Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ТІЛДЕС ЕЛДЕРДІҢ «TURKESTAN BOOK FAIR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТУДЕ

ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ТІЛДЕС ЕЛДЕРДІҢ «TURKESTAN BOOK FAIR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КІТАП КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТУДЕ

Daismedia.kz

Түркістанда түркі тілдес елдердің баспа ұйымдарын, қаламгерлерін, аудармашыларын, әдеби қауым өкілдерін тоғыстырған халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Бұл игі шараны Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырып отыр. Көрменің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен бірге кітап оқуды насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру.

Кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, танымал қаламгер Құлбек Ергебөк, Әзербайжан баспалар бірлестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Шәміл Садық, ақын, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қатысып, түркі елдерінің рухани бірлігін нығайтып, ортақ құндылықтарды насихаттауда бұл шараның алар орны айрықша екеніне тоқталды.

– Түркістан – сан ғасырлық тарихтың, руханият пен мәдениеттің алтын ордасы. Бүгінде бұл шаһар тек еліміздің ғана емес, күллі Түркі жұртының рухани жауһары ретінде дамып келеді. Қазіргі дамыған заманда кітаптың қоғамдағы рөлі ерекше айқындалып келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуді тапсырған болатын. Осы бағытта өңірдегі 388 кітапхана биылдың өзінде 380 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетті. Жыл басынан бері 31 мыңнан астам жаңа кітап алынып, жалпы кітап қоры 6 миллионнан асты. Оқырманды тарту үшін әдеби кештер, іс-шаралар өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

Бүгінгі көрме – тек баспа өнімдерінің жәрмеңкесі емес, әдебиет пен білімнің жаңа көпірін салатын маңызды мәдени оқиға. Түркі елдерінің танымал баспалары мен еліміздің маңдайалды ұжымдарының қатысуы – бүгінгі шараның маңыздылығын арттырып отыр. Жәрмеңке аясында өткізілетін таныстырылымдар, авторлармен жүздесулер – бауырлас елдердің байланысын арттырады, – деген облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы іс-шараның қасиетті қалада өтуіне себеп болған ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымына, қарымды қаламгерлерге алғысын білдірді.

Түркістанның ерекше мәртебе алуына орай ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесіне Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Қазақстан елдерінен баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және полиграфиялық өнімдерін ұсынатын 50-ге жуық компания қатысуда.

Көрменің ашылу рәсімінен кейін, жиналған қауым кітап көрмесін тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Turkestan Book Fair» түркі әлемінің рухани және мәдени байланысын нығайтуға, түркі елдерінің әдеби мұрасын кеңінен танытуға, баспагерлер авторлар мен мәдени ұйымдар арасында ынтымақтастық алаңын құруға бағытталған. Аталған іс-шара аясында түркі тілдес елдердің баспаларының кітаптарына арналған арнайы экспозиция ұйымдастырылуда.

«Turkestan Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкесі үш күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, автормен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі. Атап айтар болсақ, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының «Ләйлі-Мәжін» дастанының, қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романының, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» атты тарихи-деректі жаңа романының, «Саха поэзиясының антологиясы» кітабының, М.Әуезов күнделіктерінің, «Тәрбие танымдары» кітабының тұсаукесерлері және жазушы Аягүл Мантайды еске алу кеші өтеді. Сондай-ақ жәрмеңкеде белгілі қаламгер Баянғали Әлімжанов, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы және басқа да авторлармен кездесу кешіне қатысып, қолтаңбасын алуға, кез келген кітапты баспа бағасымен сатып алуға болады.

Көрмеге «КітапХан» жобасының негізін қалаушы Хамит Ердехан қатысып, көрме алаңында подкаст форматында Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы талқыланады.

Түркістанның мәдени және рухани маңызы күннен-күнге артып келеді. Бұл қала тек Қазақстанның емес, бүкіл Түркі әлемінің алтын ордасына айналған. Түркістанда өтіп жатқан халықаралық кітап көрмесі осындай үлкен мәдени дәстүрді одан әрі дамытуға бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған бастамалары аясында мұндай шаралардың өткізілуі өте маңызды болып табылады.

Айта кетсек, «Turkestan Book Fair» көрме-жәрмеңкесі 28 қарашаға дейін «Конгресс Холл» кешенінде жалғасады. Осы уақыт ішінде көптеген қызықты іс-шаралар мен кітап тұсаукесерлері өткізіліп, түркі тілдес елдердің мәдениеті мен әдебиетін кеңінен танытуға мүмкіндік беріледі. Мұндай шаралар түркі халықтарының рухани және мәдени бірлігін нығайтуға, сондай-ақ әдебиет саласында ынтымақтастықты арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

You may also like

Leave a Comment