Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» агроөнеркәсіптік көрмесі мен салтанатты іс-шарасында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан үздік аудан және қала әкімдері марапатталды. Шара Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың қатысуымен өтті.
Бұл іс-шара облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін атап өтуге және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға үлес қосқан басшыларды ынталандыруға бағытталды. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген аудан әкімдері мен қала басшылары Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың арнайы дипломдарымен марапатталды.
1-орын: Отырар ауданы
Отырар ауданы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін 135,6%-ға арттырып, көшбасшы атанды. Бұл нәтижеге ауданның тұрақты және тиімді жұмыс істеуінің арқасында қол жеткізілді. Аудан әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы өзінің басқаруындағы ауданның осы жетістігі үшін облыс әкімінен марапат алды.
2-орын: Арыс қаласы
Арыс қаласы да ауыл шаруашылығы өнімін арттыруда үлкен жетістікке жетіп, жалпы өнім көлемін 118,9%-ға ұлғайтты. Бұл көрсеткіш қала әкімі Маңқараев Қайсар Зәкірұлының қажырлы еңбегінің нәтижесі ретінде бағаланып, ол 2-орынмен марапатталды. Арыс қаласы аграрлық сектордағы жетістіктерін тағы бір рет дәлелдеп отыр.
3-орын: Созақ ауданы
Созақ ауданы жалпы өнім көлемін 106,7%-ға арттырып, облысымыздағы аграрлық сектордың тағы бір табысты ауданын танытты. Аудан әкімі Тұрысбеков Мұхит Сексенбайұлы осы жетістігі үшін марапатталды.
Бұл марапаттар Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының даму жолындағы маңызды кезеңін көрсетеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде: «Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының экономикалық дамуына негіз қалаушы салалардың бірі. Біз осы салада одан әрі өркендеуді көздеп, ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейту және экспортты арттыруға бар күшімізді салудамыз», – деп атап өтті.
Жалпы, «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» шарасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығының болашақтағы әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
