретінде Түркістан қаласы аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың сыртқы маңдайшалар мен көрнекі жазуларына қойылатын жаңа талаптар талқыланды. Қала сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілдері бұл өзгерістер қала келбетін біріздендіру және эстетикалық талаптарға сай келу мақсатында енгізілгендігін түсіндірді.

Алайда, кәсіпкерлер жаңа талаптарды орындату барысында кездесетін қиындықтарға назар аударды. Олар маңдайшаларды орнату рәсімдерінің күрделілігі, келісу мерзімдерінің ұзақтығы, сондай-ақ бұрын орнатылған конструкцияларды ауыстыруға қатысты талаптардың қосымша қаражат жұмсауды қажет ететінін жеткізді. Бұл өзгерістерді енгізу кәсіпкерлерге қаржылық қиындықтар туғызуы мүмкін, сондықтан олар бұл мәселеге қатысты талаптардың жеңілдетілуін немесе қайта қаралуын сұрады.

Отырыс барысында кәсіпкерлердің ұсыныстары хаттамалық шешім ретінде қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болды. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл мәселелерді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өңірлік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиісті органдарға жеткізетіндерін атап өтті.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар салалық Кеңес алаңының кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз ететінін және бұл алаңның шешім қабылдау процесіне қатысушыларға өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Отырыс соңында барлық ұсыныстар қорытындыланып, хаттамалық шешім қабылданды. Бұл шешімдер кәсіпкерлік ортадағы қиындықтарды шешу, қауіпсіздік шараларын күшейту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында маңызды қадам болып саналады.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, салалық мәселелерді шешу және өңірлік кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог пен ынтымақтастықтың маңызы ерекше.

Түркістан облысындағы осындай басқосулар кәсіпкерлік ортаны жақсарту және бизнес өкілдерінің алдында тұрған мәселелерді шешу үшін маңызды алаңға айналып келеді. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс нығайған сайын, өңірдегі бизнес ахуалының жақсаруына ықпал ететін оң шешімдер қабылдана беретіні анық.

You may also like

Leave a Comment