Түркістан облысының Жетісай ауданында ирригациялық жүйелердің тиімді жұмыс істеуі үшін ауқымды тазарту жұмыстары басталды. Бұл шаралардың басты мақсаты – 2026 жылғы суару маусымында суару суын дұрыс жеткізуді қамтамасыз ету және су шаруашылығы нысандарын тиімді пайдалану. Түркістан облысы, Жетісай ауданы аумағында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы жүргізіп жатқан механикалық тазарту жұмыстары бүгінде айтарлықтай нәтиже бере бастаған.
Жетісай ауданында ирригациялық каналдардың ұзындығы жалпы 64,9 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда осы ұзындықтың 29 шақырымы тазартылып, каналдардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралар атқарылуда. Тазалау жұмыстарын жүргізуге арнайы техникалар мен экскаваторлар қолданылады. Техника санының көп болуы тазарту жұмыстарының үзіліссіз әрі сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Тазартылып жатқан каналдардың ішінде ең үлкені – К-21 каналы, оның ұзындығы 18 шақырымды құрайды және үш ауылдық округтағы 18,86 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта осы каналдың 10 шақырымы толық тазартылды, ал тағы 8 шақырымдық бөлігі тазартылып жатыр. Мұнда жұмысты үнемі жүргізіп отырған үш экскаватордың көмегі зор.
Жетісай ауданындағы суармалы жерлердің тағы бір маңызды объектісі – К-34 каналы. Бұл канал жалпы ұзындығы 18,5 шақырымды құрайды және 10 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта оның 4 шақырымы тазартылды. Каналдың тазартылуы нәтижесінде су жеткізу жүйесінің тиімділігі артатын болады, бұл өз кезегінде жергілікті шаруалар үшін үлкен көмек болмақ.
Түркістан филиалының тағы бір маңызды жұмысы – ГНС-1 насос станциясына су беру тұрақтылығын қамтамасыз ету. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін, «Машканал» (машиналық әдіспен су көтеру каналы) бас құрылысын құм мен лайдан тазарту жұмыстары да жүргізілуде. Осы жұмыстарға 5 арнайы техника жұмылдырылып, тазарту процесін 10-15 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, ГНС-1 станциясындағы 8 насос агрегатын жөндеуге дайындық жұмыстары да жүргізілуде.
Жетісай ауданындағы ирригациялық жүйелерді кешенді тазарту жұмыстары тек суарудың тиімділігін арттыру ғана емес, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада суару жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Нұрмұхаммед Ниязбековтың айтуынша, 2026 жылы басталатын суару маусымына дайындық барысында осы тазарту жұмыстарын жүргізу су жеткізу мәселелерін болдырмауға мүмкіндік береді. Бұдан кейін каналдарды жөндеу және бетондау жұмыстары да жоспарланған.
Тазарту жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және олардың уақытында аяқталуын бақылау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары мен ведомстволық бақылаушылар үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Сонымен қатар, министрлік ұсынған жаңа техника мен автокөліктердің белсенді пайдаланылуы да жұмыстың жоғары сапада орындалуына ықпал етеді.
Түркістан облысынДа ирригациялық каналдарды кешенді тазарту жұмыстарының басталуы өңірдің су шаруашылығын жетілдіруге және ауылшаруашылығы саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Су ресурстарының тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығына қажетті су көлемін жеткізу мәселелері бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Бұл шаралар суармалы жерлерді тиімді пайдалану, шаруалардың табысын арттыру және жалпы Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті тірек болмақ.
