Алматы қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Елдің 20 аймағынан келген таңдаулы спортшылардың басын қосқан додада мықтылар анықталып, еліміздің күрес спортындағы жаңа белсенділер мен талантты балуандар өз шеберліктерін дәлелдеді.
Чемпионат барысында Түркістан облысының балуандары ерекше көзге түсті. Әсіресе әйелдер күресінде өңірдің спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Команданың қоржынына жалпы 9 медаль түсті: оның ішінде 2 алтын, 2 күміс және 5 қола. Бұл жетістік Түркістан облысының күрес спортының дамып келе жатқанын және жергілікті спортшылардың әлемдік деңгейдегі жарыстарға дайын екенін айқындады.
Жеке нәтиже төмендегідей:
Алтын жүлде иегерлері:
Өмірбек Шұғыла – 55 кг, 1-орын
Раймова Нилуфар – 57 кг, 1-орын
Күміс жүлдегерлер:
Аман Мадина – 59 кг, 2-орын
Тастанбек Шәмшиябану – 72 кг, 2-орын
Қола жүлдегерлер:
Марқашева Аяжан – 53 кг, 3-орын
Искандарова Жасмин – 62 кг, 3-орын
Өсербай Гүлдана – 65 кг, 3-орын
Эламас Зейнеп – 72 кг, 3-орын
Таспамбетова Балжан – 76 кг, 3-орын
Бұл тамаша нәтиженің арқасында Түркістан облысы жалпы командалық есепте 1-орынға ие болып, республикалық деңгейде өзінің көшбасшылығын дәлелдеді.
Спортшылар мен олардың бапкерлерінің қажырлы еңбегі, жүйелі дайындықтары мен жігерлілігі осы жетістіктердің басты кепілі болды. Сонымен қатар, облыстың күрес мектебі мен спорт инфрақұрылымының дамуы, жас балуандарға қолайлы жағдай жасау Түркістанның күрес спорты бойынша республикалық деңгейде алдыңғы қатарға шығуына септігін тигізіп отыр.
Қазақ күрес өнері дәстүрімен ерекшеленетін өңірдің бұл жеңісі тек қана спорттық көрсеткіш емес, сонымен қатар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаудың тамаша үлгісі болып табылады.
Түркістан облысының балуандарының табысы – тек бүгінгі күннің жетістігі ғана емес, алдағы уақытта халықаралық ареналарда еліміздің атын биікке көтеретін жаңа чемпиондардың пайда болатынының сенімді белгісі.
